Қатардағы қонақжайлық: Миллиардтаған сомаға келісімшарттар және аса құнды қылыш

Ақорда
Фото: akorda.kz

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға мемлекеттік сапары аяқталды. Екі күнге созылған сапарда екі ел басшылары не туралы келісті, қандай құжаттарға қол қойылды және Қазақстан мен Қатар ынтымақтастығының келешегі қандай? Толығырақ Kazinform шолушысының материалынан оқыңыз.

Қазақстан Президентін ерекше құрметпен қарсы алды

Қазақстан басшысын Доханың әуежайынан Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни қарсы алды.

Қатар әмірі
Фото: akorda.kz

Президенттің мемлекеттік сапарының бағдарламасы ауқымды, шараларға толы және нәтижелі болғанын айту керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөздер барысында екіжақты қарым-қатынастарға жаңа серпін беретін уақыт келгенін атап өтті.

- Қазақстан мен Қатар арасындағы өзара іс-қимылды толыққанды стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткізуді ұсынамын, – деді ол.

Ал шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни «Ынтымақтастық аясында біз энергетикалық, сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз» деп атап өтті.

- Осы сапар аясында біздің елдің ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізесіз. Бұл аталған салалардағы ықпалдастықты ілгерілетуге тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қатар Мемлекетінің Әмірі.

Қатар - ең ірі 10 инвестордың қатарында

Президент Қатарды жақында еліміздегі ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді. Ол Қазақстанның Қатар нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар, жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды.

Қатар
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Бұдан бөлек екіжақты келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Бұл аймақтағы экономикалық белсенділікті ынталандыруға ықпал етеді. 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырған еліміз қазір бидай мен ұн өндіру бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға негіз бар екеніне назар аударды.

Келесі жылы Қазақстан мен Қатардың мәдениет күндері өтеді

Сонымен қатар, келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы 2025 жылы екі ел астаналарында Қазақстан мен Қатардың мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаралар мәдени мұрасы бай халықтарымызды жақындата түсетініне сенім білдірді.

Қандай құжаттарға қол қойылды?

Мемлекет басшыларының келіссөзінің нәтижесінде бірнеше екіжақты құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда:

  • 1. Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісім;
  • 2. Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім;
  • 3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім;
  • 4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
  • 5. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Отбасы және әлеуметтік даму министрлігі арасындағы Әлеуметтік қорғау және даму саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  • 6. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Спорт және жастар министрлігі арасындағы жастар саласындағы 2024-2026 жылдарға арналған бірінші атқарушы бағдарлама;
  • 7. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қатар мемлекетінің Әкімшілік бақылау және ашықтық басқармасы арасындағы Парасаттылық пен айқындылықты ілгерілету бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  • 8. «Самұрық-Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Power International Holding арасындағы энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімдер;
  • 9. «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен UCC Holding арасындағы Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімдер.

Президентке Қатардың негізін қалаушының қылышы сыйланды

Президентке Қатар Мемлекетінің негізін қалаған шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы табысталды.

Бұл қылыш – Қатардың ең жоғары мемлекеттік символы. Оны монархтарға, ханзадаларға және мемлекеттер басшыларына Қатар Мемлекетіне және бүкіл адамзаттың дамуына қосқан үлесі үшін Әмірдің өзі табыстайды.

Бұл символ – Қатар Мемлекетінің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәни (1827-1913) ұстаған қылыштың дәлме-дәл көшірмесі. Қыны алтынмен (18 карат) апталған, екі жағы әшекейленген. Жүзі бағалы, тот баспайтын болаттан құйылған, ал сабы түйе сүйегінен жасалып, агатпен және турмалинмен қапталған.

Бұл қылыш алғаш рет Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдулазиз Әл Саудқа табыс етілген (2016). Кейінірек қылыш Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарекке (2021) және Испания Королі VI Филиппке (2022) сыйға тартылды.

Қатар Премьерімен келіссөздер

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен келіссөз жүргізді.

Қатар
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта дәліз» ретінде танымал Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға зор үміт артып отырғанына тоқталды. Сондай-ақ Шығанақ аймағының үлкен нарығына кең жол ашуға және жаңа транзиттік бағыттарды қарастыруға баса мән беретінін жеткізді. Мемлекет басшысы Қатар компанияларын Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

Ал Қатардың үкімет басшысы екі ел бұрын-соңды болмаған байланысты күшейткеніне және әлі де әлеуеті зор екеніне айрықша тоқталды.

Сонымен қатар, келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, цифрландыру, энергетика салаларына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстелі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сапар барысында қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Ол екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қатар Үкіметі мен Қатар кәсіпкерлері қауымдастығына алғыс айтты.

Қатар
Фото: akorda.kz

Оның айтуынша, әлем бұрын-соңды болмаған сын-қатерге тап болған қазіргідей кезде саяси ерік-жігер мен экономикалық белсенділікті ұштастыру өте маңызды.

Бүгін мен Қатар елінің басшылығымен нәтижелі кездесу өткіздім. Біз түрлі сала бойынша уағдаластықтарға қол жеткіздік және елдеріміздің үкіметтеріне оларды жүзеге асыру үшін тығыз байланыста жұмысістеуді тапсырдық. Менің сапарым біздің көпжақты қатынастарымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев қатарлық кәсіпкерлерге.

Президент еліміз таңдаған бағыттың кейбір тұстары Қатармен ұқсас екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстанның ашық есік саясатына, орасан зор ресурсына және еркін нарыққа қатысты реформаларына шетелдің, соның ішінде Қатардың көптеген компаниясы назар аударды. Әртараптандырылған және орнықты экономиканың негізін қалау – Қазақстанның басты міндеті.

Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 265 миллиард долларды құрады. Біздің ендігі мақсатымыз – осы көрсеткішті 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға жеткізу. Өткен жылы экономикалық өсім 5,1 пайызға жетті. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды жоспарлап отырмыз. 2022 жылы шетелден 28 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тарттық. Ал сыртқы сауда айналымы 136 миллиард долларға жетті. Қазақстан Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестиция келетін негізгі ел болып қалуы үшін ең жоғары әлемдік стандарттарға сай жаңа инвестициялық циклды іске қостық, – деді Президент дөңгелек үстелде.

Мұнымен қоса, еліміз өзінің көлік-логистикалық әлеуетін әртараптандырумен және кеңейтумен белсенді түрде айналысып жатыр. Бұл ретте Президент сапар барысында жалпы инвестициялық құны 18 миллиард долларға жуық түрлі коммерциялық құжаттарға қол қойылғанын және «бұл экономикалық ынтымақтастықты дамытуға батыл кіріскенімізді көрсететінін» атап өтті.

...Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытынан немесе Орта дәліздің дамуынан зор үміт күтеміз. Қатар компаниялары мен қаржы институттары осы саладағы бизнес пен инвестиция мүмкіндіктерін қарастыру арқылы қомақты пайда табады деп санаймыз. Бүгін біз жалпы инвестициялық құны 18 миллиард долларға жуық түрлі коммерциялық құжаттарға қол қоямыз. Бұл экономикалық ынтымақтастықты дамытуға батыл кіріскенімізді көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қатар бизнесмендерін биыл маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды. Al Faisal Holding директорлар кеңесінің төрағасы Фейсал бен Қасым Әл Тәнимен кездесуінде компанияғаАстанада ерекше ғимарат салуды ұсындыАл Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-ХаятҚашағанда газ өңдеу зауыттарын салу, телекоммуникация секторына кіру жөніндегі жоспарын Қасым-жомарт Тоқаевқа таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Консультативтік Кеңес алдында сөз сөйлеген алғашқы шетел президенті

Қазақстан Президенті Қатар Мемлекетінің Консультативтік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйлеп, қазіргі жаһандық және өңірлік күн тәртібіне қатысты Қазақстанның ұстанымын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев – Консультативтік Кеңестің алдында сөз сөйлеген алғашқы шетел президенті.

Қатар
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

 

Кейінгі уақытта елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың артып келе жатқанына көңіліміз толатынын атап өткім келеді. Екі елдің кәсіпкерлері мен азаматтары визасыз режим мен апта сайын ұшатын 20-ға жуық рейстің игілігін көріп отыр. Дегенмен бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Сондықтан алдымызда атқаратын қыруар жұмыс тұр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халықаралық мәселелерге де ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси қақтығыстар мен қайшылықтардың, терроризмнің, төтенше климаттық жағдайдың жаһандық күн тәртібінен түспей тұрғанын әрі бұл дүниежүзінің қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіретінін мойындау қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық қауіп-қатер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарының бір мезгілде бұзылуынан туындайды.

Президенттің пікірінше, Орталық Азия қазір өз тарихындағы бетбұрыс кезеңін өткеріп жатыр. Өңірдегі саяси және экономикалық байланыстар едәуір жандана түсті

Біз Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырып жатырмыз. Ежелгі заманнан бері өркениеттердің дамуында маңызды рөл атқарған бұл өлке қазір де, келешекте де бірегей мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Президент.

Мемлекет басшылары сапарды қорытындылады

Қасым-Жомарт Тоқаев Парсы шығанағына сапары нәтижелі болды. Жоспарланған бағыттағы құжаттарға қол қойылып, инвестициялық мақсаттағы жұмыстар атқарылды. Екі ел серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерілді және бұл сапардың қорытындысын Қатар басшысы шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірімен аяқтауға болады. Мемлекет басшылары тарихи сапар жайлы әлеуметтік желіде жазды. 

Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарына және Қатар мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылағанымызға ризамыз. Біз достас екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту тетіктерін келістік және ортақ ұмтылыстар мен қалаған амбицияларға сәйкес тұрақты серіктестік орнату арқылы жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз, – деп түйіндеді Қазақстан Президентінің сапарын Қатар әмірі.

Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Инстаграмдағы парақшасында жазба қалдырды. 

Қатарға алғашқы мемлекеттік сапардың қорытындыларын жоғары бағалаймын. Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен мазмұнды келіссөз нәтижелері бойынша қазақ-қатар қарым-қатынастары стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін айрықша атап өткім келеді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ерекше сипатын сапар аясында қол қойылған өте маңызды құжаттар дәлелдейді. Қатар Мемлекетімен өзара тиімді ықпалдастықты бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін арттыра береміз, - деп жазды Мемлекет басшысы. 

Айта кетейік, екі ел арасындағы маңызды салалар, оның ішінде инвестиция тарту жақсы қарқынмен дамып келеді. Мемлекеттердің тауар айналымы да әжептәуір ұлғайды. 2018 жылы 429 мың доллар болған тауар айналымы, былтырдың он бір айында 9,6 миллион долларға жетті. Мұны сарапшылар «тарихи максимум» деп атады. Бұған дейін Kazinform тілшісі елдеріміздің жан-жақты қарым-қатынасы және Президенттің сапарынан не күтетініміз туралы жазған.

Соңғы жаңалықтар