Қаратөбе аудандық іс-шаралар жоспарына енгізілген мәселелер шешімін табуда - әкімдер есебі

Аудан әкімі өз есебінде атап өткеніндей, аудандық іс-шаралар жоспарына енгізілген негізгі мәселелер шешімін таба бермек. Айталық, өткен жылы Жымпиты-Қаратөбе-Қарақамыс автожолының 11,5 шақырым бөлігі 796 млн. теңгеге күрделі жөнделді. Биыл бұл жолды қайта жаңғырту мен күрделі жөндеуге 844 млн. астам теңге қарастырылып отыр.
Аудан орталығы Қаратөбе ауылішілік су құбырын қайта жаңғырту жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып, БҚО құрылыс басқармасына берілді. Бұл 2014 жылдың жоспарына енгізіліп, жер асты су қорының көлемін анықтайтын сараптама қорытындысына сәйкес республикалық бюджеттен қаржы бөлінетін болады. Үшағаш, Соналы ауылдарына ауыз су құбырын тару 2014-2015 жылдарға жоспарланды. Егіндікөл ауылындағы құрылысы аяқталмаған ауыз құбырын жүргізуге бюджеттен бөлінген 29 млн. теңге толық игеріліп, 2012 жылдың желтоқсан айында іске қосылды.
Егіндікөл, Мұхит орта мектептерін күрделі жөндеу 2013 жылдың бюджетін нақтылау кезінде ескерілетін болса, Қоржын мәдениет үйін күрделі жөндеуге 35 млн. теңге бөлінді.
Аудан әкімдігі мал шаруашылығын дамытуға, әсіресе, мал тұқымын асылдандыруға ерекше көңіл бөліп келеді. «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес 2012 жылы шаруалар 19,7 млн. теңгеге 106 бас аналық мал сатып алды. Сондай-ақ ірі қара малын көбейту мақсатында шаруа қожалықтарына 58,343 млн. теңге демеуқаржы берілді.
«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес ауданда жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Мәселен, республикалық бюджеттен өткен жылы әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға 13,569 млн. теңге берілсе, жастар тәжірибесін ұйымдастыруға 11,15 млн. теңге жұмсалды. Өз кәсібін бастаушылар үшін 30 несие серіктестігі арқылы 150 млн. теңге берілді.
Есептік кездесуге қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткен жылғы еліміз қол жеткізген табыстар, сондай-ақ өңірде атқарылған жұмыстарды да қысқаша әңгімелеп өтті. Аграрлық, тұрғын үй салаларына, "Ақбұлақ" бағдарламаларына тоқталды. Облыс халқының көгілдір отынды пайдаланып отырған үлесі 86 пайызға жеткен. Білім саласында да көптеген істер тындырылды. 12 апатты жағдайдағы мектептің қазіргі таңда алтауы ғана қалды. Облыстағы жалғыз үш ауысымды мектеп - Жәнібек ауданының Қамысты ауылында. Онда жаңа мектеп мамыр айында пайдалануға берілгенде, бұл мәселе де шешіледі. «Бұл аудан мал өсіруге қолайлы. Бірақ мал басы есеп бойынша бір тұрғынға екеуден де келмейді. Толық жағдай да, үлкен қолдау да бар. Несие серіктестіктерін құрып, мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет» деп облыс басшысы аудан басшылығына сын айтып, тапсырмалар да жүктеді. Аудан әкімінің есебі мен әкімнің жұмысына халықтың берген бағасын тыңдаған өңір басшысы ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.