Қасым-Жомарт Тоқаев Сочидегі келіссөздің қорытындысына көңілі толатынын жеткізді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысының кешегі Сочиге жұмыс сапары жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сочиде ұзаққа созылған жеке кездесудегі келіссөздің қорытындысына көңілі толатынын жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, келіссөз өзара сенім әрі іскерлікпен ерекшеленген айырықша достық атмосферада өтті. Президент сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастыққа, екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-әрекетіне қатысты барлық мәселелер жан-жақты талқыланғанын атап өтті. Мемлекет басшылары өз деңгейіндегі уағдаластықтарды екі ел үкіметтерінің тұрақты түрде жүзеге асыруы маңызды деп түсінеді» деп жазды Руслан Желдібай Facebook парақшасында.

Айтуынша, Президенттер тұрақты жұмыс байланысын жалғастыруға келіскен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге құрметі мен қонақжайлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Еске сала кетейік, кеше Сочи қаласында Қазақстан Президентін Владимир Путин қошеметпен күтіп алып , екіжақты кездесу өткізді.

Кездесу 2,5 сағатқа созылды.

Басқосуда Қазақстан Президенті Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтың болашағы туралы пессимистік болжамдарға ешқандай негіз жоқ екенін атап өтті.

«Геосаяси ахуалдың ерекшелігі сағаттарымызды салыстырып, тексеруді қажет екенін меңзейді. Бәлкім Үкіметтерге қосымша тапсырма беру керек болатын шығар. Олар бір-бірімен табысты жұмыс істеп, өзара әрекет етіп жатыр. Сонда да өмір шешімін табуды қажет ететін жаңа міндеттер қойып отыр. Жалпы арадағы серіктестіктің дамуына қанағаттануға барлық негіз бар. Бұл тұрғыда сізбен келісемін. Бізді әлемдегі ең ұзын құрлықтық толық шегенделген шекара біріктіріп тұр. Сондықтан, әрине, болашағымызға қатысты пессимистік болжам айтуға ешқандай негіз жоқ», - деді Мемлекет басшысы.

Президент, сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын ТМД Саммитіне шақырды.

Өз кезегінде Ресей басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруын қабыл алып, Сочиге келгеніне алғысын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сочи қаласындағы «Сириус» білім беру орталығына барды.




Фото: akorda.kz

Соңғы жаңалықтар