Қай өңірде халықтың спорттық инфрақұрылымға қолжетімділігі жоғары

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл соңына дейі 67 спорт нысанының құрылысы аяқталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов айтты.

Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
Фото: Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

- Спорттық инфрақұрылымды дамыту және халықтың спортқа қолжетімділігін арттыру – министрліктің негізгі бағыттарының бірі. Спорттық инфрақұрылым – бұл азаматтардың дене шынықтырумен, спортпен және белсенді демалыспен айналысуына арналған нысандар мен үй-жайлардың жиынтығы. Оған жабық және ашық спорт нысандарының 20 түрі кіреді. Бүгінде ел бойынша 25 760 спорт ғимараты бар. Оның ішінде мемлекеттік меншікте – 23 678, жеке меншікте – 2082 нысан. 1 298 нысан жөндеуді қажет етеді, - деді ол.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары спорт нысандарын жобалау мен пайдалануда жаңа стандарттар енгізіліп жатыр. Олар нысандардың қолжетімділігін, энергия тиімділігін және әмбебаптығын арттыруға бағытталған.

- Қолданыстағы әдіснамаға сәйкес, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 1 000 адамға шаққанда 80 шаршы метр спорт залы және 25 шаршы метр бассейн суы бойынша есептеледі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың спорттық инфрақұрылымға қолжетімділігі 55,1 пайыз болды. Ең жоғары көрсеткіштер Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында, - деді Ербол Мырзабосынов.

Оның айтуынша, министрлік әкімдердің спортқа жауапты орынбасарлары мен федерация басшылары үшін тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін енгізіп жатыр. Негізгі көрсеткіштердің бірі – спорттық инфрақұрылымды дамыту деңгейі және азаматтарды бұқаралық спортқа тарту үлесі.

- 2025 жылдың 9 айында 35 спорт нысаны салынды. Жыл соңына дейін тағы 67 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі Ескек есу арнасының құрылысы аяқталды. Бұл нысан есу және академиялық есу спорттарын, сондай-ақ туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Елордада Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталуға жақын. Университет тек оқу орны ғана емес, сонымен бірге көпсалалы спорт және ғылыми орталық болады. Бұл еліміздің спорт индустриясының дамуына және өңірлік әрі халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді. Нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың желтоқсанында жоспарланған, - деді министр.

Айта кетейік, Үкімет егін жинау науқанын қорытындылап, спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесін пысықтап жатыр.

Соңғы жаңалықтар