Қаруды рұқсатсыз сатып алу: қауіп арта ма, мүмкіндік кеңейе ме
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қуаты мен калибрі шектеулі пневматикалық қаруды ішкі істер органдарының рұқсатынсыз сатып алуға рұқсат беретін заңнамалық өзгеріс күшіне енді. Бұл жаңалық бір жағынан рәсімдерді оңтайландырып, спортты дамытуға серпін берсе, екінші жағынан қоғамдық қауіпсіздік пен бақылауға қатысты түрлі пікір тудырып отыр.

Қандай қаруды рұқсатсыз сатып алуға болады?
Қазақстанда азаматтық қару айналымы туралы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, ел азаматтары белгілі бір спорттық пневматикалық қару түрлерін ішкі істер органдарының рұқсатынсыз сатып ала алады. Нақтырақ айтқанда, қуаты 7,5 джоульден аспайтын және калибрі 4,5 мм-ге дейінгі пневматикалық қаруларды 18 жасқа толған азаматтар заңды түрде иелене алады.

Пневматикалық қаруға қолжетімділікті жеңілдету – азаматтардың құқықтарын кеңейтіп, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен рәсімдерді оңтайландыруды көздейтін бастама. Алайда бұл өзгерістің қоғамдық қауіпсіздікке ықтимал әсері жөнінде түрлі пікір бар.
Ішкі істер органдарының ардагері Бағлан Казбековтің айтуынша, заңдағы өзгерістер қоғамдық тәртіпке тікелей қауіп төндірмейді.
– Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – рәсімдерді жеңілдету. Бірақ бұл қаруға кез келген адамның қол жеткізе алатынын білдірмейді. Қару арнайы лицензияланған дүкендерде ғана сатылады. Ал сатып алушыдан міндетті түрде соттылығының жоқтығы туралы анықтама, психиатриялық және наркологиялық диспансерлерден алынған медициналық қорытындылар, сондай-ақ қаруды қауіпсіз қолдану жөніндегі курсты аяқтағанын растайтын құжат сұралады. Сондықтан бұл қоғамдық қауіпсіздікке зиян келтіреді деу – асығыс тұжырым, – дейді ол.

Сондай-ақ бұл ретте жастардың пайдалы әрі мақсатты іспен айналысуына жол ашылатынын алға тартады. Ату спортына баулуға, олардың әскери-патриоттық рухын нығайтуға ықпал етпек. Себебі, пневматикалық қару құрылымы жағынан әскери үлгідегі қаруға ұқсас болғандықтан, әсіресе әскери борышын өтеуге дайындалып жүрген жастарға нақты тәжірибе беруге жақсы.
– Жастар виртуалды кеңістіктегі атыс ойындарын ойнағанша, спорттық негізде нақты машық қалыптастырғаны әлдеқайда пайдалы. Бұл – болашақ Олимпиада чемпиондарының қатарын толықтыруға сеп болуы ықтимал, – деп пайымдайды ардагер маман.
Қаруды қайда пайдалануға болады?
Заңнамаға сәйкес, спорттық пневматикалық қаруды тек арнайы жабдықталған спорт нысандарында пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл – атыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алуға бағытталған шара. Ал белгіленбеген жерде пневматикалық қаруды қолданған азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 485-бабы негізінде 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Қаруды сату мен есепке алу қалай бақыланады?
Қазақстанда қару сататын дүкендер мен мекемелер арнайы лицензия алуға міндетті. Бұл – қаруды заңды түрде сатуға және есепке алуға берілетін ресми рұқсат. Лицензиясыз қару сатуға қатаң түрде тыйым салынған.
Қару сатылған кезде әрбір қару міндетті түрде тіркеуден өтеді. Сатушы сатып алынған қару туралы ақпаратты арнайы журналға немесе электрондық жүйеге енгізеді. Онда қарудың түрі, калибрі, сатып алушының жеке деректері және сатып алу күні көрсетіледі. Бұл құжаттар 10 жыл бойы сақталуы тиіс. Ұзақ мерзімді тіркеу – қару айналымын бақылау мен қажет жағдайда нақты иесін анықтау үшін маңызды құрал.
Сонымен қатар, қару сататын дүкендер полицияның тұрақты бақылауында болады. Тоқсан сайын жергілікті полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, есептік құжаттардың дұрыстығын және сату рәсімдерінің заңға сәйкестігін қадағалайды. Ережелерді бұзған мекемелерге 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталанған немесе өрескел бұзушылық жағдайында лицензия уақытша тоқтатылады немесе толық қайтарылады.
Бұл талаптардың тек қағаз жүзінде қалмай, шынайы түрде орындалатынын Бағлан Казбеков те растайды.
– Қару сатушыларға қойылатын талаптар нақты және жүйелі түрде бақыланады. Олар жылына 4 рет тексеруден өтеді. Жергілікті полиция бұл процесті тұрақты қадағалап отырса, олардың өздері министрлік деңгейінде бақылауға алынады. Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда қару айналымына бақылау әлдеқайда қатаң, – дейді ол.
Ресми түрде «рұқсатсыз» деп көрсетілген пневматикалық қару сату іс жүзінде әкімшілік сүзгіден өтеді. Қаруды сатып алушы соттылығының жоқтығын, психиатриялық және наркологиялық есепте тұрмайтынын, сондай-ақ қауіпсіздік курсынан өткенін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.
– Бұл өзгеріс азаматтарға жеңілдік беру сияқты көрінгенімен, шын мәнінде ол қатаң сүзгіден өткен азаматтарға ғана қатысты. Сондықтан бұл қадам қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндірмейді, – деп түйіндеді Бағлан Казбеков.
Қызметкерлерге қандай жеңілдік бар?
Азаматтық қару иелену тәртібіне енгізілген өзгерістер әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне бірқатар жеңілдік қарастырады. Атап айтқанда, бұл санаттағы азаматтар қару сатып алу кезінде психиатриялық және наркологиялық диспансерлерден анықтама, сондай-ақ қауіпсіздік курсынан өткенін растайтын құжат тапсырудан босатылады.

Жалпы алғанда, қарапайым азаматтарға мұндай қаруды сатып алу үшін бірқатар медициналық және оқу талаптарынан өту міндеттелсе, арнайы мәртебелі тұлғалар бұл процесті жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асыра алады. Себебі олар жыл сайынғы профилактикалық медициналық тексерулерден өтіп, кәсіби міндеттері аясында қару қолдануға қатысты арнайы дайындықтан өтеді. Осыған байланысты бұл қызметкерлер ішкі істер органдарына жеке медициналық құжат емес, өз мекемесінің кадр бөлімінен берілетін ресми анықтама ғана ұсынады. Бұл құжат олардың атқаратын қызметі, денсаулығының жарамдылығы және кезекті тексеруден өткені туралы мәліметті қамтиды.
Осы орайда сала ардагері Бағлан Казбеков бұл өзгерісті орынды деп есептейді. Оның айтуынша, арнайы қызмет өкілдері қару қолдану тәртібі мен ережелерін кәсіби деңгейде меңгерген және қауіпсіздік қағидаларын жүйелі түрде пысықтап отырады.
– Бұл азаматтар жыл сайын медициналық тексеруден өтіп, қарумен жұмыс істеу дағдыларын тұрақты жетілдіріп отырады. Олардың кәсібилігі мен қызметтік міндеттері қару қолдануға деген дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан бұл санаттағы тұлғалар үшін процесті жеңілдету – қауіпсіздік тұрғысынан қисынды әрі негізделген шешім, – дейді.
Заң бұзғандарға қандай жауапкершілік қарастырылған?
Қазақстан заңнамасы азаматтық және спорттық қару айналымына қатысты нақты және қатаң шектеулер белгілейді. Бұл — елдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі.
Қару сақтау, пайдалану және сату кезінде талап етілетін тәртіп бұзылған жағдайда, азаматтар мен заңды тұлғалар түрлі жауапкершілікке тартылады.
Мәселен, спорттық пневматикалық қаруды арнайы рұқсат етілмеген жерде қолданған жағдайда, азаматқа 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл - заңда бекітілген қауіпсіздік тетігі.
Ал қару дүкендері тарапынан есепке алу немесе құжат жүргізу тәртібі бұзылса, 50 АЕК айыппұл салынып, тіпті лицензиясы уақытша тоқтатылуы немесе толықтай қайтарылуы мүмкін.

Бұдан да күрделі құқықбұзушылық - қаруды заңсыз сақтау немесе оны тіркеусіз тасымалдау. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жаза ғана емес, Қылмыстық кодекске сәйкес жаза қарастырылған. Тиісті талаптар орындалмаған жағдайда, қаруды заңсыз иемдену немесе сату әрекеттері азаматты бас бостандығын шектеуге дейінгі жазаға итермелеуі мүмкін. Алайда заңнамада азаматтарды ынталандыруға бағытталған ізгілік қағидасы да бар. Егер азамат өз еркімен заңсыз сақталған қаруын ішкі істер органдарына өткізсе және ол қару өзге құқықбұзушылықтарда пайдаланылмаған болса, онда бұл азамат әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершіліктен босатылады. Бұл – қару иелерін заңды жолмен әрекет етуге үндейтін құқықтық мүмкіндік.
Осы орайда ардагер полицей бұл талаптардың қоғам қауіпсіздігіне оң ықпал ететініне сенімді екенін білдірді.
– Пневматикалық қаруды тек 18 жасқа толған азаматтар ғана сатып ала алады. Оның үстіне қару сату тек лицензияланған дүкендерде жүзеге асады және әрбір қару нақты тіркеуге алынады. Сондықтан бұл жерде бақылаусыздық туралы айтуға негіз жоқ, – дейді Бағлан Казбеков.
Оның пайымынша, қару айналымын тіркеу мен есепке алудың нақты жүйесі және заңнамалық талаптарды орындамағандарға қатысты қолданылатын жаза – қауіпсіздік стандарттарының сақталуына кепіл бола алады.

Әлем елдеріндегі пневматикалық қаруды реттеу тәжірибесі
Пневматикалық қаруды иелену мен қолдану мәселесіне қатысты халықаралық тәжірибе әр елдің қауіпсіздік саясаты мен құқықтық мәдениетіне байланысты өзгешеленеді. Бұл салада азаматтарға белгілі бір дәрежеде еркіндік бере отырып, бақылау мен жауапкершілік жүйесін қатар үйлестіру – кең таралған тәсіл.
Германия – Еуропада пневматикалық қаруға қатысты талаптары қатаң елдердің бірі. Мұнда қуаты 7,5 джоульден аспайтын пневматикалық қаруды 18 жасқа толған азаматтар ешқандай рұқсатсыз сатып ала алады. Алайда мұндай қарудың сыртына «F» таңбасы қойылуы міндетті, бұл оның заңды екенін көрсетеді. Ал қуаты жоғары үлгілер үшін міндетті түрде лицензия қажет. Сонымен бірге, Германияда қоғамдық орындарда қарумен жүруге қатаң тыйым салынған.
Польшада азаматтар қуаты 17 джоульге дейінгі пневматикалық қаруды кедергісіз иелене алады. Дегенмен, бұл қаруды тек жеке аумақтарда немесе арнайы спорттық алаңдарда қолдану керек. Бұл елде де қауіпсіздікке баса мән беріледі: қоғамдық орында қарумен жүру – заң бұзушылық болып есептеледі.
АҚШ-та пневматикалық қаруға қатысты талаптар әр штатта әртүрлі. Кейбір штаттарда бұл қару түрі ойыншық ретінде қарастырылып, сатылымда шектеу жоқ. Алайда Нью-Йорк, Нью-Джерси, Калифорния сынды штаттарда жас шектеуі мен тіркеу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар, ел көлемінде мектеп пен қоғамдық мекемелер маңында қару қолдануға тыйым салынған.
Ұлыбританияда пневматикалық қару иеленуге рұқсат етілген, бірақ нақты шектеулермен. Қуаты 12 фут-паундтан (шамамен 16,2 джоуль) аспайтын үлгілер үшін рұқсат қажет емес, ал жоғары қуатты қаруларға лицензия міндетті. Сондай-ақ кәмелет жасына толмағандарға қару сатуға және беруге қатаң тыйым салынған.