Қазақ блогерінің Қытайдағы пранк видеолары «өтпей қалды»

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық блогер Аружан Айбекованың Қытайдың Гуанчжоу қаласында және басқа да аймақтарында түсірген бірқатар «пранк тест» видеосы жергілікті жерде сынға ұшырады.

Қазақ блогерінің Қытайдағы пранк видеолары «өтпей қалды»
Фото: Видеодан скрин

Не болды?

«Сяосян Ченбао» басылымының хабарлауынша, Айбекова және оның командасы Гуанчжоудың көшелерінде «Қытайдағы қауіпсіздікті тексеру бағытында» видео түсірген. 

Қазақ блогерінің Қытайдағы пранк видеолары «өтпей қалды»
Фото: Видеодан скрин

Ол серігінің қалтасынан телефонды білдірмей алған болып, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамға ұстата қояды да, жалма-жан «ұрлықты әшкерелейді».

Қазақ блогерінің Қытайдағы пранк видеолары «өтпей қалды»
Фото: Видеодан скрин

Тағы бір пранк видеоларында «Қытай ерлерінің реакциясын тексеріп» көрген.

Қазақ блогерінің Қытайдағы пранк видеолары «өтпей қалды»
Фото: Видеодан скрин

Метрода не көшеде бейтаныс жігіттердің аяғынан немесе қолынан әдейі ұстайды.

Видеолардан ер адамдардың көбі оның әрекетін теріс қабылдап, тез арада аулақ кеткені байқалады.

Қытай қоғамының реакциясы

Бұл пранктар Қытайдың интернет кеңістігінде қызу талқыланған. 

Weibo платформасында «1024 комиссары (1024专员)» деген лақап атпен танымал блогер Kazinform агенттігі журналисіне берген сұхбатында былай деді:

— Біз қоғамдық орындардағы пранктарға қарсы емеспіз, бірақ мұндай әрекеттердің шегі болуы керек, арсыз болмауы тиіс. Қазақ блогерінің бұл әрекеті адамдарды өздерін ыңғайсыз сезінуге мәжбүр етеді.

«Сяосян Ченбао» басылымы өз мақаласында былай деп жазады:

— Қытайдың дәстүрлі ұстанымы адамдарға жақсылықпен қарым-қатынас жасауды үйретеді, қытай халқы әрбір достық ниетпен келген шетелдікті жылы қабылдайды. Алайда, қытайлықтардың ізгі ниеті ешкімнің ойын-сауығына материал болмауы тиіс, әрі назар аудару үшін тақырып жасау құралы емес. Ешбір қарапайым адамның қадір-қасиеті пранктің құрбаны болмауы керек.

Мұндай видео түсіруді адамдардың құқығын бұзу деп қабылдағандар көп. Олар мәселені полицияға жеткізуге шақырған. Дегенмен, қытай полициясының араласқаны туралы нақты ақпарат жоқ.

Қытайдың заң нормалары

Қытайдың «Азаматтық кодексінің» 1018-1020 баптарына сәйкес, кездейсоқ адамдарды рұқсатсыз түсіріп, бейнесін тарату олардың құқығы мен абыройына нұқсан келтіруі мүмкін, бұл азаматтық жауапкершілікке әкелуі ықтимал.

«Киберқауіпсіздік туралы» заңы және «Интернеттегі аудиовизуалды бағдарламаларды тексеру ережелері» жалған, жала жабу немесе арсыз мазмұнды контент таратуға тыйым салады. Бұл әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзу деп танылып, видеолар алынып тасталуы немесе аккаунт бұғатталуы мүмкін. 

«Қоғамдық қауіпсіздікті басқару туралы» заң жала жабу немесе қоғамдық тәртіпті бұзу үшін айыппұл немесе қамауға алуды көздейді, ал ауыр жағдайларда жала жабу қылмысы бойынша қылмыстық жауапкершілік қаралған.

Сонымен қатар, «Шекарадан өту және кіру туралы» заң билікке қоғамдық тәртіпті бұзған шетелдіктерді елден шығару немесе кіруге тыйым салу құқығын береді.

Қытайда орынсыз әрекеттер жасаған блогерлерге қатаң жаза қолданылған мысалдар бар. Мәселен, өткен маусым айында екі қытайлық блогер хайп үшін науқас адамдардың киімін киіп алып, метрода қатты айғайлап, секіріп, жолаушылардың үрейін тудырған. Қытай полициясы олардың әрекетін қоғамдық көліктегі тәртіпті бұзу және теріс әлеуметтік әсер туғызу деп бағалап, әкімшілік жаза қолданған. 

Оқиға немен аяқталды

Аружан Айбекова Instagram платформасындағы пранк видеоларын өшіріп, шектеулі уақыттық жарияланымда жұртшылықтан бұл видеоларды таратпауды сұрап, «елге қайтқан соң түсіндіремін» депті.

Қазақ блогерінің Қытайдағы пранк видеолары «өтпей қалды»
Фото: instagram.com/ia_aruzhan

Байланысқа шығып көрдік, бірақ тілдесе алмадық.

Иә, пранк деген жақсы ғой, бірақ «Ойыннан от шығады» дегенді есте ұстаған да ләзім…

Соңғы жаңалықтар