Каспий теңізіндегі D аралы маңында торнадо болған ба
АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы D аралы маңында торнадо болған.

Pace Analytics Telegram арнасындағы жарияланған ақпаратқа қарағанда, торнадоның суреті Қашаған кен орнындағы D аралының маңында түсірілген. «Қазір бұл құбылысты Есенов атындағы Ақтау университетінен Геннадий Владимирович Тарасенко зерттеп жатыр. Геннадий Владимирович жер өрісі энергиясының өзгеруін де зерттейді. Жаңа құбылыстардың себебі де осы шығар», - делінген Telegram арнасында.
Бұрын бес елге – Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Ресей мен Иранға ортақ Каспий теңізінде торнадоның тіркелгені туралы мәлімет тараған жоқ. Сол себептен бұл аталған теңіздегі алғашқы торнадо болуы мүмкін.
Ал «Қашаған» – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орны. Ол Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жерде орналасқан. Қашаған 75х45 шақырым аумақты алып жатыр. Кен орнының коллекторы Каспийдің солтүстік бөлігінде теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр.
Аталған кен игеріп жатқан NCOC торнадо туралы әзірге ақпарат берген жоқ.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий теңізінде жасанды аралдар пайда болуы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.