Қартың — қазынаң: Қытайда зейнетақы қалай жинақталады

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай туу көрсеткішінің төмендеп, қарттар санының артуы кезеңіне тап болды. Дәл осы жайтқа байланысты зейнетақымен қамту мәселесінің де өзекті бола түскені анық. Ал ел жеке зейнетақы жүйесін дамыту үшін не істеп жатыр? Бұл жайында толығырақ білгіңіз келсе Kazinform агенттігі шолушысының материалына көз жүгіртіңіз. 

Қартың — қазынаң: Қытайда зейнетақы қалай жинақталады
Коллаж: Kazinform

Елдегі 3 тұрғынның біреуі зейнеткер

Қытай ұзақ жыл бойы әлемдегі халқы ең көп елдердің көшін бастап келді. Алайда, 2023 жылы Үндістан халық саны бойынша алдыңғы орынға шықты. Өткен жылы Қытайдағы халық саны 1,104 млрд адам болып, жыл ішінде 1,39 млн адамға азайды.

Халық санының кемуі өзге де сын-тегеуірінмен қатар жүріп келеді — шау тартқан халық саны артуы және өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы. БҰҰ жіктеуіне сәйкес, мемлекеттің қартаю кезеңіне өтуі азаматтар санының 7 пайызы 65 және одан жоғары жасқа жеткен сәттен басталады. Ал Қытай бұл шектен сонау 2000 жылы-ақ өтіп кеткен еді.

Ширек ғасырдың ішінде бұл көрсеткіш еселеніп, 2024 жылдың соңында 15,6 пайызға жетті. 2035 жылға қарай 22,8 пайызға, ал 2050 жылға қарай 30,92 пайызға артады деген болжам да бар. Сол уақытта елдегі халықтың үштен бірін зейнеткерлер құрамақ.

Сонау 1950 жылдан бергі алғашқы демографиялық өзгеріске жауап ретінде Қытай зейнеткерлікке шығу жасын көтеруді қолға алды, 15 жылдың ішінде ерлер үшін зейнетке шығу 60-тан 63 жасқа, әйелдер үшін 50-ден 58 жасқа және өндірісте жұмыс істейтіндер үшін 50-ден 55 жасқа дейін ұлғайтылмақ. Ал елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 78,6 жас.

Бүгінде қытайлық зейнеткер орташа есеппен айына 3 мыңнан 5 500 юаньға (410-750 доллар) дейін зейнетақы алады. Төлем мөлшері өңірдің халық саны мен экономикалық дамуына, сонымен қатар орталық бюджеттен қолдануға байланысты ауытқып тұрады. Айталық, Шанхай мен Бейжіңде шау тартқанда 5 200 юань (720 доллар) жәрдемақыға үміт артсаң, Цзилинь мен Хунань өлкелерінде 3 100 юаньға (430 доллар) ғана өмір сүруіңе тура келеді.

Қартың — қазынаң: Қытайда зейнетақы қалай жинақталады
Фото: pixabay.com

Қартайғанда қамсыз өмір сүру үшін қазір қамдан

Осыдан 3 жыл бұрын Қытай зейнетақы моделінің «үшінші тірегі» деп аталатын дербес зейнетақы жинағы жүйесін енгізе бастады. Бұл салыстырмалы түрде алғанда мемлекеттік базалық төлем мен жұмыс берушінің жарнасынан тұратын қолданыстағы екі деңгейлі зейнетақы жүйесін толықтыруға бағытталған ерікті сақтандырудың жаңа түрі.

ҚХР еңбек ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру вице-министрі Ли Чжунның атап өтуінше, аталған жүйені енгізу қолданыстағы зейнетақы бағдарламасын толықтыруға және зейнетақы қаражатының қосымша қорын жасауға бағытталған.

«Үшінші тірек» үшін нормативтік база алғаш рет 2022 жылдың сәуірінде әзірленді және ҚХР Мемлекеттік кеңесі жария еткен «Жеке зейнетақы жинағы жүйесін дамытуға жердемдесу туралы пікір» делінген құжатта түсіндірілген болатын. Қытайда қалыптасқан рәсімге сәйкес, алдымен жоба ілкі режимде 36 қала мен өңірде іске қосылып, ал 2024 жылдың желтоқсанында өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін бүкіл елге тарала бастады.

Аталған жүйе іске қосылған сәттен бастап 72,79 млн адам оның қатысушысы ретінде тіркелді. Олардың басым бөлігі 30-40 жасқа толған азаматтар. Дегенмен бұл жүйені белсенді пайдаланушылар саны әзірше 28,7 пайыз ғана болып отыр.

Қартың – қазынаң: Қытайда зейнетақы қалай жинақталады
Фото: freepik

Қытайдағы жеке зейнетақы жинағының ерекшелігі

Бекітілген талаптарға сәйкес, жеке зейнетақы жинағының жүйесіне ҚХР-дың базалық мемлекеттік зейнетақысы көзделген азаматтар ғана қатыса алады.

Әрбір қатысушы жыл сайын 23 коммерциялық банктің бірінде 12 000 юаньнан (шамамен 1 650 доллар) аспайтын соманы арнайы зейнетақы шотына жинай алады. Бұл қаражат азаматтардың салық аударымдарының жалпы сомасынан шегеріледі.

Жеке зейнетақы шотында жатқан қаражатты салымшы индекстік қорларды, мемлекеттік облигацияларды және басқа да активтерді қоса алғандағы инвестициялық өнімдердің белгілі бір тізбесіне дербес инвестициялауға құқылы. 2025 жылдың сәуірінде бұл тізім 1 014 атауға дейін кеңейтілді.

Қаржы мекемесі өз тарапынан есепшот иелеріне белгілі бір қаржы құралдарын сатып алу кезіндегі тәуекел деңгейі туралы хабарлауға, инвестициялық артықшылықтарға және қатысушының жасына байланысты қолайлы өнімдерді ұсынуға, сондай-ақ әдепкі қалпы бойынша инвестициялық қызметті ұсынуға тиіс.

Айтпақшы, жеке зейнетақы жинақтарын зейнеткерлік жасқа дейін заңмен белгіленген және белгілі бір қажеттіліктерге ғана мерзімінен бұрын алуға болады. Мемлекет бекіткен негіздемелер тізіміне еңбекке қабілеттілігін толықтай жоғалту, басқа елге тұрақты тұру үшін қоныс аудару, ауыр ауруды емдеу, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу немесе ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі көмек кіреді.

Қартың – қазынаң: Қытайда зейнетақы қалай жинақталады
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Қазақстан мен Қытай зейнетақы жинағындағы ұқсастықтар

Қазақстан мен Қытай зейнетақы жүйесінің «үшінші тірегі» ұқсас ерекшеліктермен қатар елеулі айырмашылықтарға да ие. Елімізде ерікті зейнетақы жарналарының тарихы ұзағырақ және бастауын 1998 жылдан алады. 2025 жылы қазақстандықтардың ерікті зейнетақы жарнасы бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны 439 582 болды.

Екі елде де салымшылардың қаражаты қаржы құралдарын инвестициялауға бағытталады. Алайда, оларды әртүрлі құрылымдар басқарады: Қытайда бұл — банктер, Қазақстанда — негізінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқару жөніндегі жеке компаниялар. Халықтың жүйеге қатысуын ынталандыру үшін мемлекет салықтық жеңілдіктер ұсынады.

Ерікті жинақтарды мерзімінен бұрын алу негіздемелерінде де белгілі бір айырмашылықтар бар. Қазақстанда ол — елу жасқа толу, мүгедектік, шетелге тұрақты тұруға кету және зейнетақы жүйесінде кемінде бес жыл ерікті зейнетақы жинақтаушы болу. Қытайдағы тізімнің жекелеген ережелерін, оның ішінде еңбекке жарамдылықтың толық жоғалуы, ауыр дімкәстік және жұмыссыздық бойынша жәрдемақыларды біздің жүйеге де бейімдеуге болар еді.

Қазақстандық модельдің айрықша ерекшелігі — неғұрлым икемді тәсілі. Онда салымшы жарналардың сомасын дербес айқындайды. Ал Қытайда жылдық лимит белгіленген. Қазақстандықтар елу жастан бастап зейнетақы жинақтарын алуға, ал қытай халқы зейнеткерлік жасқа жеткенде ғана үміт арта алады.

Ерікті зейнетақы бағдарламаларының тәжірибесі мен жекелеген элементтерін өзара алу екі мемлекеттің зейнетақы жүйесінің «үшінші тірегін» неғұрлым икемді және әлеуметтік бағдарланған жасай алады.

Айта кетелік Қытайда Қазақстанның мәдени орталығын ашу жұмысы басталғаны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар