Кароль Навроцкий Польша президенті қызметіне кірісті

АСТАНА. KAZINFORM — Польша президенті сайлауында жеңіске жеткен Кароль Навроцкий ел президенті қызметіне ресми түрде кірісті, деп хабарлайды ТАСС.

Кароль Навроцкий
Фото: Kazinform

Оның инаугурациясы сәрсенбі, 6 тамыз күні Сеймнің (парламенттің төменгі палатасы) жалпы отырыс залында өтті. Салтанатты рәсімді TVP Info телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.

Конституцияға сәйкес Навроцкий Ұлттық жиналыс — Сейм мен Сенат депутаттары алдында ант берді. 

Инаугурацияны ұйымдастыруға жауапты Сейм спикері Шимон Холовня Кароль Тадеуш Навроцкий Польша Республикасының президенті қызметіне Ұлттық жиналыс алдында ант бергенін растады.

Дәстүр бойынша инаугурацияға Сейм мен Сенат депутаттары, үкімет мүшелері (соның ішінде премьер-министр Дональд Туск), дін өкілдері, қарулы күштер мен түрлі елдердің дипломаттары қатысты. Іс-шараға Польша Республикасының экс-президенті (1990–1995), Нобель сыйлығының лауреаты Лех Валенса келмеді. Алайда салтанатты жиында Навроцкийге қарама-қарсы саяси лагерь өкілдері болған бұрынғы екі президент — Александер Квасьневский (1995–2005) және Бронислав Коморовский (2010–2015) қатысты.

Оппозициялық «Құқық пен әділеттік» партиясының қолдауымен кандидатурасы ұсынылған Навроцкий Польшада 18 мамыр мен 1 маусым күндері өткен екі турлық президент сайлауында жеңіске жетті. Екінші турда оны сайлаушылардың 50,89 пайызы қолдады.

Ал билеуші «Азаматтық коалициядан» кандидат, Варшава мэрі Рафал Тшасковский 49,11 пайыз дауыс жинады. Билеуші коалицияның кейбір өкілдері дауыстарды санау кезінде заң бұзушылықтар болды деп, барлық учаскеде нәтижелерді қайта есептеуді талап етті.

Польшада президент сайлауы әр бес жыл сайын өтеді. Бір адам бұл жоғары лауазымды қатарынан екі мерзімнен артық атқара алмайды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы сайлауда жеңіске жеткен Польша президентіне құттықтау жеделхатын жолдады.

Соңғы жаңалықтар