Қарттар үйіне келгенде үлкендер ішқұса болады – әлеуметтік орталық қызметкері

Ақтөбедегі №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 201 тұрғын бар. Олардың 120-сы зейнеткер болса, өзгесі І және ІІ топ мүгедегі. ҚазАқпарат тілшісі күрделі жөндеу жасалған орталықтың тұрғындарымен кездесіп, хал-жағдайын сұрап келді.

Қарттар үйіне келгенде үлкендер құса болады –  әлеуметтік орталық қызметкері
Фото: Алтынай Сағындықова/ҚазАқпарат ХАА

Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектер мекендейтін екі қабатты ғимарат 1973 жылы салынған. Әр жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, 2021 жылы бюджеттен 700 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, шатыры ауыстырылды, қасбеті қапталып, ішкі әрлеу жүргізілді. Қазіргі кезде мәжіліс залы, асханасы жаңа кейіпке енген. Сонымен бірге кітапхана, түрлі сауықтыру, емдеу бөлмелері, мамандардың кабинеттері мен психологтің арнайы бөлмесі жаңарды.

«Біздегі асхана 120 орындық. Алдымен І-ІІ топ мүгедектері, кейін қарттарымыз тамақтанады. Мерекелік тағам ретінде бірінші тағамға борщ, екінші асқа манты дайындап жатыр. Салат, жемістен банан мен апельсин бар. Сонымен бірге кітапханамыз жаңарды. Мұнда 7 мыңнан астам кітап қоры бар. Үлкендеріміз кітапты көп оқиды. Бұрыннан келе жатқан кітаптармен қатар демеушілер әкеліп берген жаңа туындылар сөреде тұр. Жөндеу жұмысы кезінде жиһаздары жасалып, өрт сөндіру жүйесі жаңарды, - деді «№ 1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары​ Сәулехан Күнтілеуова.

Мұнда негізінен 18 жастан асқан, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар жандар мен зейнеткерлер келіп, тұрақты немесе уақытша тұрады. Алдымен жергілікті жұмыспен қамту бөлімінен жолдама алады, әкімдіктен қаулы шығады. 

қарттар
Фото: Алтынай Сағындықова/ҚазАқпарат ХАА

«Үйден де, бейімдеу орталығынан да келеді. Көбінің үйі жоқ, күйі жоқ. Кейбірінің балалары шетелде тұрады. Кейбірінің бір-біріне жағдай жасауға мүмкіндігі болмай келеді. Ата-анасы 80-де болса, өзі 60-та болуы мүмкін. Ондайда бәріне күтім керек. Ал шетелде тұратындары кейде ақша салып жібереді. Германия, Ресейде тұратын балалары ақша салса, қымбат дүниелеріне, кейде дәрісіне жұмсайды. Тағы бір айта кететін жайт, жаңадан келген адамдар 14 күн карантинде жатады. Кейін өзге тұрғындардың қатарына қосамыз. Үш айдан кейін олардың қолына кіріп-шығу үшін құжат береміз. Тұрғындар арыз жазып, үш күннен бір айға дейін туыстарының, жақындарының үйіне сұранады. Онда да өзі жүріп-тұра алатындары барады. Той, садақаға да жіберіп тұрамыз. Кейбірі баласына барып, немересін көргісі келеді. Кейбірінің жолдасы қайтқан болса, бейітінің басына баруға сұранады», - деді Сәулехан Күнтілеуова.

Оның айтуынша, мұнда сан түрлі тағдыр тоғысқан. Әйелі қайтыс болып, өзі инсульт алған ер адамды қазір орталық қызметкерлері бағып-қағып отыр. Ал мектеп жасында анасынан айырылған екі баласы қазір ер жетіп, 19-20 жасқа келген. Екеуі де әкесіне келіп, жағдайын сұрап тұрады. Дегенмен қамқорлығына алып кету үшін баспана керек. 

Қарттар үйі
Фото: Алтынай Сағындықова/ҚазАқпарат ХАА

«Мұнда бала-шағасы бар адамдар да кездеседі. Бірақ көбі жалғызбасты. Бізге келген кісілер жастық шағында бала-шағасын тастап, қалдырып кеткен. Балаларымен араласпай қалған. Жақында бір ағай о дүниелік болып кетті. 70 жастан асқан аға 8 айлығында қызын, отбасын тастап кеткен. Бала анасымен қалған. Хәл үстінде жатқанда біз ағаның қызын тауып​ бердік. 35 жыл көрмеген. Алғаш хабарласқанымызда «өмірімде әкемді көрген жоқпын, ештеңе дей алмаймын» деген еді. Бірақ телефонмен сөйлесті. Қанша дегенмен қыз бала ғой... «Апай, келейін деп едім. Келіп, көрсем бола ма?» деп сұрады. Жатқан кісі. Кіргіздік. Екеуі кездесті. Әкесі еміс-еміс біледі. Бірақ қызы мүлде көрмеген. Көрді, әкесі батасын берді. «Дауысын естімей қаламын ба деп едім» деді. Дауысын естіді. Қызы әкесін көріп кетті. Әкесі шүкіршілігін айтты. Сөйтіп арманын орындадық. Тағы бір оқиға бар. Жасы 70-тен асқан кісі қызын 28 жыл көрмеген. Жақында қызы келіп кетті. Биыл тұрмысқа шығайын деп жатыр. Тойына бар деп айтып отырмыз. Мұндағы қарияларымыз арланады, намыстанады. Сондықтан көпшілікке көрінгісі келмейді. Олармен психолог жұмыс істейді. Алғашқы күндері тамақ ішпей, жатып қалады. Құса болады, қиналады. Ауырады, зауқы болмайды. Кетемін деп айтады. Үйіне, тумаларына хабарласады. Мінез-құлқы өзгереді. Қайда келдім? Не істеп жүрмін? Осы сұрақтарды қояды. Бірақ бәрі өз еркімен келеді. Ешкім күштеп әкелмейді», - дейді «№ 1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары​ Сәулехан Күнтілеуова.

Орталықта бұрын істі болған, жазасын өтеген тұрғындар да бар. Бірақ бәрі ортақ ережеге бағынады. Ішімдік ішуге болмайды. Ішкі бақылау инспекторы мұны қадағалайды.

Тұрғын әрі жұмысшы

Орталықта 160-қа жуық адам жұмыс істейді. Ағаш егу, гүл күтімі, тазалық жұмыстарына тұрғындар да атсалысып, көмектеседі. Солардың бірі – Сейсенғали Әуезов. Ол Шалқар ауданының тумасы. Бұрын мал бақты, теміржолда еңбек етті. 

Қарттар үйі
Фото: Алтынай Сағындықова/ҚазАқпарат ХАА

«Мұнда былтыр келдім. Қазан айында бір жыл толады. Жақсы, шүкір. Басшыларға рақмет, тамағымыз көп, көйлегім көк. Жақындарым бар. Өз отбасың болмаған соң қиын екен. Бала-шаға жоқ. Ағайым қайтыс болған соң осында келдім. Мұнда жұмыс та істеймін. Гүл суарамын. Таңертеңнен түске дейін далада жүремін. Жеңіл жұмыс. Ағаш, гүл суару мен үшін тынығу, дене жаттығуы сияқты», - дейді ол.

Сәрсенғали Әуезовтің айтуынша, биыл аулаға жылыжай салынған. Алғаш рет түрлі дәмдеуіш шөп егілді. Келер жылы тағы да күтімін жалғастырады.

Тұрақты ем алуыма көмектесті – Марияш Брекешова

Марияш Брекешова – Хромтау ауданы Мағаджан ауылының тумасы. Қарттар үйіне 8 жыл бұрын келген. Обыр дертіне шалдыққан қария үнемі дәрігерлерге қаралып, ем алу үшін осы орталық ыңғайлы болғанын айтты. 

Қарттар үйі
Фото: Алтынай Сағындықова/ҚазАқпарат ХАА

«Менің бір қызым бар. Өзім ауырып қалып, обыр дерті анықталды. Ал қызым жұмыста, маған қарай алмайды. Ауруханаға бару, ем қабылдау қиын болған соң шешім қабылдадым. Алғашында ренжіді. Кейін үйренді. Анда-санда келіп тұрады. Ал өзім бара алмаймын. Ештеңеге зауқым соқпай қалып еді. «Жата берме» деген соң, шұлық тоқып отырмын. Оны балалар үйіне жібереді. Қазір жағдайым жақсы, ризамын. Тағамы уақытымен. Апта сайын төсек жабдығын ауыстырамыз. Теледидар көремін, кино қараймыз. Жаңалықтар да көреміз», - дейді ол.

Қой бағып жүріп, саусақтарымды үсірдім – Орал Қосыбекова

Орал Қосыбекова №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 2016 жылы келген. Ал 2018 жылы бұзақылық жасап, шығып кеткен. Арада бір жыл өткенде қайта оралып, қазір осында тұрып​ жатыр. 

Қарттар үйі
Фото: Алтынай Сағындықова/ҚазАқпарат ХАА

«Қолым 2014 жылы үсіп кетті. Темір ауданының Бәшенкөл, Қожасай деген ауылдарында мал бақтым. Түстен кейін мал жаюға шығып, содан мені төрт күннен соң тапты. Аяғымды шөптің арасына тыға бергенмін. Ал қолым қап-қара болып кетті. Кір деп ойлап жүрсем, үсіп кеткен екен. Екі қолымның бас бармағы ғана қалды. 2015 жылы әлеуметтік бейімдеу орталығы бар екенін естідім. Сол жерден құжаттарымды жасаттым. Бір жылдан астам уақыт сонда жатып, 2016 жылы осында келдім. Қазір бәрі жақсы. ​ Осында келген соң ғана жағдайым жақсы болды. Бәрі бауырына тартып жатыр. Оған дейін қатты қиналдым. Әр жерге қонатын едім», - дейді Орал Қосыбекова.

Ол бос отырмайды. Мәдени іс-шараларға белсенді қатысып, ән айтады. Моншақ тізеді. Алғашында қолы икемге келмей қиналғанымен, бәрін табандылығының арқасында жеңді.

Төсек тартып жатыр, жүріп кеттім – Кенжалы Досмағамбетов

Ал Кенжалы Досмағамбетов қарттар үйіне арбаға сүйеніп келген. Екі аяғы бастырмай, қатты қиналды. Тіпті, қайта аяққа тұрамын деп ойламаған, тек армандаған. 

Қарттар үйі
Фото: Алтынай Сағындықова/ҚазАқпарат ХАА

«Туып-өскен жерім Қобда ауданы Терісаққан ауылы. Жасым 71-де. Осында келгеніме 4 жыл болды. Мұнда келген уақытта жүре алмадым. Төрт операциядан өттім. 9 айдың ішінде аяғымнан тұрдым. Басшылары, дәрігерлер көмектесті. Қазір жақсы. Өзім жүремін», - дейді ол.

Зейнеткер спортпен шұғылданады, аула ішін сыпыруға көмектеседі. Қолөнер бөлмесіне де барады. 

Қарттар үйі
Фото: Алтынай Сағындықова/ҚазАқпарат ХАА

«Төсек тартып жатқан кезде қайта тұрамын деп ойламадым. Бірақ армандадым. Арманыма жеттім. Осындағы адамдардың көп пайдасы тиді. Қазір тек бір таяққа сүйенемін», - дейді Кенжалы Досмағамбетов.

Орталық тұрғындары күн сайын сағат 10:00-12:00, 16:00-18:00 аралығында келушілермен кездесе алады. Ол үшін арнайы бөлме қарастырылған. Дәрігерлер ем-шара жүргізсе, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер күңіл күйін аулап, қолқабыс етеді. Шаштараз бөлмесінің қызметі де тегін. Алдағы уақытта мұнда модульді монша салынады. 

Қарттар үйі
Фото: Алтынай Сағындықова/ҚазАқпарат ХАА
Қарттар үйі
Фото: Алтынай Сағындықова/ҚазАқпарат ХАА

 

Соңғы жаңалықтар