Қауіпсіз Жаңа жыл: мереке күндеріндегі сақтық шаралары
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Жаңа жыл — көпшілік асыға күтетін, қуаныш пен шаттыққа толы мереке. Алайда, дәл осы күндері тағамнан улану, пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде жарақат алу, сондай-ақ үсік шалу мен суық тию жағдайларының саны артады.
Солтүстік Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мерекелік демалыстың тыныш әрі қауіпсіз өтуі үшін алдын алу шараларын сақтау аса маңызды екенін ескертті.
Әдетте, Жаңа жыл мерекесіне орай мол дастархан жайылады. Санитар дәрігерлер тағамнан уланудың алдын алу үшін азық-түлік өнімдерін тек сенімді сауда орындарынан сатып алуға кеңес береді. Әрбір өнімнің жарамдылық мерзімін, қаптамасының бүтіндігін және сақтау шарттарын мұқият тексеру маңызды. Күмән тудыратын немесе таңбаланбаған өнімдерді тұтынудан бас тартқан жөн.
Тағам дайындау кезінде жеке гигиена ережелерін сақтап, дайын тағамдарды бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдырмау керек. Әсіресе балаларға арналған тәтті сыйлықтардың сапасына ерекше көңіл бөлінуі тиіс.
Жаңа жылды фейерверксіз елестету қиын. Алайда пиротехникалық бұйымдар қауіпті болуы мүмкін екенін естен шығармау қажет. Оларды тек мамандандырылған дүкендерден сатып алып, нұсқаулықтың, сапа сертификатының бар екеніне және жарамдылық мерзіміне көз жеткізу керек.
Зақымдалған, қорабына су тиген бұйымдарды қолдануға болмайды. Фейерверктерді тек ашық алаңдарда, қауіпсіз арақашықтықты сақтай отырып іске қосу қажет. Отшашуды тұтатып жатып үстіне еңкеюге және іске қосылмаған пиротехниканы қайта жағуға болмайды. Балаларға фейерверктерді өз бетінше қолдануға қатаң тыйым салынады.
Бұл күндері көп уақыт таза ауада өтуі мүмкін. Үсік шалмауы үшін ауа райына сай жылы киіну өте маңызды. Балалардың бас киім, қолғап, шарф және жылы аяқ киім кигеніне көз жеткізу керек. Суықта ұзақ уақыт жүруді шектеп, жылыну үшін мезгіл-мезгіл үзіліс жасаған дұрыс.
Киім мен аяқ киімнің құрғақ болуын қадағалап, үсіктің алғашқы белгілеріне — терінің бозаруына, жансыздануына, шаншып ауыруына назар аудару қажет.
Мамандар осы бір қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы Жаңа жыл мерекелерін тыныш, жайлы әрі қауіп-қатерсіз өткізуге болатындығын айтады.
Бұған дейін Жаңа жыл қарсаңында алаяқтық құрбаны болмау үшін нені есте ұстау қажет екенін жазған едік.