Қасқыр сарқырамасы: Ақтөбе облысында экотуризм дами бастады

Мұндағы шаруа қожалығы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 49,4 млн теңгеге инфрақұрылымды дамыту жұмысын жүргізіп жатыр. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында «Байқұла» ШҚ жалпы сомасы 5 миллион теңгеге грант та ұтып алды. Бүгінгі таңда 4 киіз үй, 2 глэмпинг, 2 катамаран және 2 қайық сатып алды. Сарқырамаға бақылау көпірі салынды. Мұнда үйлер мен монша да болады.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жобаға оң баға беріп, облыстың барлық ауданында туризмді дамытуға тапсырма берді.
«Туризм – экономиканың ерекше, дамып келе жатқан саласы. Ол көптеген жұмыс орнын қамтамасыз ете алады. Мемлекет саланы қолдау және дамыту жөнінде бірқатар шара қабылдады. Мемлекеттік бағдарлама мен гранттың арқасында Қасқыр сарқырамасындағы жұмыс бұған айқын мысал бола алады. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық ауданда жалғасуы тиіс», - деді Оңдасын Оразалин.
Өңір басшысы Қарғалы ауданына жұмыс сапарында елді мекендерді абаттандыру жобаларын іске асыру және астық жинау науқанының барысымен танысты. Петропавлов ауылында қазіргі уақытта орталық саябақты абаттандыру жүріп жатыр.
«Маусым айында құрылысты бастадық, бүгінде аз ғана жұмысы қалды. Жаңа қоршау салып, сахна мен балалар ойын алаңын орнаттық. Қыркүйектің ортасына дейін аяқтаймыз», - деді мердігер компания директоры Айбек Құрманалин.
Ауылда сондай-ақ құны 316 млн теңге болатын ангар үлгісіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Осыған ұқсас дене шынықтыру-сауықтыру кешенін облыс әкімі Қос-Естек ауылында қарап шықты. Екі нысан да жыл соңында дейін ашылады деп жоспарланған.
«Қарғалы ауданында тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Ол осы уақытқа дейін проблемалы нысан болған. Қазір құрылыс қайта жанданды. Жыл соңына дейін Қарғалы ауданында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Жұмыс толық көлемде, кесте бойынша жүргізілуде», - деп есеп берді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров.
Сондай-ақ Қос-Естекте облыс әкімі «Қуаныш» шаруа қожалығының егін жинау жұмыстарымен танысып, ауданның ірі шаруа қожалық басшыларымен кездесті.