Каспийді сақтайық: «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы үндеу жасады

АҚТАУ. KAZINFORM – «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы теңізді қорғау мақсатында жағалаудағы елдерге үндеу жолдады. Бұл туралы жастар қозғалысының баспасөз қызметі мәлім етті. 

Каспийді сақтайық: «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы үндеу жасады
Фото: «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы

— Каспий теңізі — жойылып кету қаупінде тұр. Су айдыны жылдам таязданып барады, бұл — тек бір елдің ғана мәселесі емес, миллиондаған адамның өмір салтына әсер ететін жаһандық экологиялық қауіп. Бұл жағдайды тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана түзетуге болады, — делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, сөз — аймақтық мәселе туралы ғана емес, бұл — халықаралық қоғамдастық үшін дабыл қағарлық жағдай. Оны еңсеру үшін жүйелі қадамдар, үйлестірілген шешімдер мен үкімет басшылары мен салалық бөлімдер деңгейінде нақты шаралар қажет.

Каспийді сақтайық: «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы үндеу жасады
Фото: «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы

— Жаңа адамдар, азаматтық қоғамның бір бөлігі ретінде бұл жағдайға бейжай қарай алмайды. Каспийдің тағдыры — біздің саналы әрекеттеріміздің, өзімізге деген құрметіміздің және адам болып қалу қабілетіміздің айнасы, — деп үн қатты.

Каспийдің жағалауында, Ақтауда, жүздеген дауылпаз үні естілді, бұл — теңіз тағдыры ешкімді бейжай қалдырмайтынына назар аударту тәсілі. Қатысушылар Каспий теңізін қорғау және қалпына келтіру үшін күш біріктіруге шақырды.

Каспийді сақтайық: «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы үндеу жасады
Фото: «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы

Белсенділер көкке ұзындығы 22 метрлік «Каспийді сақтайық» деген жазуы бар алып батпырауықты көтерді. Бұл — келер ұрпаққа және өздеріне берілген уәде.

Қозғалыс Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстан халқына және саясаткерлерге, бизнес өкілдеріне, корпорацияларға, қорларға үндеу жасады.

— Сөз тек табиғат жайында емес — ертеңіміз үшін бүгін өмір сүруді таңдайтын шынайылық туралы. Каспийді сақтау — өзімізді және мақтанышымызды сақтау, — дейді Жаңа адамдар қозғалысының өкілдері.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордада өткен ІІ Astana Think Tank Forum-2025 халықаралық форумында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Арал мен Каспий теңіздерінің экологиялық проблемаларын шешуге халықаралық деңгейде қатысуды күшейту қажет екенін айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар