Қазақ баласы тілашарға қандай өлеңдер жаттаған

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Kazinform агенттігі назарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынады.

тілашар
Фото: Адлет Беремкулов/Kazinform

Тілашар

Қазақ салтында бөбектің тілі былдырлап шыға бастағанда əр отбасы «тілашар» ырымын жасайды. Дастарқан жайылып, ас келгенде қариялардың бірі қойдың піс кенішегін немесе ақ орамалды баланың мойнына орап тұрып: «Сөй лейсің бе?» деп үш рет сұрайды. Оған жауап ретінде баланың ата-анасы немесе туыс-туғандарының бірі: «Сөйлеймін!» деп үш рет жа уап береді. Онан соң, қариялардың бірі сəбиге: «тілің тез шықсын» деп қойдың піскен тілін, «шешен бол» деп таңдайын, «көреген бол» деп көзін жегізеді. «Сөз тыңда, айтқанды құлағыңа құйып алатын құйма құлақ бол» деп құлақтан дəм татқызады.

Тілашар ырымы жасалған соң, ата-анасы оны далаға алып шы ғып, «тілін сындырады». Онда көгендегі қойды көрсетіп немесе даладағы қой-ешкіні нұсқап: – Əне, мə-мə! Пүшəйт-пұшайт! Шөре-шөре! Құлын-тайды көрсетіп: –Əне, құрау-құрау! моһ-моһ! Күшік пен итті көрсетіп: –Əне, əу-əу! ка-ка! Суды көрсетіп: – Міне, үп-үп! –деген сияқты одағай, еліктеуіш сөздерді, онан соң, тілге жеңіл, жат-тау ға оңай сөздерді үйретуге кіріседі.

Бала есейген сайын оған үйретілер сөздер де күрделілене бастайды. Мысалы, сиыр мөңірейді, мысық мияулайды, ит үреді, жылқы кісінейді, қой маңырайды, түйе боздайды, күн күркірейді, қасқыр ұлиды, қаз қаңқылдайды деп, жануарлар мен заттардың дыбыс шығару қасиеттерін ұғындырады. Сəбиге жоғарыдағыларды бір-бірлеп ұғындырып болған соң, жаттауға жеңіл, ойға орамды өлең-жыр үлгісін үйретуге кіріседі. Мұнда, балаларға таныс əрі баурау қуатына ие төрт түлік малды ша қыру одағайлары пайдаланылады, яғни «шөре-шөре», «құрау-құрау», «ауқау-ауқау», «көс-көс» дегендерді мынадай өлең жолдары арқылы жатқа алдырады:

– Қой баласы қоңырым,

Ұя бұзбас момыным.

Шопан ататүлігі,

Қошақаным, қайдасың?!

Пүшəйт! Пүшəйт! Пүшəйт!

Екі көзі танадай,

Екі өркеші баладай.

Тайраңдаған ойнақтап,

Ойсылқара баласы.

Ботақаным, қайдасың?! Көс! Көс! Көс!

Тілмен мұрнын жалаған,

Тілмен жүнін тараған.

Зеңгі баба өсірген,

Əукешім, менің, қайдасың?!

Ауқау!Ауқау!Ауқау!

Мінсем жүйрік көлігім,

Жалғызжүрсем–серігім.

Қамбар ата өсірген,

Құлыншағым,қайдасың?!Құрау!Құрау!Құрау!

Ұстай алсам бақырған,

Ұлы атасын шақырған.

Тасқа құмар жануар,

Шөретайым ,қайдасың?! Шөре! Шөре! Шөре!..

Міне, осындай жыр жолдарын жаттатып болған соң, ата-анасыбаласына əрбір заттың атын атап, түсін түстеуді үйретеді. Балаға бес саусағын көрсетіп, «Қуырмаш» ойынынан бастайды. Мұнда балаға алдымен өз алақанын жаздырып: «бас бармақ, сұқсау сақ (сұқ қол), ортаңғы саусақ (ортан қол), аты жоқ саусақ, шына-шақ» деп жалпы бір рет таныстырып, онан соң бір-бірлеп мынадай тəсілмен жатқа айттырады: «бас бармақ, балалы үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек» деп бес саусақты бір-бірлеп бүктіріп,онан соң, бүгілген саусақтарды шынашақтан бастап: «Сен тұр, қойыңа бар! Сен тұр, түйеңе бар! Сен тұр, жылқыңа бар! Сен тұр, сиырыңа бар! Ал, сен əлі жас екенсің, үйде отырып қазанның қаспағын жала!» – деп баланың ашылған алақанының ортасын сұқ саусақпен тары қуырғандай айналдырып:

– Қуыр-қуыр, қуырмаш,

Қуырсада таусылмас.

Шөжелерге бидай шаш,

Əжең келсе есік аш,

Аю келсе мықтап бас,

Қасқыр келсе қатты бас! – деп алақанын жұмдырып қойып, баланың білегін төменнен-жоғары қолтығына қарай аттата, аттата шұқып:

Мына жерде – май бар,

Мына жерде – шай бар.

Мына жерде – нан бар,

Мына жерде – бал бар.

Мына жерде – мысық бар.

Мына жерде – күшік бар.

Мына жерде – жылқы бар.

Мына жерде – түлкі бар.

Мына жерде – күлкі бар, – деп қолтығының астын «қытық, қытық, қытық» деп қытықтап күлдіріп, «қуырмаш» мəтінін тез жаттап алуға қызықтырады. Тілашар салтын өткізудің де өзіндік ғылыми мəн-мағынасы бар.

Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.

Соңғы жаңалықтар