Кәсіподақтардың белсенді ұстанымын көрмедім - депутат шахтадағы апат туралы

Айдос Сарым
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Kazinform агенттігінің тілшісімен сұхбат барысында Костенко атындағы шахтадағы қайғылы оқиғадан кейін елдегі кәсіподақтар институтының тиімділігі туралы пікір білдірді.

- Айдос мырза, елдегі кәсіподақтар институты нақты әлеуметтік және саяси күшін жоғалтып, декоративті қалыпқа түсті деген ой келмей ме?

- Естеріңізде болса, бізде Халықаралық еңбек ұйымымен заңнама бойынша және жалпы кәсіподақтарға қатысты даулы мәселе болған. Содан бері нақты бір алға ілгерілеу бар. Кәсіподақтар құрылып жатыр, адамдар жұмыс берушімен дұрыс жұмыс мәдениетін қалыптастыру, үшжақты қарым-қатынас пен басқа да формалардың тиімділігін түсіне бастады. Сондықтан, мұның бәрі қайтадан жанданып келеді, бәлкім біз қалаған ауқымда емес шығар, дегенмен өзгеріс бар.

Бізде адамдардың Президентке жүгінуге дағдыланып алғанын мойындауымыз керек. Кейде Президенттің араласуы ғана мәселелерді азды-көпті тиімді шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Костенко атындағы шахтада әркім өз ісімен айналысуы керектігін айтқан еді. Егер әр төтенше жағдайға Президент барып, мән-жайын анықтап жүрсе – әкімдер мен министрлердің не керегі бар? Кәсіподақтардың не қажеті бар? Біз жұмыс беруші бірнеше апта бойы кәсіподақтармен дауласатын бұл мәдениетті біртіндеп бұзуымыз керек. Оның үстіне, бізде Ұжымдық еңбек даулары мен ереуілдерді өткізу тәртібі туралы арнайы заң бар, онда оларды қалай жүргізу керектігі туралы барлық рәсім жазылған. Әрине, оның бәрінің жұмыс істегенін қалаймыз, бірақ мұны жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың түсінуі үшін сана-сезімдерін өзгертуі қажет. Әлемде ереуілдер мен наразылықтар көп болып жатыр, бірақ мен жұмысшылар талаптарының бір уақытта орындалғанын әлі көрген жоқпын. Демек, кәсіподақтар талаптарды дұрыс тұжырымдауы керек. Максимум және минимум мәселелер тізіліп, өз ұжымын соған сендіруі керек.

- Мұндай жағдайға кім және не әсер етті деп ойлайсыз? Кәсіподақтарды азусыз, әлсіз ету кімге тиімді болды?

- Бір жағынан, жалпы әлемдік тренд бар – көптеген халықаралық корпорациялар кәсіподақсыз-ақ жұмыс істейді. Онда GR қызметтері кәсіподақ функциясын өз мойнына алған. Олар қызметкерлерді оқытады, ең жайлы демалысты қамтамасыз етеді, адамдардың қорғалуы мен дәл осы кәсіпорында жұмыс істегісі келуі үшін барлығын жасайды.

Дәстүрлі құрылымдардың дағдарысымен байланысты екінші бір әлемдік үрдіс бар. Кәсіподақтар ХХ ғасырдың басындағы институт екенін ұмытпау керек, 20-шы, 30-шы, 40-шы жылдары кәсіподақ қозғалысы дүркіреген еді – ірі ереуілдер болатын, Еуропада олар әлі де бар. Соған қарамастан, адамдардың кәсіподақтарға деген сенімі жылдан-жылға төмендеді. Оған қоса, кейбір кәсіпорындарда жұмыс берушінің өзі адамдарының бар жағдайын жасауға ұмтылады. Осындай алғашқы жұмыс берушілердің бірі Генри Форд болды. Қазір бұл корпоративті мәдениеттің бір бөлігіне айналып келеді.

Қазақстанда тұтас бір мәдениет жоқ, біз қазір жұмыс беруші өз қызметкерлеріне құл ретінде қарайтын феодализмнен бастап (негізінен шағын кәсіпорындар), ірі ұйымдарға дейінгі бірнеше өлшемде тұрмыз. Қажет жерде кәсіподақтардың болғаны дұрыс. Мысалы, кеншілер Қарағанды облысында ғана емес, басқа өңірлерде де бар. Металлургтер мен мұнайшылар туралы да солай айтуға болады. Үкіметпен және Парламентпен жұмыс істей алатын ірі ұйымдар болуы керек. Онда оларға лобби жасауға және өз мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін белсенді заманауи жұмыс қажет.

- Костенко атындағы шахтада қайғылы оқиғаны болдырмау үшін олар не істей алар еді?

- Кейде ірі инвесторлар өз ұжымдарына кәсіподақ құруға мүмкіндік беретін жағдайлар болады, бірақ содан кейін оларды басқару, шығындарды азайту сияқты жұмыс құралдарына айналдырады. Олар формалды түрде қандай да бір игі істер жасайды, бірақ сол кәсіподақтардың басқа салалармен, қауіпсіздік ережелерімен айналысуына жол бермейді. «АрселорМиттал» жұмысшыларының әлеуметтік пакеті нашар болды деп ойламаймын. Жалақысы азды-көпті лайықты, қандай да бір сауықтыру төлемдері болған шығар. Бірақ кәсіподақтар – тек жалақы туралы ғана емес, еңбек жағдайлары, жарақтандыру, кәсіпорында жұмыс істеудің қаншалықты қауіпсіз екенін көтеруі керек. Кәсіпорындардағы өлім-жітім мәселесі кәсіподақтарға тікелей қатысты. Және олар бұл сұрақты әр уақытта көтеріп отыруы керек еді. Мүмкін бұл бір жерде көтерілген шығар, бірақ «АрселорМитталды» қоса алғанда, өлім-жітімі жоғары кәсіпорындарда кәсіподақтардың белсенді қоғамдық қызметін көрмедім.

- Кәсіподақтардың нақты салмағы және азаматтарды/кәсіпорын қызметкерлерін қорғау мүмкіндігі болуы үшін қандай заңнамалық өзгерістер қажет?

- Бір кездері кәсіподақтарға қысым көрсету мәселесі болса, қазір керісінше, Үкімет «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде мүдделі болып отыр. «Маған бұл кәсіподақ қажет пе, әлде басқасы ма?» деген таңдау болуы керек. Төрт кәсіподақ болса, жұмыс беруші төртеуімен де санасуы керек. Біздің еліміз әртүрлі қарқынмен дамып келеді. Кей жерде алға ілгерілеу болса, кей жерде феодализм қайталанып отыр. Өкінішке орай, тұтас қоғамға бірдей даму қарқынын беретін тиімді құрал жоқ. Мен қазір еш ереуіл әрекетін қаламас едім: кез келген ірі кәсіпорындағы кез келген ереуіл автоматты түрде республикалық бюджетке әсер етуді білдіреді және біреулер зейнетақы ала алмайды, әлдебір мектептің құрылысы аяқтамай қалады. Кәсіподақтар болуы керек, бірақ олар ақылға қонымды болып, өз қызметкерлерінің және жалпы елдің мүдделерін түсінуі керек.

Шартты түрде айтсақ, елімізде 100 мың мемлекеттік қызметші, 100 мың мұнайшы, 65 мың банк секторының қызметкері бар. Бұл олардың тек өз мәселелерімен айналысуы керектігін білдірмейді. Олардың да осы елде тұратынын есте ұстаған жөн. Салалық кәсіподақтарға тән кейбір өзімшілдік осы негізгі бөлікті ескеруі керек. Сұрақ өте күрделі, мұнда оңай шешім көріп тұрған жоқпын. Шешімін білсем, заң түрінде немесе Президентке жазба түрінде баяғыда ұсынар едім.

- Негізінен барлық салалық заң ірі олигархтық топтардың мүдделері үшін түзетілгенін бәрі жақсы біледі. Мұны түсінетін депутаттар бар ма немесе Мәжіліс ҚР азаматтарының мүддесі үшін оларды өзгерту мақсатында заңнамаға ревизия жасауды жоспарлап отыр ма?

- Бұл үшін Мемлекет басшысы конституциялық реформа жасау міндетін қойды. Барлық жүргізіліп жатқан реформалардың міндеті – экономиканы әділ ету. Сондықтан Бюджет және Салық кодекстері, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң және басқалары қайта қаралып жатыр. Металл саласында кәсіпорындар қанша салық төледі? Кей санаттар бойынша оларда нөлдік мөлшерлеме болды. Шын мәнінде, олар шығындарын азайту үшін байланыстарын пайдалана алатын ең күшті лоббистер болды. Оның ішінде еңбек жағдайларын жақсартуға, қауіпсіздікке, жаңа технологияларды сатып алуға жұмсалатын шығындар да болды. Салық кодексі тұрғысынан қарасақ, біржақтылық металлургтерде байқалады. Ұлттық қорды толықтыратын негізгі сектор – мұнайшылар. Металлургтердің үлесі қандай? Бұл жұмыс басталды, енді оңай болмайды. Ақпараттық соғыстардың саны әлі де көп болады.

- Сіз айтқан заңдар бұл жағдайды шынымен өзгерте алады деп ойлайсыз ба?

- Әрине, олар жағдайды өзгертеді, салық түсімдерін арттырады. Президент Салық кодексі кәсіпорындардың күрделі және басқа да салымдарын ескеріп, кейбір жеңілдіктер болуы керек деген міндет қойды. Айталық, егер кәсіпорын экологияға немесе әлеуметтік аспектілерге инвестиция салса, оған жеңілдіктер болуы керек. Алдыңғы Салық кодексі санауға ыңғайлы болу үшін фискалдық дағдыға көбірек бейім болды. Бірақ қазір салық инспекторына белгілі бір салықтарды қарастыру қаншалықты қиын болатыны бізге маңызды емес. Бұл бизнеске ыңғайлы болуы керек және оның өз кәсіпорындарына, қызметкерлеріне қанша инвестиция салатынына сәйкес болуы керек.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар