Қасым-Жомарт Тоқаев Mercedes-Benz Group басшысымен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Mercedes-Benz Group компаниясының басқарма төрағасы Ола Каллениуспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

президент
Фото: Ақорда

«Mercedes-Benz маркасы жоғары сапасымен әлемге танымал. Ол біздің елімізде ерекше бағаланады. Компания Германиядағы, Қытайдағы және Мажарстандағы зауыттарын жаңғыртуға ауқымды инвестиция құйған. Автомобиль құрастыру өнеркәсібі Қазақстанда да белсенді дамып келеді. Қазіргі таңда елімізде әлемге танымал General Electric, General Motors, Chevrolet брендтері, сондай-ақ корейлік және қытайлық компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент былтыр Қазақстанда өндірілген автомобильдер саны 100 мыңнан асып, 28 пайызға ұлғайғанын атап өтті. Экспорт екі есе өсіп, 3,8 миллиард долларға жеткен.

«Біз сіздің компанияның Қазақстан нарығына ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқанын оң бағалаймыз. Егер алдағы уақыттағы серіктестік туралы қандай да бір ұсыныстар немесе мәселелер босла, тыңдауға дайынбыз. Бүгінгі кездесуге Үкіметтің түрлі салаға жауап беретін өкілдері де қатысып отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ола Каллениус Қазақстан Президентіне Berlin Global Dialogue форумына арнайы келгені үшін алғыс білдірді.

«Рахмет, Президент мырза. Mercedes-Benz өкілдерімен кездесуге уақыт бөлгеніңіз үшін, сондай-ақ Berlin Global Dialogue форумына қатысу үшін арнайы келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған бизнесмендер мен саясаткерлердің басын қосып, әлемдегі мол мүмкіндіктерді талқылайтын жаңа алаң. Еліміздің жоғары әлеуетін ескере отырып, Қазақстанның келешегі зор нарық екеніне ешқандай шүбәміз жоқ. Қазақстан тарапымен бұған дейін бас дистрибьюторлық келісім жасадық», - деді О. Каллениус.

 

Осыған дейін Қазақстан мен Германия Президенттері көпжақты ынтымақтастықты нығайта түсуге уағдаласқаны туралы жаздық.

Еске салсақ, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары басталды.

Президент Германия Канцлері Олаф Шольцтің ведомствосына барып, бетпе-бет форматында келіссөз жүргізді.

Келіссөздерден кейін тілшілерге берген баспасөз мәслихатында Президент Қазақстанның Ресеймен екіжақты тарапта және тиісті интеграциялық бірлестіктер шеңберінде тұрақты достық қарым-қатынаста екенін айтты.

Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымы жөнінде пікір білдірді. Өзара айыптауларды тоқтатып, іскерлік келіссөздер жүргізуге шақырды.

Қазақстан мен Германияның ірі және орта бизнестері арасында маңызды коммерциялық келісімдер бекітілді.

Мемлекет басшысы Германияның Федералдық канцлерімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президент жүргізілген келіссөздер қазақ-герман қатынастарын одан әрі нығайтуға екі тараптың ниетті екенін тағы да растағанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар