Қазақ халқының түп тамыры Жаңақорған өңірінде өмір сүрген сақ тайпаларынан тарайтыны рас па

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Тарихшылар «азиялық скифтер» деп атаған сақ тайпалары біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІ-ІҮ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген. Парсы жазбаларында оны үшке бөліп қарастырады. Соның бірі — шошақ бөрікті тиграхауда сақтары қазіргі Сыр бойы мен Қаратау өңірін, Талас, Шу алқаптарын, Ыстықкөл мен Балқаш жағалауларын алып жатқан.

Қазақ халқының түп тамыры Жаңақорған өңірінде өмір сүрген сақ тайпаларынан тарайтыны рас па
Фото: Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі

Қызылорда облысындағы Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бақдәулет Хайруллаұлы қазіргі түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының түп тарихы Жаңақорған өңірінде өмір сүрген сақ тайпаларына барып тірелетінін атап өтті. 

Қазақ халқының түп тамыры Жаңақорған өңірінде өмір сүрген сақ тайпаларынан тарайтыны рас па
Фото: Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі

— Сырдария өзенінің біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІ-ІҮ ғасырлардағы атауы Яксарт болғаны белгілі. Сақ тайпалары осы Яксарттың бойында, Қаратау өңірінде қоныстанған. Біздің жыл санауымызға дейін ҮІІ ғасырдан бастап біздің дәуіріміздің ІІ ғасырына дейін өмір сүріп, кейін басқа тайпалармен араласып, соларға сіңісіп кетеді. Зерттелген деректерге сүйенсек, сақ тайпаларының тілі алтай тілдік тобынан тараған, яғни тілі де, жазуы да ұқсас. Сырдария бойын мекен еткен сақтар егін еккен, өзен бойы олар үшін жайлы қоныс болған. Малшылар мен егіншілер айырбас сауда жасап, күн көрген. Осы кезден бастап бірте-бірте көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы шаруашылықтарға бөліне бастаған. Жалпы сақ тайпалары жауынгер халық еді. Мекен еткен жерін сұрапыл шайқастардан қамықпай қорғады. Біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ ғасырдан бастап қазіргі заманның ҮІІ ғасыры аралығында өмір сүрген қаңлы тайпалары сақ тайпаларының жалғасы деуге негіз бар. Сыр бойын паналаған қаңлылар өздерін «түрікпіз» деген. Академик Бартольд қаңлы тайпалары Сырдарияның орта тұсында өмір сүрген деп тұжырымдайды. Ал археолог-тарихшы Бернштам бұл пікірді қуаттай келіп, сол қаңлы тайпаларының бір саласы Сырдарияның орталық ағысында Жаңақорған кентінен солтүстік-батысқа қарай, Қазалыға дейін үлкен аймақты алып жатқанын айтады. Бұдан қаңлы тайпалары Жаңақорған ауданы өңіріндегі сақ тайпаларының тікелей жалғасы екенін көреміз. Бұдан кейінгі ғасырларда түріктің ата-тегі саналатын ғұн тайпалары шаңырақ көтереді. Кейін одан бірнеше тайпа мен халық өрбіді, — музей өкілі.

Тарих ғылымдарының докторы, археолог Мадияр Елеуов бастаған топ 2005 жылы Жаңақорған кентінің шығысында, яғни бұрынғы Шалқия және Шымкент жолдары аралығында археологиялық барлау жұмысын жүргізді. Нәтижесінде ол жерден обалар қорымын тапты. 2016 жылы мамандар сақ дәуіріне тиесілі обаны кеңінен зерттеді.

Қазақ халқының түп тамыры Жаңақорған өңірінде өмір сүрген сақ тайпаларынан тарайтыны рас па
Фото: Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі

— Обалы қорым солтүстік-шығыстан оңтүстік-батыс бағытында тізбектеле орналасқан 18 обадан тұрады. Үйінділері тас аралас топырақтан үйілген, төбе іспетті, диаметрі — 12-22 метр, биіктігі — 0,3-0,5 метр. Археологиялық зерттеу кезінде солтүстік-шығыстан есептегенде 8-обаға қазба салынды. Оба тас аралас топырақтан дөңгелекше пішінде төбе түрінде үйілген. Диаметрі — 15 метр, биіктігі — 0,4 метр. Обаның беткі үйіндісінің стратиграфиялық қабатын анықтау мақсатында солтүстіктен оңтүстік бағытында кесінді қалдырылды. Обаның көлемі үлкен болғандықтан батыс бөлігі техниканың көмегімен қазылды. Ал шығыс бөлігі беткі үйіндісінің қабаттарын ашып, зерттеу үшін қолмен қазылды. Қазба жұмысы барысында обаның беткі үйіндісі екі қабаттан тұратыны анықталды. 0,3 метр биіктікте ақшыл сұр түсті қатты, үстінен 0,1 метр қалыңдықта тас аралас құмды топырақпен үйілген. Кесіндінің солтүстік-шығыс бөлігін қазу барысында үйіндінің ең жоғарғы нүктесінен 0,4 метр тереңдікте төмен түсіру барысында құрлық қабатынан мүрде шұқырының сұлбасы байқалды. Қазба орнында жүргізілген зерттеу жұмысы нәтижесінде мүрде шұқыры 2 камералы етіп қазылғаны белгілі болды. Оба шұқырының жалпы тереңдігі — 2,6 метр. Ішкі бөлігіндегі жерлеу камерасына мүрде қойылғаннан кейін беті көлденеңінен қамыспен бекітіліп, үсті толықтай майда тас аралас құммен көмілген. 8-обаға жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмысы барысында алынған заттай материалдардың басым бөлігі киімді әшекейлеуге және өрнектеуге арналған алтыннан жасалған жіп бөліктері болып шықты. Жіп бөліктері өте нәзік әрі жұқа. Алтыннан дайындалған әшекейлік бұйымдар қатарында киімнің жиегін әшекейлеуге арналған екі шегемен бекітілетін қапсырма және тойтарма шеге бірден назарымызға түсті. Жерлеу камерасын тазалау кезінде анықталған темірден жасалған екіжақты жүзі бар қылыш пен төрт қырлы темір бұйымның бөлігі алынып, сипатталды. Сонымен қатар жерлеу камерасының әр деңгейінен табылған мүрденің бір азу тісі, саусақ және жілік сүйектерінің бөліктері алынды. Оба сол заманда-ақ тоналған. Обадан алынған заттай материалдар тонау кезінде кездейсоқ қалып қойған, — деді Бақдәулет Хайруллаұлы.

Қазақ халқының түп тамыры Жаңақорған өңірінде өмір сүрген сақ тайпаларынан тарайтыны рас па
Фото: Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі

Обаның сыртқы пішініне, көрдің қазылу тәсілі мен пішініне, табылған аздаған олжаға қарап, ғалымдар оны біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың орта шеніне жатқызды. Жерленген мәйітті осы кезеңде өңірді мекендеген сырдариялық сақ деп болжам жасады. Музейдің ғылыми қызметкері алдағы уақытта қорымның басқа да обалары зерттелетінін, бұл табылған дүниелердің мерзімін нақтылай түсуге мүмкіндік беретінін айтып отыр.

Бұған дейін біз Қызылорда облысы Қазалы ауданының Әйтеке би кентiндегі бастауын патшалық Ресейден алатын архитектуралық ескерткіш — су қыспақты мұнара туралы кеңінен жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум