Каспий құбыр желісіне тәулік сайын 260 мың тоннадан астам мұнай тиелуде
«Тәулік бойы тиеліп жатқан көлемге қатысты айтатын болсақ, қазір екі айлақтағы құрылғы арқылы 260 мың тоннадан астам мұнай тиеліп жатыр», - деді М. Мырзағалиев тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Компания басшысы мұнай тиеу үш құрылғы (VPU) арқылы іске асырылатынын және оның екеуі үнемі жұмыс істеп тұруы керек екенін айтты. Ал үшіншісі резервте тұруы тиіс.
«Жақында бір құрылғы іске қосылды. Қазір Каспий құбыр консорциумында үш құрылғының екеуі арқылы мұнай тиеу жүріп жатыр. Үшінші құрылғыны жөндеу бойынша жұмыстар басталды», - деді М. Мырзағалиев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 12 қарашада Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы бірінші құрылғысы жөнделгені айтылды.
Жақында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Каспий құбыр консорциумында жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын хабарлаған еді.
«Қазан айында консорциумдағы екі қондырғыны жөндеуді аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ ауа райына байланысты бұл жұмыстар тоқтатылды. Менің ойымша, алдағы екі-үш күнде теңіздегі №1 қондырғыны жөндеу жұмыстары аяқталады. Одан кейін бірден екінші қондырғыны жөндеу басталады. Оны жөндеу шамамен екі-үш аптада аяқталады», - деді Ә. Смайылов Сенаттың отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Фото: svetland-oil.kz