Кәсіби адалдық пен тұрақтылық символы: Qarmet энергетиктері құрметке бөленді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Энергетика — өндіріс пен өңірлік экономиканың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Энергетиктер күні қарсаңында осы жауапты бағытта жылlfh бойы табанды еңбек еткен Qarmet компаниясының мамандары мемлекеттік және өңірлік наградалармен марапатталды.

Кәсіби адалдық пен тұрақтылық символы: Qarmet энергетиктері құрметке бөленді
Фото: Энергетика министрлігі

Энергетиктер күні кәсіби мерекесі қарсаңында Qarmet компаниясының бірқатар қызметкерлері еліміздің энергетика саласын дамытуға және өндірістік инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін жоғары марапаттарға ие болды. Мемлекеттік және өңірлік деңгейде көрсетілген бұл құрмет сала мамандарының күнделікті, көбіне көзге көріне бермейтін еңбегінің маңызын айқындай түсті.

Марапатталғандардың қатарында Qarmet компаниясына қарасты «Энергоуголь» өндірістік басқармасының электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электрмонтері Қанат Жылқашинов бар. Ол отандық энергетиканың дамуына қосқан зор үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды. Жоғары награданы Мемлекет басшысының атынан Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов салтанатты түрде табыстады.

Энергетики компании Qarmet удостоены государственных наград
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қанат Сабетханұлы — энергетика саласында 40 жылдан астам уақыт үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ұзақ жылдар бойы ол жауапкершілігімен, терең техникалық білімімен және кәсібіне деген адалдығымен ерекшеленіп, әріптестері арасында абырой-беделге ие болды. Оның еңбегі көмір өндіру кәсіпорындарындағы энергетикалық жүйелердің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуіне тікелей ықпал етіп келеді.

— Мен энергетика саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Қазіргі таңда Qarmet компаниясында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шахталарда позициялау жүйесі іске қосылып, үлкен көлемдегі жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, көмір өндіру нысандарының бүкіл энергетикалық бөлігін тұрақты түрде бақылап, қызмет көрсетіп отырамыз. Мемлекеттің еңбегімізді ескеріп, марапаттауы — біз үшін зор мәртебе, — деді Қанат Жылқашинов.

Кәсіби адалдық пен тұрақтылық символы: Qarmet энергетиктері құрметке бөленді
Фото: Энергетика министрлігі

Осы күні Қарағанды облысы әкімдігінде өткен салтанатты жиында Qarmet компаниясының Бас энергетик бөлімі қызметкері Вячеслав Барашкинге Қарағанды облысының Құрмет грамотасы табысталды. Бұл марапат адал еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі және өңірдің энергетика секторының сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге қосқан сүбелі үлесі үшін берілді.

Вячеслав Барашкиннің айтуынша, биылғы жыл Qarmet тарихындағы маңызды кезеңдердің бірімен есте қалды. Компанияда бірнеше буын энергетиктері мен металлургтері көптен бері армандаған ірі жоба жүзеге асырылды.

— Кәсіби мерекеміз — Энергетиктер күні қарсаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан жеке еңбек үлесім үшін Қарағанды облысының Құрмет грамотасын алу мен үшін үлкен абырой. Биыл біз әріптестерімізбен бірге энергетиктер мен металлургтердің бірнеше буыны аңсаған істі жүзеге асырып, кәсіпорында табиғи газды пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз еттік. Қазіргі уақытта комбинатты газдандырудың бірінші кезеңі толық аяқталды, алда екінші және үшінші кезеңдер тұр. Qarmet үшін стратегиялық маңызы зор бұл іске өз үлесімді қосқаныма мақтанамын, — деді ол.

Qarmet компаниясында энергетиктердің еңбегі өндірістің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі ретінде бағаланады. Компания басшылығы сала мамандарының кәсібилігі мен жауапкершілігі ірі өндірістік жобаларды табысты іске асыруға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтеді.

Qarmet компаниясы барша энергетик әріптестерін лайықты марапаттарымен және кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, оларға мықты денсаулық, толағай табыс және жаңа кәсіби жетістіктер тілейді.

Соңғы жаңалықтар