Қарақат, Қымбат және Сымбат: Атырауда үшем дүниеге келді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облыстық перинаталдық орталығында 29 жастағы келіншек 6 ақпан күні үш қызды дүниеге әкелді. Бүгін ана мен кішкентайлар перзентханадан шықты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәрестелердің салмағы 1 келі 921 грамм, 2 келі 275 грамм және 2 келі 204 грамм. Бойлары 44–45 сантиметр аралығында.
Бұған дейін отбасында бір ұл және екі қыз тәрбиеленіп келген. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта ана мен балалардың жағдайы жақсы.
— Басында таң қалдық. Кейін дайындыққа кірістік. Жүктілік жеңіл, жақсы өтті. Балаларымның арасы 1 минуттан. Оларға Қарақат, Қымбат және Сымбат деген есімдер қойдық, — деді көпбалалы ана Әселхан Кеңесова.
Айта кетейік, Атырау облысында үшемдердің дүниеге келуі сирек кездеседі. Соңғы рет мұндай жағдай 2024 жылы тіркелген. Сол жылы екі отбасы осындай қуанышқа кенелген.
Бұдан бұрын Шымкентте жыл басынан бері екінші үшем дүниеге келгенін жазған едік.