Қатардағы круиздік лайнерде қалған қырғызстандықтар 8 наурызда елге оралады

АСТАНА. KAZINFORM — Қатардағы круиздік лайнерде қалған Қырғызстан азаматтары Доха қаласынан Сауд Арабиясына жолға шықты. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов хабарлады, деп жазады Кабар.

Қатардағы круиздік лайнерде қалған қырғызстандықтар 8 наурызда елге оралады
Фото: Кабар

Оның мәліметінше, барлығы 134 азамат бар. Олар автобуспен Доха қаласынан Эр-Рияд қаласына жетіп, сол жерден ұшақпен Бішкек қаласына ұшып келеді.

Азаматтардың мемлекеттік шекаралардан өтуін ұйымдастыру және келіссөздер жүргізу жұмыстарын Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі мен аталған елдердегі елшіліктері жүзеге асырып жатыр.

Дохадан шыққан азаматтар 8 наурыз күні кешке Эр-Риядтан ұшатын рейспен Қырғызстанға жетеді деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты сол өңірде қалған Қырғызстан азаматтарын елге қайтаруды тапсырған болатын. Бұл ұйымдастыру жұмыстары оның жеке бақылауында.

Осы уақытқа дейін Біріккен Араб Әмірліктері аумағынан арнайы екі рейспен 260 қырғызстандық өз отанына жеткізілген.

Бұдан бұрын Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі президенттің тапсырмасы бойынша Сауд Арабиясы, БАӘ және Оманмен қырғыз азаматтарын эвакуациялау рейстерін ұйымдастыру бойынша келіссөз жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум