«Қайрат» — КeyRat: Ауыл мұғалімі ағылшын тілін үйретудің тың тәсілін ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматылық ауыл мұғалімі ағылшын тілін ерекше әдіспен үйретіп жүр. Ол оқушыларының атын ағылшын тіліне аударып, оларды сабаққа қызықтырады екен.
Бұл туралы Іле ауданы, Қосөзен ауылында білім беретін ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
— Мен «Жыл мұғалімі» байқауына қатысатын болдым. Жарыста өзіндік сабақ өту әдісімді 7 минуттың ішінде түсіндіріп беруім керек еді. Өзім бұрыннан музыкаға жақын болғандықтан, осы музыка әдісін қолданып көрейін дедім. Телефонда ән жазатын музыкалық бағдарлама бар. Мен әуендерді бір ырғаққа алып келіп, сонымен сөздіктерді үйрететін болдым. Бұл әдісім барлық адамдарға ұнады. Солай аудандық байқауды жеңіп алдық, — дейді Өмірбек Жанқуатов.
Ауылдық мұғалім мұнымен тоқтап қалмапты. Көп кешіктірмей-ақ оқушылардың жүрегін жаулайтын тағы да бір тиімді тәсілмен жұмыс істей бастаған.
— Облысқа өтетін кезде қазақтағы адам атауларына қатысты тағы бір идея пайда болды. Яғни, қазақтардың аттарын қолдану арқылы ағылшын сөздерін шығарасыз. Мысалы, «key» деген — кілт, ал «rat» деген — тышқан. Демек, «key-rat» — «Қайрат» деген сөз. Солай осыған ұқсас аудармаларды құрастыра бастадым. Оқушыларым жақсы қабылдап жатыр. Себебі бір сыныпта 25 бала бар. Олардың әрқайсысының атына бір сөздік шығарып берсеңіз, олар мәз болады. Бұл — баланы қызықтыра білдік деген сөз. Ал қазір бала ағылшын тіліне қызықса ғана оқиды, — дейді ол.
Қосөзендік ұстаздың бұл әдісін қазір өзге мұғалімдер де пайдаланады екен.
— Қызылордалық бір мұғалімге өзімнің «қазақ аттары» деген методикамды түсіндіріп бергенмін. Осы арқылы ол кісі республикалық жарысқа қатысып, жүлдегер атанды. Одан өзге де мұғалімдер хабарласып, осы тәсілді сұрады. Басқа мұғалімдер де менің тәсілімді пайдаланатынын айтып, жазып тұрады. Бұл мен үшін қуантарлық жай, — дейді білім саласының маманы.
Өмірбек Жанқуатов тағы бір тәсілмен жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
— Алдағы уақытта қазақ сөздерінен ағылшын сөздерін құрастыру тәсілін дайындауды жоспарлап жүрмін. Мысалы, «айран» болса, ағылшынша да «I run» деген сөз бар. Ол «мен жүгіремін» деп аударылады. «Құлпынай» деген сөзді «call», «pain», «I» деп аударамын. Call — қоңырау шалу, pain — ауру сезімі, I — мен деген сөз. Осы секілді мыңдаған сөзді жинақтап, оқушыларға ұсынғым келеді.
Айта кетейік, бірер күн бұрын «Мистер Омирбек» атымен танымал Өмірбек Жанқуатов оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін тың әдістерді қолданып жүргенін жазған едік.