Қайтарылатын активтер Ұлттық қорға аударыла ма

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қайтарылатын активтерді Ұлттық қорға аудару бастамасына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық қор
Фото: Ашық дереккөз

«Ұлттық қордың екі функциясы бар: жинақтау және тұрақтандыру. Ұлттық қордан маңызды әлеуметтік экономикалық жобаларды іске асыру үшін де қаражат бөлінеді. Ал активтерді қайтару жөніндегі заң шеңберінде бұл қаражат комиссияның шешімі арқылы ашық әрі әділ түрде әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталады. Оны Жоғары аудиторлық палата да тексере алады. Мен бұдан ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын. Ақшаның елге оралуы және олардың экономика үшін жұмыс істеуі маңызды», - деді Ерұлан Жамаубаев БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Еске салайық, таяуда қайтарылған активтерді басқаратын компания құру туралы Үкімет қаулысы шықты.

Сонымен қатар таяуда қайтарылған активтерді басқару компаниясына қандай мамандардың тартылатынын жазып едік.