Қаракөлдегі құс тұмауы мен көлге төгілген қалдық судың арасында байланыс жоқ - эколог

АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысындағы Қаракөлде аққулардың қырылуы қаңтар айының соңына таман бәсеңдеп, қазіргі уақытта барлығы толастаған. Қаракөлдегі жағдай тұрақты екені бұған дейін белгілі болды. 

 Қаракөлде
Фото: Маңғыстау облыстық Экология департаменті

Дегенмен, өткен жылдың желтоқсан айының соңына таман аққулардың жаппай қырылуынан кейін Ақтаудағы Rixos Aktau қонақүйінен Қаракөлге қалдық су жіберіп отырған қонақүйге қомақты айыппұл салынған соң құбыр жүйесі жұмысын біржола тоқтатты. Қазір көлдегі ахуалдың қандай жағдайда екеніне қатысты ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов әлі де зерттеу жүруі тиіс деп санайды. 

«Қаракөлде құстардың өлімі тоқтағанына біраз уақыттың жүзі болды. Оның себебі ретінде құс тұмауынан екені анықталды. Дегенмен, құс тұмауы мен Rixos Aktau қонақүйінің арасында тікелей байланыс жоқ. Ол ұзақ мерзім бойы зерттеуді қажет етеді. Тұрақты мониторинг жүргізіліп тұруы тиіс. Қаракөл суының химиялық құрамы зерттеліп, апта сайын үзбей су алынып, нәтижелері айтылуы керек. Қорытынды жұртшылыққа қолжетімді болса, бәрі анық көрініп тұрар еді. Бір жыл бойы тұрақты зерттелгенде ғана екі жағдайдың өзара байланысын анықтауға болады. Себебі, қазір көлге құйылған қалдық судан құс тұмауы пайда болды деп ешкім айта алмайды. Сонымен қатар тек Rixos Aktau қонақүйі ғана емес, Қаракөлдің жағалауында 50-ге тарта демалыс базалары бар деп естиміз. Солардың барлығын жіті тексеруді ұмытпау керек», - деді эколог Әділбек Қозыбақов.

Құстардың жаппай қырылуынан кейін өңірде үй құстарын егу жұмыстары жүргізілген. 

«Маңғыстау облысы бойынша үй құстары арасында ЖПҚТ тіркелген жоқ. Профилактикалық жылдық жоспарға сәйкес 6 000 және жабайы аққулардан ЖПҚТ анықталуына байланысты 6 957 бас үй құстары егілді», - деді Маңғыстау облыстық ветеринария басқарсының басшысы Бердібек Мархабаев.

Осыған дейін Маңғыстау облысы Қаракөл көлін мекендеген аққулардың жаппай қырылуына қалдық судың төгілуі себеп болуы мүмкін деген болжам айтылған еді. 

Кейін облыстық экология департаменті Қаракөл көліне ағынды су төгу фактісі бойынша Rixos Water World Aktau-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізетінін мәлімдеді.

Ал тексеру қорытындысы бойынша Rixos қонақүйіне қомақты айыппұл салынды. Сондай-ақ көлде қырылған аққулар саны 1200-ден асып, олардың өлексесін жою жұмыстары жылжылмалы крематорий арқылы жүзеге асырылды.

Соңғы жаңалықтар