Қашаған операторы ӨБК туралы сұраққа жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» ЖШС (NCOC) басқарушы директоры Джанкарло Рую Өнімді бөлу туралы келісімді (ӨБК) Қазақстан үшін тиімді шарттармен ұзарту мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді.

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Солтүстік Каспий (Қашаған) жобасы бойынша елішілік құндылықты дамыту және отандық өндірушілерді қолдау мәселесін қарады. Онда депутат Бақытжан Базарбек Джанкарло Руюға ӨБК туралы сұрақ қойды.
− Сіз Үкіметпен ӨБК шарттарын өзгерту туралы келіссөздер жүргізуге дайынсыз ба? Әсіресе, қазір жаңа Салық кодексі қарастырылып жатыр, ал Президент ӨБК шарттарын қайта қарауды, соның ішінде Қазақстанға төленетін төлемдерді көбейту туралы айтқан еді, − деп сұрады депутат.
Өз жауабында Джанкарло Рую NCOC операторы ӨБК-ні талқылау мен оған қол қоюға қатыспайтынын, өйткені бұл мәселе акционерлер мен мемлекеттің құзыретіне кіретінін айтты.
− Мен бұл сұрақтан қашқым келмейді, бірақ NCOC ӨБК бөлігі болып саналмайды. Себебі ол – акционерлер мен мемлекет арасында жасалған келісім. Сондықтан бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Заңды тұрғыда біз акционерлер мен Үкімет арасындағы келіссөздерге қатыспаймыз, − деді ол.
Өз кезегінде Бақытжан Базарбек компания басшылығы бұл мәселеге түсініктеме беруі керегін айтып, жазбаша сауал жолдайтынын айтты.
− Сіз NCOC атынан келіп отырсыз, сіз − NCOC басшысысыз. Бұл сұраққа жауап алу үшін акционерлерді шақырудың қажеті жоқ. Мемлекеттік органдар алдында сіз NCOC-тың ресми өкілісіз, Парламент Мәжілісіне NCOC басшысы ретінде шақырдық. Сондықтан бұл сұраққа жауап беруге құзыретіңіз бар. Осыны назарда ұстаңыз. Мен сізге ресми түрде жазбаша сауал жолдаймын, − деді депутат.
Бұған дейін Джанкарло Рую Қашаған кен орнындағы компания жұмысы туралы айтып берген еді.
Сондай-ақ, ірі мұнай-газ жобаларында отандық тауарлар мен қызметтерге басымдық беріледі.