Қазақ ертоқымының ерекшелігі неде

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс бойында ата-баба өнерін заманға сай өркендетіп, табыс көзіне айналдырған Ержігіт Тоқтарұлы есімді жігіт ағасы тұрады. Ат әбзелдерін жасаудың хас шебері.

ер
Фото шебердің жеке архивінен

 

 

Ержігіттің қолынан шыққан ертоқым еліміз тұрмақ, кейбір шет мемлекеттерге тарап кеткен.

Ат әбзелдерін жасау — Ержігіт Тоқтарұлының күнделікті кәсібі. Ол ата-бабадан қалған ұлық өнерді дамытып қана қоймай, нан тауып жейтін үлкен кәсіпке айналдырып отырған жан.

ертоқым
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Әрі мұнысын әлеуметтік желі арқылы таратып, еліміздің түпкір-түпкірінен ізбасарлар дайындауда. Бүгінде шебердің TikTok-тағы (@ertoqym78) парақшасына 10 мыңға жуық адам жазылған. Айтуынша, жазылушыларының дені қазақстандық.

Бұған қоса, ТМД мен Еуропа елдерінің азаматтары да оның әр салған бейнежазбасын, онлайн эфирлерін қалт жібермейді. Қазақтың ат әбзелдерін жасау, соның ішінде ер шабу, ертоқым құрастыру көбі үшін таңсық дүние. 

ер
Фото: шебердің жеке архивінен

Әлеуметтік желіні жағалаған әлем жұрты Ержігіттің өнері арқылы қазақтың қолөнерімен осылайша кеңінен таныс болып отыр.

— Мені адамдар ертоқым жасайтын шебер ретінде көбірек танитыны рас. Себебі менің қолымнан шыққан ертоқым мен ноқта, өзге де ат әбзелдері Қазақстанның барлық дерлік өңірінде бар. Арнайы тапсырыспен жасатып, шетелдік қонақтарға сыйға тартқандар, халықаралық көрмелерде таныстырғандар да кездеседі. Қазақта ертеде ердің 35 түрі болған деседі. Бірақ оның көбі бүгінде қолданылмайды. Ең бастысы, қазақ ертоқымдары өте ыңғайлы. Өмірінің көп бөлігін ат үстінде өткізген ежелгі бабаларымыз әр жағдайға арнап ертоқым түрлерін жасаған. Біздің Арқа жерінде кеңінен таралған «үйсін ер» («құранды ер») өте қолайлы. Оны салт атпен сапарға шыққанда, көкпарға шапқанда да пайдалана беруге болады. Алдыңғы бөлігіне арқан байлап, өзге де заттарды іліп қоюға ыңғайлы. Бұдан бөлек, құсмойын, арғын, керей, найман, айбас және т. б. ертоқым түрлері кездеседі. Арғын ер мен найман ер ұқсас, тек найман ердің көлемі үлкендеу. Ертеде соңғы аталған екеуін жауынгерлік ер деп те атаған. Себебі алғы қасы биік, ат үстіндегі адамның кіндіктен төменгі жағын садақ оғынан қорғаған. Ердің бүркітшілер мен саятшыларға арналған түрлері де бар. Мысал үшін мынау дайындап жатқан ердің біріне бүркіттің балдағын орналастыруға болады. Алғы қасы соған лайықталып жасалды, — деп әңгімесін бастады шебер.

ер
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Ержігіт Тоқтарұлының айтуынша, ердің қаңқасы негізі 5 бөлшектен тұрады: алғы қас, артқы қас, екі жақ қапталы, белағаш. Кейбірі ерді тұтастай шабады. Ал енді біреулер бестен де көп бөліктен құрайды.

Көп шеберлер қаптал ағаштарын өгіз терісімен көндейді. Өгіз терісінің қалыңдығы шамамен 3,5-4 мм. Әрі мұндай өңделген терінің бағасы да қымбат. Көп шеберлер тоқым мен белағашқа жұқа теріні пайдаланады.

ер
Фото шебердің жеке архивінен

Оның сапасы мен құны соған сәйкес төмен бағаланады екен. Былғарыны еліміздегі тері өңдеу зауыттарынан және Беларусь елінен алдырып отырғанын жеткізді. Түркия елінің шикізаты сапалы болғанымен бағасы қымбаттау. 

Сондықтан ерді кәсіп көзіне айналдырған шеберлер көбіне тапсырыс берушінің талап-тілегіне сай материалдарды пайдаланады. Жылқы шаруашылығын ұстайтындар, ат спортының әуесқойлары бүгінде «шаруа еріне» көбірек тапсырыс беретін көрінеді. Ол жайдақтау, қазақ еріндей емес, алдыңғы қасы төмен келеді. 

ер
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— Ердің қаңқасы қайың ағашынан жасалады. Оны кейде өзім дайындаймын, кейде ағаш шеберлеріне шаптырып ала саламын. Ертоқымның аса ыңғайлы болуы, сән-салтанатының жарасуы зергерлік және тігіншілік өнердің өзара біте қайнасып жатуын талап етеді. Бұл өнер түрлерін кеңінен меңгеріп алғанмын. Атам Баймұхамет кезінде колхоздың темір ұстасы болса, әкем Тоқтар — ағаш шебері. Бұл өнер маған да қонды. Алғаш ағаштан домбыра шабуды үйрендім. Ал ертоқым құрастырумен 10 жылдай шұғылданып келемін. Есте қалған тапсырыстардың бірі — Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық торқалы тойына арнайы жасаған, сән-салтанаты келіскен ертоқым. Оған меценаттар тапсырыс беріп, кейін музейге тарту етті. Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған тойда Қызылорда өңірі де қымбат материалдармен зерленген ер жасатты. Бұлардың барлығы айбас ерлер еді, — деп жалғады әңгімесін.

Айтуынша, оның қолынан шыққан ертоқымның ең арзаны 800 мың теңге тұрады. Ең жоғары бағаланғаны 2,5 млн теңге болыпты. Ал еліміздегі кейбір шеберлердің ертоқымы 8 млн теңгеге дейтін жететін көрінеді.

а
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Қымбат тапсырыстар екі-үш жылда бір түсіп тұрады. Ердің біреуін жасауға шамамен бір-бір жарым айдай уақыт жұмсап, тапсырыс берушінің барлық қалауын ескеруге тырысады екен. 

— Негізгі тапсырыс берушілер –еліміздің оңтүстік өңірлерінен. Ертоқым жасаушылардың дені оңтүстікте тұрғанымен, менің қолымнан шыққан дүниелерге құмартушылар баршылық. Әр әбзелге бар жиған-терген өнерімді саламын. Былғарыны баптап кесу, өрнектеу, қаптал мен тоқымға қаптама материалдарды шегендеу, күмісті ерітіп, созу, өрнек түсіру, тоқымды, жүгеріні біркелкі тігіспен әдіптеу — барлығы асықпай жасалатын шаруа. Әрқайсысының түсі, пішіні, орналасуы бір-бірімен үйлесіп тұрмаса, сырт көзге тұрпайы көрінеді. Сондықтан бұл жерде сұлулық үйлесімін көре білу де бұлжымас шарттың бірі. Қазіргі күні Павлодар мен Абай облыстары аумақтарында мұндай ертоқымды менен өзге кәсіби түрде жасайтын шебер жоқ екенін байқаймын. Мүмкін жұрт арасында өнері елден асқан шеберлер бар шығар, бірақ олардың дүниесі көзге түспейді. Бұған қоса жасаған дүниелерімді Қазақстан ішіндегі түрлі көрмелерге жиі апарамын. Түркияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне көрмеге шақырды, бірақ баруға мүмкіндігім болмады, — деп қосты ол.

ұста
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Ержігіт нарықтың заңымен жүретін азамат. Таныстарынан, өзге әріптестері мен жылқы шаруашылығында жүргендерден ат әбзелдеріне қатысты соңғы жаңалықтарды үнемі сұрастырып отырады.

Соңғы жылдары отандық нарықта ат спортына арналған ноқтаға сұраныс көбейгенін байқап, спорттық ноқтаны көбірек жасай бастапты. Негізі спорттық ноқтаның әлем бойынша бекітілген стандарттары бар, ені айтарлықтай жұқа, жеңіл, ауыздық темірінің іші қуыс болуы керек (салмағын жеңілдету үшін).

домбыра
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Павлодарлық шебер бұл талаптардың бәрін орындап отыр. Оның аталған ноқталарға өз тарапынан қосқаны — әрбіріне қазақтың ою-өрнектерін салады. Ұлттық нақыштағы мұндай ноқталар алыстан мен мұндалап, сәйгүліктің келбетін ашпаса, сыйқын бұзбайтыны анық. 

Атап өтерлігі, осыдан бірер жыл бұрын еліміздегі қолөнершілерге қолдау болсын деп жергілікті әкімдіктер шеберханалар ұйымдастырған. Ертіс-Баян өңірінде де мұндай ұсыныстар болған еді. Алайда Ержігіт Тоқтарұлына ұсынған ғимарат көңілден шықпапты.

— Аядай ғана 18 шаршы метр бөлмеде өзіңіз және тағы екі шебер жұмыс істейсіздер деген талап қойды. Станоктарым, құрал-саймандарым мұндай алаңға сыймайтыны анық. Сыпайы түрде бас тарттым. Мемлекет тарапынан қолөнершілерді қолдау іс-шаралары жасалып жатыр деп естіп қаламын. Бірақ ат әбзелдерін жасайтын шеберлер ондай мүмкіндіктен ада, — деп қынжылды ол.

а
Фото шебердің жеке архивінен

Сөз соңында Ержігіт Тоқтарұлы ертоқым жасау өнері аса төзімділікті қажет ететінін жеткізді.

— Машақаты мол кәсіп, әрі көп уақытты талап етеді. Кейде сәл бір деталь көңілден шықпаса, тұтастай бөліктерді қайтадан айырбастауға тура келеді. Шабыт жүрмесе, жасаған ердің сәні де келіспейді. Сондықтан ата-бабамыздың бұл кәсібін бастапқыда тәуір бастап, орта жолда тастап кеткен талай азаматты көрдім. Нарықтың сұранысына сай икемделу керекпіз. Әлеуметтік желідегі бейнежазбалардан шетелдік шеберлердің бармақ басындай затты кесіп, жону үшін қаншама заманауи станоктар, құралдар пайдаланатынын байқаймыз. Технологиялық мүмкіндік адам қолымен жасалатын жұмыстың көп бөлігін еңсереді. Ондай станоктар мен технология жақын арада ертоқым жасау өнеріне де енетініне күмәнім жоқ. Ең бастысы көне мен жаңашылдықты сабақтастыру білген абзал, — деп қорытты сөзін. 

Еске сала кетейік, біз бұған дейін 50 жыл ішінде қамшының екі мың ерекше түрін жасап шығарған алматылық шебер жайлы жазғанбыз.  

ер
Фото шебердің жеке архивінен
а
Фото шебердің жеке архивінен
а
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

 

 

Соңғы жаңалықтар