«Қайсар» құрамына өзбекстандық және сенегалдық шабуылшылар қосылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылордалық «Қайсар» клубы бірқатар футболшылармен келісім-шартқа қол қойды. Олардың қатарында шетелдік және қазақстандық ойыншылар бар.

қайсар
Фото: "Қайсар" ФК

Биыл команда құрамында өзбекстандық Шохназар Норбеков жасыл алаңға шығады.

Футболшылық мансабын сол елдің Бекабад қаласының «Металлург» клубында 2011 жылы бастаған 29 жастағы шабуылшы одан кейін өзбекстандық АГМК, «Сурхан», «Коканд-1912» және «Турон» намысын қорғады. Кейінгі жылдарда индонезиялық «Сада Сумут» жейдесін киді.

Өзбекстан біріншілігінде 200 кездесуде 27 мәрте қарсыластар қақпасын дәл көздеді.

Сондай-ақ, команда құрамына сенегалдық Ламин Тункара қосылды. Кейінгі жылдарда «EFC-Antalya» клубында ойнады.

Қазақстандық шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай да «Қайсармен» келісім-шартқа қол қойды. 30 жастағы шабуылшы 2011 жылдан қазақстандық клубтарда ойын көрсетіп келеді. 2017-2018 жылдарда қызылордалық команда құрамында жасыл алаңға шықты.

Ал былтыр қызылордалық клубта ойнаған қорғаушылар Әділет Кеңесбек, Қуаныш Қалмұратов «Қайсармен» келісім-шарт мерзімін ұзартты.

Еске салақ, бұдан бұрын «Мақтаарал» футбол клубы премьер-лигадан шығып қалды.

Соңғы жаңалықтар