Қазақ барлау тарихы Шоқаннан емес, Абылайдың тыңшылық қызметін басқарған Сеңкібай батырдан басталады – «Сырбар» ардагері
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін - барлаушылар күні. 1997 жылдың 5 қарашасында ҚР Президенті жанынан жеке ведомство ретінде «Барлау» сыртқы барлау қызметі құрылды. 27 жыл жүзінде аталған арнайы қызмет саласында бірнеше буын ауысып үлгерді. Айтулы датада осы салада 36 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан, бүгінде «Сырбар» ардагерлер кеңесінің төрағасы болып отырған Марат Күзетовті әңгімеге тартқан едік.
- Марат Ақылшыұлы, бұл салаға қалай келдіңіз? Бала кезден барлаушы боламын деп армандадыңыз ба? Әлде өмірдің жолы сізді осы салаға өзі алып келді ме?
- Әуелде барлаушы болып қызмет етемін деп ойлаған жоқпын. Тек әскерден келген соң ғана осындай шешімге келдім. Кеңес үкіметінің кезі ғой, о заманда ешкім осы салада жұмыс істеймін деп өзі бармайды, арыз жазбайды. КГБ (КСРО-ның Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті - ред) адамдары әуелі сені сырттай байқайды, содан кейін «Сіз бізге лайықты екенсіз, барлаушы болып қызмет атқаруға көзқарасыңыз қалай? Келіссеңіз, осы жұмысқа сізді дайындаймыз, одан кейін аламыз» деп ұсыныс жасайды.
- Негізгі мамандығыңыз қандай?
- Алматыдағы ҚазМУ-дің Заң факультетін бітіргенмін.
- Қандай қызмет атқарып жүргенде осы барлау қызметіне шақырды?
- Ол кезде, 70 жылдардың аяғында мен Алматы ауыр машина жасау зауытында жұмыс істеп жүргенмін. Сонда Комсомол жұмыстарымен шұғылдандым, жұмысшы болдым. Сол кезде көзге түскен секілдімін.
- Неше жыл барлау саласында қызмет атқардыңыз?
- Жалпы 36 жыл. Соның 21 жылында осы барлаушы қызметін атқардым. 5 жылдай шет мемлекеттерде болдым.
- Барлаушы болуға дене дайындығы қажет пе?
- Дене дайындығы ол да қажет. Одан бөлек, елмен тіл табыса білу, жұмысына тиянақты болу керек.
- Басқа қандай қасиет болуы керек?
- Ең бастысы – Отансүйгіштік! Өйткені бұндай қасиетсіз ешқандай барлаушы болуы мүмкін емес. Екіншіден, өзіне тапсырған істі аяғына жеткізуге дайын болу керек. Ол елде болатын жұмыс па, шет елде болатын жұмыс па, далада болатын жұмыс па, бәріне дайын болу керек.
- Шет ел тілдерін білу шарт па?
- Иә! Онсыз болмайды!
- Өзіңіз неше шет тілді білесіз?
- Бір шет тілін білемін.
- Елімізде барлаушыны даярлайтын арнайы оқу орны бар ма? Барлаушы қалай даярланады?
- Кеңес одағы кезінде ондай мекеме Мәскеуде болатын. Қазір Қазақстанда арнайы дайындайтын орталық бар. Оған осы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жігіттерінің ішінен үміткерлерді таңдап алады. Содан кейін дайындықтан өткізіп, осы жұмысқа қабылданады.
- Осы барлаушы қызметінде басыңыздан өткен бір қызық оқиғаны айтып берсеңіз?
- Енді... Елімізде де біраз жұмыс істедік. Шетелде де жұмыс істедік. Қай жерін айтарымды өзім де біле алмай тұрмын...
Кеңес уақытында Кеңес Одағы шекарасындағы жұмыстарға араластық. Ол уақытта ақпарат алу қиын, интернет жоқ. Сонда шекарашылармен бірге жұмыс істедік.
- Барлаушы болғысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Барлаушы бірнеше тіл білуі қажет. Баяғыда кемі бір шет тілі керек болса, қазір екі шет тілі қажет. Одан кейін өзі таңдаған мамандықта білімі жоғары болуы керек. Барлауда әртүрлі мамандық иесі керек. Инженер болсын, атом маманы болсын, саясаткер, экономист болсын, әр саладағы білімді азаматтар бізге қажет. Әсіресе, тіл білуі керек.
- Яғни, барлаушы болу үшін тек ҰҚК Акамедиясын, заңгер мамандығын алуы керек деген шарт емес қой?
- Иә, иә. Өйткені, мемлекет бізден әртүрлі ақпаратты тосады. Экономикалық болсын, ғылыми болсын, мұнай саласы туралы да... Қазіргі уақытта әртүрлі қауіптер көбейіп кетті ғой. Сондықтан жас буын барлаушыларымыз оған қарсы тұруға дайын болуы керек. Біздің барлаушыларымыз көп жерде жұмыс істейді ғой. Ең алдымен өзін сақ ұстап, сол елдің заңын бұзбауы керек. Сөйте жүріп, өз міндетін атқаруға міндетті.
- 36 жылдық тәжірибеңіз бар. Бұл саланың қалай дамығанын, өсіп-өркендегенін көзіңізбен көрдіңіз. Біздің еліміздің барлау қызметі әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болатындай деңгейге көтерілді ме?
- Өсті деп айта аламын. Қазіргі уақытта барлаушылардың тапқан ақпаратына байланысты тиісті органдар шешім қабылдайды. Ол шешімдер еліміздің дамуына, экономиканың дамуына үлесі аз емес.
- Сіз қазір Сырбардағы ардагерлер кеңесінің төрағасы екенсіз. Бұл кеңес қандай жұмыспен айналысады?
- Бұл кеңесті демалыста жүрсек те саламызға көмегімізді көрсетейік, жас буынға білгенімізді айтайық деген мақсатпен 2011 жылы құрдық. Содан бері бірнеше кітап жазылды. Газеттерге мақалалар жарияланды. Студенттермен, оқушылармен кездесу өткіземіз. Жас барлаушыларға сабақ береміз, тәжірибемізді бөлісеміз.
Одан бөлек, ТМД елдеріндегі осы өзіміздікі секілді арнайы ұйымдардың ардагерлер кеңесімен байланыс орнатып жатырмыз. Тәжірибе алмасамыз.
- Сіз барлау қызметі саласының ардагері ретінде осы саланың тарихына да бір үңілген боларсыз. Жалпы, қазақ барлау қызметінің алғашқы өкілі Шоқан Уәлиханов деген пікір бар. Осымен келісесіз бе? Біздің барлау қызметінің тарихы Шоқаннан бастала ма?
- Жоқ. Қазақ барлау қызметінің тарихы өте арыға кетеді. Біз былтыр Қарағанды облысы Шет ауданында жатқан Сеңкібай деген батырдың кесенесіне барып келдік. Ол Абылай ханның барлау қызметін басқарған адам екен. Сондықтан, барлаушылардың тарихын сол жақтан бастауға болады деп жорамалдап отырмыз. Қазір сол кісі туралы ақпараттар жинап жатырмыз.
- Әңгімеңізге рахмет! Ел аман, жұрт тыныш болсын!