Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға сапарын қорытындылады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына сапары аяқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Мемлекет басшысын Анкара әуежайынан Түркия Республикасының Сауда министрі Омер Болат және басқа да ресми тұлғалар шығарып салды.
Еске сала кетейік, 28 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барды.
Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өткен болатын.
Қос ел Мемлекет басшылары келіссөз жүргізіп, Президент қонақжайлық танытқаны үшін Түркия Президентіне алғыс айтып, әріптесі мен барша түрік халқын ұлттық мереке — Республика күнімен құттықтады. Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растады.
Мемлекеттер басшылары мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Ал кеше Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу үшін «Кулие» сарайына барды.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысып, сөз сөйлеген болатын.