Кәсіпкерлікке бет бұрған жастар тәуекелшіл келеді - Жеделбек Мырзағалиев

«Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы үлкен мен кішіге бірдей қолдау көрсетеді. Бағдарлама 2010 жылдан бері жүздеген ақтөбелік кәсіпкердің жұмысын жүргізді. Мәселен, пайыздық үстемеақыны субсидиялау бағыты бойынша 700 келісімшартқа қол қойылып, құны 94 миллиард теңгенің жобасына қолдау көрсетілген. Ал биыл құны 5,5 миллиард теңге болатын 85 жоба іске асырылып жатыр. Кепілдендіру бағыты бойынша 225 жоба мақұлданды. Биыл құны 1 миллард теңгенің 31 жобасы кепілдендірілді. Яғни, екінші деңгейлі банктен несие алған кәсіпкерге сенім артып, мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Қазіргі уақытта Ақтөбе «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда еліміз бойынша алдыңғы қатарда келеді.
«Біз 1 теңге берсек, кәсіпкерлер қаржыны 6 теңге етіп қайтарады. Яғни, субсидиялау бағыты бойынша 8 миллиард теңге берілді, кәсіпорындар мемлекетке 50 миллиард теңге салық төледі. Биыл жыл басынан бері 740 мың теңге субсидия беріліп, өңдеу өнеркәсібі саласы 5 миллиард теңге салық төледі. Бұл кәсіпкерге де, мемлекетке де тиімді бағдарлама. Әрі халық тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген, жаңа бос орындар ашылып жатыр. Бағдарлама аясында барлығы 23 мың жұмыс орнын сақтап қалып, 7 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік алдық. Өңірде ауыл шаруашылығының өңдеу саласы, өнеркәсіп, құрылыс индустриясы жақсы дамыған»,- деді «Даму» Қоры» АҚ Ақтөбе облыстық филиал директоры Жеделбек Мырзағалиев.
Ақтөбеге арналған екі жоба - «Кең дала» және «Жас старт». Екеуі де ауыл адамдарының бизнесті бастауына көмектеседі әрі жастарға басымдық берілген. Мүмкіндікті қалт жібермеген ақтөбелік жастар «Даму» қоры мен Ақтөбе облысының әкімдігі бірлесе бөлген қаржыға 90 жобаны іске асырды.
«Өткен жылы 900 миллион бөлінсе, биыл 1 миллиард теңге игеріліп жатыр. Негізінен жастарда тәжірибе жоқ, олар тәуекелге көп барады. Бір жағынан оларда жақсы идеялар бар. Ауыл жастары ІТ технологияға жақын деп айта алмаймын. Бизнесті жаңа бастап, кәсіпкерлік жолды таңдағандықтан көбіне біз оларға ұсыныс айтамыз. Қарапайым, кішкентай кәсіптен бастауды ұсынамыз. Кішкентайдан бастаса бизнеске үйренеді. Мәселен, наубайхана, кондитерлік цех, химиялық тазалау орындары. Кішкентай ғана ауылда шағын жобаларға сұраныс бар. Қазір көбі машина алады, қызмет көрсетеді. Олар таксист емес, жүк тасушы. Қазір жүк көлігі қат болған шақ. Бұрын аудан, ауыл арасында, ірі халықаралық трассалар болмаған кезде адамдар жүктің бәрін тек теміржол арқылы тасымалдады. Енді «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі бар. «Нұрлы жол» бағдарламасымен бірнеше республикалық жол жөнделіп жатыр. Ал «Нұрлы жер» бағдаламасы бойынша құрылыс қарқын алды. Осының бәрі жұмыс, көлікті қажет ететін сала. Құрылысқа кран, экскаватор секілді бірнеше техника керек. Колледж, институт бітірген жастар техника алып, құрылыс компаниясына қызмет көрсетіп жатыр. Бұл ең дұрыс жол»,- деді Жеделбек Мырзағалиев.
Қазір Ақтөбе облыстық сәулет, құрылыс және қала құрылыс басқармасы, «Даму» қоры мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, құрылыс компаниясымен бірлесе «Нұрлы жер» бағдарламасымен тағы бір жобаны қолға алды. Яғни, мемлекеттік бағдарлама аясында құрылыс компаниясына қолдау көрсетіліп, олар салған тұрғын үй нарық құнынан арзан бағаға беріледі. Барлығы Ақтөбе облыстық аймақтық үйлестіру кеңесінде шешіледі. Жоспар бойынша биыл 1 мың пәтер осы жолмен иесін таппақ.
«Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру үшін жаңа жоба қолға алынды. Жыл басында екінші деңгейлі банк, құрылыс компаниясы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп, 36 пәтер сатылымға шығарылды. Әр пәтерге 3-4 адамнан өтініш берді. Алдағы уақытта тағы 330 пәтерді бағдарлама аясында береміз. Қазақстан бойынша бұл жоба алдымен Ақтөбеде іске асырылды»,- деді Жеделбек Мырзағалиев.