Қарин: Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру — қоғамның ортақ жауапкершілігі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесі қайта назарға ілікті. Бұл ретте мемлекет тиісті жағдайды жасап жатыр, енді басты міндет — қоғамның өзінде. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Ерлан Қарин
Фото: Ақорда

Ерлан Қарин «Жас Алаш» газетінде көтерілген кітап оқу деңгейіне қатысты материалға пікір білдірді. Ол көтерілген мәселе шынында да өзекті екенін баса айтты.

— Жуырда «Жас Алаш» газетінде жарияланған бір материалға көзім түсті. Тақырыбы — «Кітап оқымайтын қоғам: Жалған статистикаға жасырынған шындық». Талқыға баспагер Шыңғыс Мұқан, жазушы-баспагер Арман Әлменбет, кітапхана қызметкері Айдос Бектұрсын үн қосыпты. Көтерілген мәселе шынында да өзекті, — деп жазды мемлекеттік кеңесші.

Қариннің айтуынша, жастарды әлеуметтік желілердің ықпалынан шығарып, кітап оқуға баулу — қоғамның ортақ жауапкершілігі. «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы — кітап оқу», — деген Мемлекет басшысының сөзін мысал еткен ол мемлекет ешкімді мәжбүрлей алмайтынын, бірақ қажетті жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтті.

— Мемлекет ешкімді кітап оқуға міндеттей алмайды. Мемлекеттің міндеті — осыған негіз болатын алғышарттарды жасау. Яғни, оқырманның қажеттілігін өтейтін кітаптар басып шығару, шетелдің үздік туындыларын аудару, оқуға қолайлы жағдай жасау, оқу-білімді насихаттау, ынталандыру, — деді ол.

Соңғы жылдары кітап оқуды ынталандыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Президент бастамасымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді. «Балалар кітапханасы» және «Кітап-Amanat» жобалары іске қосылды.

— Әрбір қазақстандық оқуға тиіс 100 кітаптың тізімі айқындалды. Алматыдағы бірнеше кітапхана 24/7 жұмыс режиміне көшті. Сонымен қатар Президент идеясы бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхананың құрылысы басталмақ. Қазіргі таңда қоғамдық кітапханаларда 72 миллионнан астам құжат бар. Биылдың өзінде олардың қоры жаңадан 1 029 568 баспа өнімімен толықты. Электронды қор 2,2 миллионнан асады. Онлайн оқу платформалары да белсенді жұмыс істейді, — деді мемлекеттік кеңесші.

Қарин атап өткендей, мемлекет тарапынан жағдай жасалғанымен, ендігі маңызды міндет — қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және үлгі болатын оқырмандар ортасын қалыптастыру.

Бұдан бұрын мемлекеттік кеңесші білім беру мекемелерінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру жөнінде жиын өткізгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар