Қарттық пен жер тапшылығы: Қытайда жерлеу рәсіміне қатысты ереже өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай билігі қайтыс болған адамның мүрдесін бос тұрған пәтерлерде сақтауға тыйым салды. Бұрын адамдар жер қымбат болғандықтан қомақты ақша төлемеу үшін, пәтерді рәсімдік залға айналдырып, туыстарының мәйітін сонда сақтап келген. Бұл туралы The Guardian басылымы жазды. 

Қарттық пен жер тапшылығы: Қытайда адам жерлеу ережесі өзгерді
Фото: ЕРА

Бейітке балама

«Жерлеу пәтерлері» — бұл бос тұрған пәтерлерді отбасы бақилық болған жақындарын еске алу орнына айналдыру тәжірибесі. Онда сүйектерді орналастырып, пәтерді әулеттік киелі орынға айналдырады.

Бұл тәжірибе урбанизацияның жылдам дамуы және халықтың қартаюы салдарынан кең таралған, өйткені зиратқа арналған жер үшін бәсеке күшейген.

2020 жылы SunLife сақтандыру компаниясының жүргізген жаһандық зерттеуіне сәйкес, Қытай жерлеу рәсіміне кететін шығын бойынша Жапониядан кейін екінші орында тұр.

Сонымен қатар, 2021–2025 жылдар аралығында жылжымайтын мүлік бағасы шамамен 40%-ға төмендеген, бұл Си Цзиньпиннің «жылжымайтын мүлік спекуляция үшін емес, тұру үшін арналған» атты науқанының нәтижесі болса керек.

Қарттық пен жер тапшылығы: Қытайда адам жерлеу ережесі өзгерді
Фото: ЕРА

Қытайда бейітке арналған жерлер тек 20 жылға жалға беріледі, ал тұрғын үйлерге мемлекет кепілдік беріп 70 жылға пайдалану құқығын береді. Сол себептен, көптеген қытайлықтар пәтерді сүйек сақтау үшін зиратқа қарағанда тиімдірек деп есептейді.

Жерлеу — тұрғын үйден де қымбат

BBC жазғандай, Пекинде зираттың бағасы 10 000 юаньдан (шамамен 690 000 теңге) 200 000 юаньға дейін (шамамен 13,8 млн теңге) өзгереді.

Жерлеу рәсімі де қымбатқа түседі. SunLife зерттеуіне сәйкес, 2020 жылы жерлеу рәсімі орташа жалақының жартысын құраған. Қытай бұл көрсеткіш бойынша әлемде Жапониядан кейін екінші орында.

Мұндай тыйым Цинмин мерекесінен бірнеше күн бұрын енгізілді. Бұл мереке туыстардың қабірлерін ретке келтіріп, ритуалдық сыйлықтар жасау күні ретінде аталады.

Weibo (Қытайдағы X аналогы) желісінде тыйымға байланысты хэштег 7 миллионнан астам рет қаралды, пайдаланушылар бұл шараға күмәнмен қарайтынын олар қалдырған пікірден аңғаруға болады.

Бір қолданушы: «Кім тексереді? Әлде әр урнаға GPS қоя ма?» деп жазса, екінші қолданушы «90% жеңілдік берілген күннің өзінде зират тым қымбат» деп жазба қалдырған.

Қартаю мәселесі мен балама шешімдер

Қытайда халықтың қартаюы жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі. 2025 жылы 11,3 миллион адам қайтыс болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 9,8 миллионға жеткен, ал сол жылы 7,9 миллион адам дүниеге келген.

Өлгендердің саны артып, жер шектеулі болғандықтан, Шанхай сияқты ірі қалалар билігі «экологиялық жерлеу әдістеріне» шығындарды субсидиялайды. Бұған терең жерлеу немесе кремациядан кейін қалдықтарды теңізге тастау сияқты әдістер кіреді.

2025 жылы Шанхайда теңізге жерлеу рекордтық деңгейге жетіп, алғаш рет 10 000 жағдайдан асты.

Бұған дейін Қытай 5 жыл ішінде өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттыруды мақсат етіп отырғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар