Қасым-Жомарт Тоқаев: Ядролық қарудан бас тартып, Қазақстан әлемдік қауымдастықпен ынтымақтастық орнатты

Президент Нұрсұлтан Назарбаев - осы қозғалыстың бірден-бір көшбасшысы болып табылады», - деп атап өтті.
Тамыздың 29 күні Астанада «Ядролық қарусыз әлем құру» атты жоғары деңгейдегі халықаралық конференция өтетіні баршамызға мәлім. Форумда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлейді.
Сенат басшысының пікірінше, «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы полигонды жабу туралы жарлығы - халықаралық қатынастар тарихындағы аса маңызды шешімдердің бірі. Бұл шешім күрделі саяси ахуал кезінде әрі бұрынғы КСРО-ның әскери өнеркәсіп элитасының ұстанымына қарамастан қабылданды».
Қ.Тоқаев атап өткендей, бұл әлемдік қарусыздану тарихында болған алғашқы және соңғы оқиға еді.
Қ. Тоқаев сол кездегі полигонды жабу туралы әбден пісіп-жетілген шешімнің мәнін түсіндіріп өтті. Сенат Төрағасының пікірінше, полигонның жұмыс істеп тұруы Қазақстан халқының ғана емес, жер шарындағы бейбіт халықтың басым көпшілігінің мүдделеріне қайшы келді. «Халқымыз өз жерінің адамдардың денсаулығы мен экологияға орны толмас зардап келтіретін ядролық катаклизмдердің көзі болып қалғанын қаламады. Семей полигонының аумағы - күні бүгінге дейін жаһандық ауқымдағы ең ірі экологиялық және гуманитарлық апатты аймақтардың бірі», - деді Спикер. Сондықтан, Сенат Басшысының пайымдауынша, полигонның жабылуы - дүниежүзілік маңызы бар оқиға. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 29-тамызды Халықаралық ядролық сынаққа қарсы іс-қимыл күні деп жариялағаны да кездейсоқ емес екені анық. Полигон жабылғаннан кейін әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық әлеуетті жою үдерісі басталды. Қазақстан ядролық қарусызданудың дәйекті жолына түсіп, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қойып, оларды ратификациялады.
Ядролық қарусыздану саясатының артықшылықтары жөніндегі сұраққа жауап бере отырып, Қ. Тоқаев мынаны атап өтті: «Ядролық мұрадан бас тарта отырып, Қазақстан әлемдік қауымдастықпен ойдағыдай ынтымақтастық орнатты, жүздеген миллиард шетелдік инвестицияларды тартты, ТМД-ның екінші экономикасына айналды, жаңа астанасын салды, көршілес елдермен өзінің мемлекеттік шекарасын заңды түрде ресімдеді. Ядролық отынның халықаралық банкі - МАГАТЭ Қазақстанда орналасқан. Еліміз 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайланды. Қазақстанға деген жоғары халықаралық сенім мен құрметтің арқасында оның толық қауіпсіздігі жөнінде айтуға болады. Ядролық қарусызданудың шынайы пайдасы осы».
Сонымен бірге, Қ. Тоқаев «ядролық тежеу» тұжырымдамасын сынға алды, оның пікірі бойынша ол «шарасыздық негізінде туындаған».
Сенат төрағасы: «Ақиқатын айтқанда, ол қарулану жарысын ақтап алу үшін қызмет етеді. Өзара сенімсіздік пен геосаяси амбициялардың өсуі жағдайында алып мемлекеттер қырып-жоятын қаруды тұрақты түрде жетілдіруге және оның арсеналдарын ұлғайтуға тырысады. Шындығында, біз соның барлығына куә болып отырмыз. Ядролық жарыс - бұл мемлекеттердің бюджетіне түсетін үлкен салмақ, бірақ мәселе тек мұнда ғана емес. Осы қаруды қолдану қаупі адамзаттың экономика, ғылым, технология, мәдениет салаларындағы бейбіт жоспарларының орындалуына кедергі келтіреді», - деп атап өтті.
Қ. Тоқаев ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудің жолдары жөнінде өз көзқарасымен бөлісті. Оның айтуы бойынша, әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар - Антарктика, Латын Америкасы, Тынық Мұхитының оңтүстік бөлігі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Орталық Азия. «Осының өзі Жер шарының жартысы, бұл - ядролық қарусыз әлемді құру мүмкіндігінің айғағы. Біз қырып-жоятын қарудан азат (еркін) өңірлердің географиясын табанды түрде кеңейту қажет деп санаймыз. Ең алдымен, Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайды ескере отырып, оның ядролық қарусыз өңір мәртебесіне қол жеткізуіне ұмтылуымыз қажет. Осы бағытта табысқа жету - алға жетелейтін маңызды қадам боларына сенімдімін. Жаңа ядролық қарусыз аймақтарды құру мәселелесі конференциямыздағы «Ядролық қарусыз әлемді құру» атты панельдік сессиялардың бірінде талқыланады.
Сонымен қатар Қ. Тоқаев азаматтық қоғамның қарусыздану үдерісіне кеңірек араласуын маңызды деп есептейді: «Семей және бүкіл дүние жүзінде орналасқан өзге де ядролық полигондардың ондаған жылдар бойы құпия жұмыс істеу фактісі ядролық қаруға тиімді бақылаудың жоқтығын көрсетеді, ал оның жай-күйі туралы шынайы ақпарат қолжетімсіз. Азаматтық сектор, шын мәнінде, осы маңызды үдерістен шет қалған».
Спикер өз сұхбатында: «Ядролық қарудың адамзатқа еш жақсылық әкелмейтін зұлмат екендігі баршаға түсінікті сияқты. Алайда адамдар осындай айқын тұжырыммен келісіп қана қоймай, ядролық амбицияны белсенді түрде сынға ала отырып, ақыр соңында әскери атомға заң жүзінде тыйым салуы тиіс. Біз, құлдықты, нәсілдік кемсітушілікті жою, әйелдер құқығын қорғау, атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды шектеу үшін күрестің қаншалықты табанды түрде жүргізілгенін білеміз. Ядролық қарусыз әлем жолындағы күресте азаматтық қоғам да тыс қалмауы қажет. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры бола отырып, БҰҰ-ның күн тәртібіндегі, соның ішінде Қарусыздану жөніндегі конференцияның шеңберіндегі күрделі мәселелерді шешу бойынша үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерлеріне белсенді түрде қолдау көрсетіп отырдым. Осындай жұмыстың айрықша маңызды екеніне сенімдімін, өйткені ол мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды неғұрлым есептілікке және жауапкершілікке итермелейді, бұл, әсіресе, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласында аса қажет», - деді.
Қ.Тоқаев атап өткендей, Н.Назарбаевтың 2045 жылға қарай әлемді ядролық қарудан толығымен арылту туралы бастамасы қазірдің өзінде саяси көшбасшылар мен әлем жұртшылығының арасында қызу қолдауға ие болып отыр. Елуден астам елден келген өкілдер мен жетекші халықаралық ұйымдардың басшыларының қатысуымен өтетін Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына орайластырылған конференция - Президенттің «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесінде жариялаған ойларын іске асыру жолындағы маңызды қадам болмақ. Қорытынды құжат қабылданады деп күтілуде.