Қауіпсіздік кеңесі БҰҰ-ның Иранға қарсы барлық санкцияларын қалпына келтіруге дауыс берді

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2015 жылғы ядролық келісімнен кейін тоқтатылған Иранға қарсы санкцияларды қалпына келтіру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BBC.

Қауіпсіздік кеңесі БҰҰ-ның Иранға қарсы барлық санкцияларын қалпына келтіруге дауыс берді
Фото: BBC

Ұлыбритания, Франция және Германия Иранды ешқашан ядролық қаруға ұмтылмайды, иемденбейді немесе жасамайды деп кепілдік беретін негізгі келісімді бұзды деп айыптады. Оларды АҚШ пен тағы 6 ел қолдады. Ал Қытай, Пәкістан және Ресей санкцияларды тоқтату мерзімін ұзартуға дауыс берді.

Енді Иран мен еуропалық көшбасшылар келісімге келмесе, келесі сенбі, яғни 26 қыркүйек күні санкциялар қайтадан күшіне енеді.

Британияның БҰҰ-дағы елшісі Барбара Вудворд Reuters агенттігіне берген сұхбатында:

— Ең қарапайым шарттар орындалмай, тез арада дипломатиялық шешімге жетудің нақты жолы жоқ. Біз Иранның әлі қажетті қадамдарды жасамағанына қынжыламыз және оны дереу әрекет етуге шақырамыз, — деді.

2015 жылғы ядролық келісім — Бірлескен жан-жақты әрекет жоспары (JCPOA) — Иран мен әлемнің 5 державасы арасында 3 жылға жуық келіссөздерден кейін ең жоғары деңгейде жасалған. Иран 2019 жылы Дональд Трамптың бірінші президенттік мерзімі кезінде біржақты шығуына жауап ретінде келісімнен шықты.

Бұған дейін АҚШ Иранның қарулы күштерін қолдайтын қаржылық желіге санкция енгізді.

Сондай-ақ ЕО Ресейдің «Мир» төлем жүйесіне қарсы жаңа санкциялар дайындап жатыр.

Соңғы жаңалықтар