Катонқарағайда эко-қонақүй салынады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірдің туристік әлеуетін дамыту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Кәсіпкерлік туралы айтқанда туризмді айтпау мүмкін емес. Туризм басқа да қосымша 50-ден астам саланы дамытады. Бұл бағытта біз екі мәселеге назар аударамыз. Біріншіден, жолдар – облыста орман қоры көп. Өкінішке орай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, орман қоры жерлерінде жол салуға тыйым салынған. Шығыс Қазақстанда көптеген туристік аймақтар орман қоры жерлерінде немесе таулы жерлерде орналасқан. Бұл мәселені біздің аймаққа іссапармен келген Үкімет басшыларына жеткізіп, қолдау таптық. Бүгінгі таңда тиісті министрліктермен бірлесіп шешу жолын іздеп жатырмыз», - деді Е. Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, облысты брендке айналдыратын іс-шаралар қолға алынған. Осы бағытта ұлттық дәстүрді дамытатын шаралар, хайкингтер, жазғы фестивальдар өткізілуде.
«Қатонқарағай ауданында қонақ үй бизнесінің ірі халықаралық операторы «TOR're» компаниясының эко-қонақ үйінің құрылысы басталады. Мұндағы кәсіпкер Серік Толықпаев – Қатонқарағай ауданының тумасы. Облыстың табиғи әлеуетін және климаттық ерекшеліктерін пайдаланып, қысқы спорт түрлері үшін туристік және спорттық инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыс істемекпіз», - дейді облыс әкімі.
Сондай-ақ Бұқтырма жағалауының инфрақұрылымын жақсартып, жазғы туризм түрлерін дамыту жоспарда бар.
«Биыл туризмге салынатын салымдар өткен жылғы көрсеткіштен 36%-ға өсіп, 15 млрд теңгені құрады, келесі жылы бұл салаға 18 млрд теңгеден астам қаражат жоспарлануда», - деді Е. Көшербаев.
Айта кетейік, Ермек Көшербаев елордада Шығыс-Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп жатыр.
Бұған дейін өңір басшысы Шығыс Қазақстан облысындағы орташа жалақы 305 мың теңге екенін айтқан еді.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында екі су қоймасы жаңғыртылады және жаңа су қоймасы салынады.