Каспийдің тартылуы экологиялық қана емес, экономикалық та салдары бар мәселе
АСТАНА. KAZINFORM –Каспий теңізінің эко жүйесі жайлы шынайы әрі жан-жақты ақпарат қажет. Бұл деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді шаралар қабылдауына негіз болар еді. Айдынның ластануы мен таяздануына қатысты болжам жасалмағандықтан, біраз қиындық туындаған. Сала мамандары соған тоқталды.

Теңіздің таяздануы – жағалау тұрғындары үшін ғана жағымсыз жаңалық емес. Экономикаға да белгілі бір деңгейде кері әсерін тигізді. Тасымал кемелерінің жүктемесі төмендеген. Транскаспий халықаралық көлік бағдары қауымдастығының бас хатшысы басты түйткілдерді айтып берді.

– Бұл - үлкен сын. Каспий порттарын қайта қазуға тура келіп отыр. Қомақты қаржыны соған жұмсауға мәжбүр етті. Транскаспий халықаралық немесе орта дәліз дейміз. Осы бағытта тасымал баяулады. Кемелерге тек 70% көлемінде жүк тиеледі. Мысалы, Құрықтан Алят портына бұрын 52 вагоннан тиесек, қазір 38-42 вагон аралығында жөнелтеміз. Негізі бір құрамды толық тіркелу керек. Бірақ, теңіздің тартылуына байланысты бір құрамды екі бөліп жіберіп жатырмыз. Одан бөлек экономикалық шығындарын қосыңыз. Экипаж, сосын жанар-жағармайы бар. 10 вагон 690 тоннаға пара-пар. Бір бағыт 1 мың доллар болса, қазір – 1 200 доллар. 25% қымбаттады. Ал, қымбаттаған өнім әлемдік нарықта бәсекелестігін жояды. Ең сорақысы, жүкті жеткізу уақыты бар. 10 күн жарты айға созылып кетті. Жүк бағасы қымбаттағанмен одан ешбір тасымалдаушы пайда таппайды. Тек шығын орнын толтырады, - деді Транскаспий халықаралық көлік бағдары қауымдастығының бас хатшысы Гайдар Әбдікерімов.
Каспий таяздана берсе онда порттарды қазіргі орнынан әрі қарай созуға тура келеді. Мысалы, Құрық портына кемелер беттей алмағандықтан 4,5 метрге тереңдеткен.

Жалпы, осындай тәуекелдердің алдын алу үшін ғалымдардың тұжырымы аса маңызды. Әйтсе де, эколог Әділбек Қозыбақов теңіздің тартылуынан емес, тым толып кетуінен көбірек қауіптенеді.
– Каспий 1970 жылдары қатты тартылған. Сосын қайта қалпына келді. Ал, 1989-1990 жылдары қатты көтеріліп кетті. Енді деңгейі қайта түсіп жатыр. Негізі бұл - циклді, яғни қайталанба құбылыс. Табиғи құбылыс болғандықтан бұдан зор қауіп бар деп айта алмаймын. Біреулер Аралмен салыстырып жатады. Ол да негізсіз. Сондай-ақ теңіз Еділ суымен толады. Сол жақтан келетін су азайды. Ресей ауыл шаруашылығы мақсатында шектегені бар. Мен Каспийдің кемуінен гөрі көбеюінен қауіптенем. Себебі, соңғы 30 жылда Каспий теңізі жағалауында ашылған кен орындары жерді бұрғылап, мұнайын сорып жатыр. Кен орындары су астында қалса, міне, сонда экологиялық апат болар еді, - дейді ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов.

Ал, эко белсенді Данияр Әкімжанов тың ой айтты. Ол таяздануды табиғи құбылыс дегенмен әсте келіспейді. Қанша мұнай игерілсе, соның орны толып жатыр деп есептейді. Қазір теңіз 3 метрге дейін төмендеген.
– Балық аулайтын, шомылатын жердің бәрі құрлыққа айналды. Теңіздің лайлығы да күшейіп бара жатыр. Түрлі арнайы орталық ауа мен су құрамын тексеріп, шекті концентрациядан аспағанын айтады. Бірақ, олай еместігі көзге де көрініп тұр ғой. Кеме бар жерде май болады. 2022 жылы қарашада дизель отыны төгілді. Баутин шығанағын толық май жапты. Соны қолда құрылғы болмаса да тәжірибелі сарапшы ретінде көріп отырмыз. Әйтеуір, Маңғыстауда желдің күштілігімен ағызып алып кетеді. Алайда, ортада флора мен фаунаны ластап барады, - дейді QAZAQ BALYK республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы Маңғыстау облыстық филиалының директоры Данияр Әкімжанов.

– Қашаған, басқа да кен орындары өте қауіпті саналады. Себебі, ол жердегі қысым 9 атмосфераға дейін барады. Күкірт қышқылы 20-25% деңгейде. Бетін ары қылсын, сондай жағдай бола қалса тез қимылдайтын мамандандырылған компания болу керек. Заңмен бекітіліп жатыр. Теңіздегі жағдайды үнемі бақылауда ұстау үшін ақпараттық технологиялық жүйе қажет, - дейді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Мәжіліс депутаты «Азаматтық қорғау» заңы төңірегінде айтты. Құжатта «мұнайдың төгілуін жою бойынша уәкілетті органның теңіз ұйымы» деген ұғым бар. Әлемдік тәжірибеде бұрыннан енгізілген норма. Тіпті, Каспий маңы елдері осыған жүгінеді. Бірақ, бізде құрылым да, құзырет те, құрал да болмаған.

– Ресей, Әзербайжан, Иран болсын, олардың бәрінде мұндай қызмет бұрыннан бар. Өкінішке қарай біздің елде болмаған. Қазіргі таңда мұнай төгілуден басқа төтенше жағдайларға да төтеп беретін мықты қызмет жасағымыз келеді. Ниетіміз, жоспарымыз бар. Бүкіл Каспийдегі акваториямызға өзіміз жауап береміз. Порттарымыз болу керек, арнайы құрылғы, жабдықтарымыз, қайықтарымыз, әуе кемелеріміз болу керек. Соны жүйеге келтіріп, барлық сипаттағы төтенше жағдайларға жауап беруіміз керек. Ресейде болған жағдайды көріп жатсыздар, мұнай төгілуінен қандай зардап шегіп жатқанын. Табиғат жағынан да, экономикалық жағынан да. Соның алдын алып осындай қадамдар жасадық. Инфрақұрылым болу керек, -деді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.
Былтыр сала министрлігі «теңіз жасағын» құрды. Мақсаты – Каспийде теңіз мұнай операцияларын жүргізетін инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл шаралар өндірісте апаттар мен келеңсіз жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді. Өйткені, ондай деректер аз емес.
– Батып кеткен кемелер бар. 2023 жылы Баутино ауылында кеме батып кетті. Жөндеу жүргізетін кеме қондырғысы да теңізде жатыр. Әлі шығарылған жоқ. Жалпы, ғылымды күшейтіп, эколог мамандардың мәртебесін көтеру керек. Олардың жауапкершілігін арттыру керек. Эко белсенділер сала сарапшыларымен тығыз жұмыс істеуі қажет, - дейді Данияр Әкімжанов.
Қазақстанда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылып жатыр. Ақтау қаласында орналасады. Ақпан айының соңына қарай жұмысын бастау жоспарланған. Президент Каспийге қатысты түгел түйткілді зерттеу үшін құзырлы орган ашуды тапсырған болатын. Шаруа бастан асады. Айдынның экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мәселесі, ихтиофаунаны, тіпті жағалауы да зерттелуі тиіс.

Айта кетсек, Каспий теңізінің қазақ ғылыми-зерттеу институты Экология министрлігінің қарамағына өткізіліп жатыр.