Қарағандыда жарылыс болған 16 қабатты үй толығымен электр қуатынан ажыратылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда жарылыс болған 16-қабатты үй толығымен электр қуатынан ажыратылды. Оқиға орнында құтқарушылар мен сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Қарағанды қаласы әкімінің міндетін атқарушы көпқабатты үйдегі жағдай туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда жарылыс болған 16 қабатты үй толығымен электр қуатынан ажыратылды

«Эвакуация толығымен жүргізілді. Барлық 126 пәтер тұрғындары эвакуацияланады. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы, сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Көпқабатты үй толығымен электр қуатынан ажыратылды. Бірақ үйде жылу бар. Сараптама жұмысын аяқтағаннан кейін, біз адамдардың үйлеріне оралуы мәселесін ойластырамыз. Пәтерлерге оралғысы келетіндер қайтып оралады. Қазіргі уақытта 7 пәтердің тұрғындары университеттің жатақханасына орналастырылды. Адамдардың бір бөлігі жылыту пунктінде – автобустар мен кезекші вахта көлігіне орналасты. Сондай-ақ, автобустарда ыстық тамақ ұйымдастырылды», - деді Қарағанды қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мейрам Кожухов.

Ол сондай-ақ іргелес пәтерлердің жай-күйі туралы түсіндірді.

Мейрам Кожуховтың айтуынша, жарылыс болған пәтерден төменгі пәтерлер зардап шеккен. Бірақ олар өрттен емес, судан зардап шекті. Сараптама аяқталғаннан кейін билік бұл пәтерлерді қалпына келтіру мәселесін шешеді.

Еске сала кетейік, 10 қаңтар күні сағат 21:29-да Қарағанды қаласында Республика даңғылы, 18/2 бойында өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. 16 қабатты бір кіреберісті 127 пәтерлі тұрғын үйдің 8-ші қабатындағы пәтерде жалпы алаңы 30 шаршы метр аумақ жанды.

1979 жылы туған ер адам жанып жатқан пәтердің балконынан құлап, медициналық мекемеге жеткізілді.

Тексеру барысында үш адамның денесі табылды (болжам бойынша екі ер адам мен әйел).

Сондай-ақ, Қарағанды облысының ТЖД басшылығы газ жарылысы расталмағанын хабарлады. Оқиға орнында газ құрылғылары табылмаған.