Қазақ футболы: Кешегі күннен келешекке дейін
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстан футбол федерациясының Еуропалық футбол қауымдастығы одағы (UEFA) құрамына енгеніне 23 жыл толады. Ширек ғасырға жуық уақыт аралығында ел футболында қандай өзгерістер болды? Kazinform аталған тақырыпты тарқатып көрді.

Стокгольм төріндегі тарихи шешім
2002 жылдың 25 сәуірінде Швеция астанасы — Стокгольм қаласында UEFА конгресінде қабылданған шешім негізінде Қазақстан Еуропада доп тебуге мүмкіндік алды. Бұл қазақ футболын дамытуға бағытталған оң қадам еді. Оған дейін федерация Азия футбол конфедерациясы (AFC) құрамында болды.
Қазақстандық футболшылар 2004 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіне қатысудан кеш қалды. Сондықтан аталған ұйым құрамындағы алғашқы ойынын жолдастық кездесуден бастады. 2002 жылдың 7 шілдесінде Алматыда Эстониямен жасыл алаңға шықты. Кездесу барысында қазақстандық Олег Литвиненко мергендік танытты. Қос құрама 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ал 2003 жылы ұлттық құрама Португалия, Польша, Фарер аралдары, Мальта құрамасымен жолдастық кездесу өткізді. Олардың әрбірі футболшылардың шеберлігін шыңдауына, тәжірибесін арттыруына негіз қалады.
— UEFА құрамына негізінен әлемнің үздік құрамалары жинақталған деп айтуға толық негіз бар. Ол еліміздегі футболдың кеңінен өрістей түсуіне жол ашады. Сондай-ақ инфрақұрылымның жақсаруына негіз қалап, спорттың осы түріне қызығушылық білдірген жас өрендердің шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік жасайды. Әлемде футбол спорты қашанда биік тұғырынан төмендеген емес, — деді еліміздің ұлттық құрамасының бұрынғы қақпашысы Нұрлан Әбуов.
Қазақстандық футболшылар Еуропа құрлығындағы алғашқы ойынын әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Алматыда Украина құрамасына қарсы өткізді. Тартысты өткен кездесуде олар қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді. Ал 2007 жылдың 24 наурызы қазақ футболы үшін ерекше оқиға болды. Өз алаңында отандастарымыз Сербия құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, жанкүйер қауымының үлкен қошеметіне ие болды. Одан кейінгі жылдарда олар Шотландия, Дания секілді құрамалардың да осал тұсын таба білді.

Сондай-ақ футзалдан Қазақстан құрамасы әлем және Еуропа чемпионаттарында жанкүйер көңілінен шығарлық нәтижеге қол жеткізді. 2021 жылы олар әлем чемпионатында төртінші орынға табан тіресе, 2016 жылы Еуропа чемпионатында үздік үштіктен көрінді.
Сәулетіне сай стадиондар көбейеді
Жылдан-жылға елімізде футбол саласында инфрақұрылымды дамытуға мән беріліп келеді. Осындай оқиғаның бірі 2009 жылдың 3 шілдесінде болды. Елорда төрінде барлық талапқа сай 30 мың жанкүйер сыятын «Астана-арена» стадионы бой көтерді.

Содан бергі уақытта аталған спорттық нысан еліміздің ұлттық құрамасы мен елордалық «Астана» командасының басты ордасына айналды. Қазақстандық жанкүйерлер үшін айрықша эмоция сыйлаған қаншама елеулі ойындарға негіз қалады.

Қазақстан футбол федерациясының қоғам және БАҚ-пен байланыс департаментінің бас менеджері Сейіл Қожатайдың айтуынша, елімізде спорттың аталған түрін дамытуға ерекше мән беріліп келеді.
— Қай кезде де теңбіл доп өнеріне қызығушылық білдірген жас өрендердің қатары сиреген емес. Елімізде балалар мен жасөспірімдер мектебінде тәлім алып жүрген балалар көбейіп келеді. Жүйелі түрде футболды серік еткен адамдар саны артты. Оған қажетті стадиондар мен манеждер халыққа қызмет көрсетіп келеді. Жылма-жыл федерация тарапынан бапкерлерді даярау және олардың біліктілігін арттыруға мән берілген. UEFA құрамына қосылғаннан кейін еуропалық әдістемелер бойынша мамандар дайындауға жол ашылды, — деді Сейіл Қожатай.
Осының нәтижесінде елімізде кәріқұрлықтағы беделді клубтарда доп теуіп жүрген Абат Айымбеов, Бахтиёр Зайнутдинов, Дастан Сәтпаев секілді шеберлігі шыңдалған талантты жастар шықты.

Кейінгі уақытта елімізде жаңа стадиондар салу мәселесі дұрыс жолға қойыла бастады.

2020 жылдың 30 тамызында Түркістанда жаңа стадион пайдалануға берілді.

Биыл Қызылорда қаласында 11 мың адамға лайықталған футбол аренасы елдің игілігіне айналады деп күтілуде. Алдағы уақытта Шымкент, Ақтөбе, Семей, Атырау қалаларында жаңа стадиондар бой көтерсе, Алматы қаласындағы Орталық стадион қайта жаңғыртылмақ. Олардың барлығы UEFA талабына толықтай сай келеді.
Еурокубоктағы елеулі оқиғалар қандай?
Ұзақ жылдан бері футбол статистикасымен тұрақты түрде айналысып келе жатқан Жеңіс Қожамқұловтың айтуынша, 2002 жылы қазақстандық клубтар еурокубок ойындарындағы алғашқы ойынын өткізді. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде елордалық «Жеңіс» молдовалық «Шерифпен» кездесті. 2007 жылдың шілдесінде қостанайлық «Тобыл» футбол клубы Интертото кубогының барлық үш айналымынан сүрінбей өтті.

— Ел спортының тарихындағы елеулі оқиға 2013 жылы тіркелді. Қарағандылық «Шахтер» командасы Еуропа лигасы топтық кезеңіне жолдама алды. Топтық кезеңде Нидерландтың «АЗ Алкмаар», Грекияның ПАОК және Израильдің «Маккаби Хайфа» клубтарымен кездесті. Екі мәрте тең түсіп, қалғанында қарсыластарына есе жіберіп қойды, — деді Жеңіс Қожамқұлов.
Ал елордалық «Астана» 2015 жылы қазақстандық клубтар арасынан Чемпиондар лигасы топтық кезеңіне жолдама алған алғашқы команда ретінде ерекшеленді. Астаналық футболшылар іріктеу кезеңінде Словенияның «Марибор», Финляндияның ХИК, Кипрдің АПОЭЛ клубтарын орта жолда қалдырды. Топтық кезеңде Испанияның «Атлетико Мадрид», Португалияның «Бенфика» және Түркияның «Галатасарай» клубтарымен шеберлік байқасты. Өз тобында төрт мәрте тең түсіп, небәрі екі кездесуде жеңілістің ащы дәмін татты.

Одан кейін «Астана» қатарынан төрт жыл бойы Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсті. 2017 жылы өз тобында Испанияның «Вильярреал», Чехияның «Спарта Прага», Израильдің «Маккаби Тель-Авив» шеберлік байқасып, 10 ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Жарыстың 1/16 финалында Португалияның «Спортинг Лиссабон» клубына (1:3, 3:3) жол берді.
Ал футзалдан алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасында екі мәрте топ жарды. 2012/13, 2014/15 жылдарда аталған турнирде жеңімпаз атанды. Одан кейінгі кезеңде де алматылық клуб ел намысын абыроймен қорғап келеді.

Еске салсақ, Қазақстан футболы күніне орай бүгін, 25 сәуірде Астанада әлем және Қазақстан футболының аңыз ойыншылары жолдастық кездесу өткізеді.