Қаскөйлердің әрекетіне тосқауыл қойып, жанын құрбан еткен азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайды - Ғ.Төлеғұл

Бұл туралы Ақтөбеде болған қанды оқиғаға байланысты Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл пікірін білдірді.
Оның айтуынша, осы оқиғаға байланысты Елбасы жариялаған Аза тұту күні тәуелсіздігіміз бен елдігімізді, бірлігімізді сақтаудың қаншалықты құнды екендігін санамызға онан әрі сіңіре түспек.
«Мұсылмандар үшін қасиетті ай саналатын Рамазан айы басталар тұста Ақтөбеде болған лаңкестік әрекеттер барша қазақстандықтарды алаңдатқаны белгілі. Сондай қаскөй әрекеттің салдарынан жазықсыз жандардың қаны төгілді.
Жүзден астам ұлтқа ортақ Отан болып, ұйыған тыныштық пен бірліктің ордасы атанған еліміздегі бейбітшілік пен татулығымызға сына қаққысы келгендердің қандай әрекеті де еліміздің, халқымыздың мүддесіне қайшы қауіпті әрекет болып табылады. Сондықтан, лаңкестердің әрекетін барша қазақстандықтар айыптайды.
Мемлекет басшысы осы оқиғаға орай 9 маусымды Аза тұту күні деп жариялады. Қаскөйлердің әрекетіне тосқауыл қойып, жанын құрбан еткен азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Олар өз міндеттеріне ақырына дейін адал болды», - дейді Ғ.Төлеғұл.