Қарақалпақстанда динозаврдың сүйегі табылды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қарақалпақстанда шамамен 70 миллион жыл бұрын өмір сүрген динозаврдың сүйегі табылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
                                              Ежелгі жануардың қалдықтары Қарақалпақстандағы Сұлтан Уәйіс тауының аймағынан анықталды. Ол жерде Қарақалпақ мемлекеттік университеті мен Өзбекстан мемлекеттік геологиялық мұражайының ғалымдары экспедиция жүргізді. Археологтардың мәліметінше, аталған орыннан динозаврдың омыртқа және жіліншік сүйектері табылған.
— Табылған қалдықтар Мезозой дәуірінің Бор кезеңіне тиісілі болуы мүмкін. Қазіргі уақытта халықаралық сарапшыларды тарта отырып, зерттеу жүргізіп жатырмыз, — деді «Oʻzbekiston 24» телеарнасына сұхбат берген Өзбекстан мемлекеттік геологиялық мұражайының директоры Ахмаджон Ахмедшаев.
Еске салайық, таяуда Қызылорда облысында динозаврдың сүйегі табылғанын жазып едік.
Сондай-ақ, былтыр Тәжікстанда 85 миллион жыл бұрын өмір сүрген динозаврдың қалдықтары табылды.