Қазақ киносы «Оскарға» мұқтаж ба – Ғалымбек Қаратүрікпен сұхбат

Ғалымбек Қаратүрік
Фото: Ғ. Қаратүріктің жеке архивінен

АСТАНА. KAZINFORM – Режиссер, актер, «Nomad Stunts» қазақстандық командасының каскадері Ғалымбек Қаратүрік «Тұтылған жарық» картинасымен Үндістандағы «Athvikvaruni» кинофестивалінде «Үздік қысқаметражды фильм» жүлдесін жеңіп алды. Жас режиссер агенттік тілшісіне берген сұхбатында тырнақ алды туындысы кәсіби мамандарды несімен баурап алғанын, қазақ киносының аяқ алысы қалай екенін айтып берді.

 Ғалымбек Қаратүрік
Фото: Ғ. Қаратүріктің жеке архивінен

− Ғалымбек, тағы да жүлде алуыңызбен және кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Өзіңіз туралы айтып беріңізші, сіз жұмыс істейтін «Nomad Stunts» командасының ерлігі баршаға аян. Каскадер болу үшін адамға қандай қабілет керек?

Рахмет! Өзім Талдықорған жақтың қазағымын. Бакалаврды Астанада кеше ғана Күләш Байсейітова есімі берілгенҚазақ ұлттық өнер университетінде оқыдым, «Музыкалық драма театрының актері» мамандығын меңгердім. 2017 жылы Қазақфильмнің «Томирис» кинокартинасында режиссер командасында бір жыл жұмыс істедім. Кейінірек «Nomad Stunts» каскадерлер тобына келдім. Қазір Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында «Экшн актері» атты жаңа мамандық бойынша сабақ беремін. Жетекшіміз – Жайдарбек Күнғожин. Оған қоса, биыл «Кинорежиссура» мамандығы бойынша магистратураны аяқтағалы отырмын.

Каскадерлікке қалай келгенімді жиі сұрайды. Студент кезімнен «Nomad Stunts» туралы көп естігенмін. «Қазақфильм» киностудиясында жүргенімде олармен танысудың сәті түсті. Әрине, көшедегі кез келген адам каскадер бола алмасы анық. Оған база керек, мінез керек. Бала кезімнен ат жалында өскен соң, спортпен айналысқан соң, бұл жұмыс бірден ұнады. Жеті жылдан бері осы топта еңбек етіп келемін. Біздің каскадерлер «Мулан», «Наполеон» секілді әлемдік ірі жобалардан көрінді, мен жарақат салдарынан қатыса алмадым. Дегенмен былтыр Netflix платформасының «Темірлан» өзбек картинасына түстік. Оның премьерасы жыл соңында өтеді деп жоспарланып отыр.

Каскадерлік – күнде ажалдың аузында жүргенмен тең. Талай рет аяқ-қолымыз сынды, талай жарақат алдық. Өнерге деген махаббат, кеудедегі намыс – біздің жігіттердің бойынан табылатын қасиеттер. «Тарихи трюктар жасасақ екен» деген арман алға жетелеп келеді. Мұнда экшн-операторлардың да жұмысы маңызды. Ресейлік кино жобада актер-каскадер болып жүргенімде аттан құлайтын бір сахнаны 8 дубльмен түсірдік. Өйткені, экшн-оператор кадрды ұстай алмады, үшінші дубльден кейін қолым сынды, сынған қолмен тағы 5 дубль түсіріп, қажетті сахнаны алғанбыз.

кино
Фото: Ғ. Қаратүріктің жеке архивінен

− «Тұтылған жарық» фильміне ойыссақ, оның сценарийі қалай жазылды? Көрерменге қандай идеяны жеткізгіңіз келді?

Бұл – менің алғашқы фильмім және ол арнайы фестиваль үшін драма, мәдени философия бағытында түсірілген. Мысалы, әр ұлттың басқаға ұқсамайтын, өзіне тән философиясы болады. Бізде де табиғатқа қарап, «ай шалқақ туса, күн суытады», «ай қораланса, күн жылиды» дегендей өзіміздің танымдық философиямыз бар. Осы картинамда күндіз көзі көрмейтін, түнде ғана көретін ауыл барымташысы туралы баяндалады, бұл – өмірде болған шынайы оқиға.

Кез келген шығарманың жаңалығы болмаса, ешкімді қызықтырмайды. Сондықтан фильмде бұрын қолданылмаған детальдарды шығаруға, табиғатпен, күнмен параллель өмір жүргізуге тырыстым. Қыз бен жігіттің кездесуінде түн мен жұлдыздар туралы айтылатын тұсы бар. Соңында кейіпкер дүниеден өтерде кадрда тұтылған күн бейнеленеді, күн бетінде жалғыз құстың ұшып бара жатқаны көрінеді. Басқа халықтарда да жарық пен қараңғы туралы түсініктер қалыптасқан. Соны ұлтымыздың түсінігіне, болмысына қарай жақындатып, киномен параллель табиғат құбылыстарын беріп отырдым. Сонысымен ерекше болып, қазылар алқасын баурап алды деп ойлаймын.

Киноның ұзақтығы – 17 минут. Оны өз қаражатыма түсірдім деуге болады. Алматы облысында Несіп ауылында екі аптаға жуық түсірілім жұмыстары болды. Экшн сахналарына өз әріптестерім түсті, тіпті арнайы экшн-операторлар жұмыс істеді. Айналамда жүрген кино мамандарымен бірге жасап шыққан туындымыз болды.

− Көп жағдайда фестивальдік фильмдер көрерменге жол тартпай, режиссер сөресінде қала береді. Дей тұрғанымен, Баян Алагөзова фестивальге түсірген «Бақыт» фильмін прокатқа шығарды. Оны да түсінгендер аз болған секілді. Дұрысы қайсы? Туындыларды фестивальдік және коммерциялық фильм деп бөлген дұрыс па?

Негізі фестивальдік фильмдер жалпы көрерменге емес, кәсіби кино мамандарына арналып түсіріледі, оның мақсаты да сол. Мысалы, бокстан әлем чемпионатының өз қағидалары бар, оған көше сотқарын емес, ең мықты спортшыларды алып барады. «Бақыт» фильмін бір рет қана көрдім, айтарлықтай жаңалық таба алмадым. Өмірде болып жатқан, күнделікті көріп жүрген дүниені экранға шығара салғандай болды. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, басқа адамның шығармашылығына баға беру қиын. Кез келген адамның өз бағыты, өз көзқарасы бар.

Жалпы, кино дегеніміз – көзқарас. Сіздің де сұрағыңыз орынды. Фильм түсірілген соң, көрерменге арналуы керек. Дегенмен, екеуінің ара-жігін ажыратпай-ақ, шын мықты кинолар фестивальде де жүлде алып, көрермен жүрегінен де орын таба алады деп есептеймін.

 Ғ. Қаратүрік
Фото: Ғ. Қаратүріктің жеке архивінен

− Мұндай жоғары кәсіби ортада – шетелдік кинофестивальдерде қазақ фильмдері қалай қабылданып жатыр? 

Менің ұстазым Шәрипа Нұрымбетованың «Мәриям» фильмі Еуропадағы кинофестивальде басты орындарға ие болды. Одан кейін Әділхан Ержанов көбінесе фестиваль бағытында кино түсіреді. Мұнда айтқым келгені – мен тек қана фестиваль бағытында кино түсіремін деген сөз емес. «Тұтылған жарық» кәсіби деңгейімді сынап көру үшін қолға алған жобам. Алдағы уақытта жалпы көрерменге арналған, ұлтымызға тән, халық жүргенінен орын аларлықтай үлкен туындылар жасаймын деген жоспарым бар.

Фестивальдер аренасында Қазақстан көш ілгері деп айта алмаймын. Азия фильмдері бар, Еуропа фильмдері бар, Америкада өтетін бүкіләлемдік кино додасы бар – қарап отырсаңыз, жылына 2-3 режиссеріміздің ғана есімі шығады. Көп жағдайда біздің киноларымыз Еуропа жаққа қызық болуы мүмкін, өйткені Азияның мәдениеті, қолтаңбасы көрініп тұрады, актерлер мектебі өзгешеленеді. Ал Азия фильмдері конкурсында қазақ фильмдері әлдеқайда жақсы. Сондықтан кесіп-пішіп айту қиын. Соңғы жылдары талантты жас режиссерлер қатары көбейіп келеді. Білімі жоғары, өресі биік, түсірген дүниесі сапалы, айтар ойы бар, жақсы бір буын қалыптасып келеді. Бұл мені қуантады.

− Әлеуметтік желіні ашсақ, «Қандай кино көрсем екен?» деп бас қатыратын көрермен көп. Ал сізге кәсіби тұрғыда қай режиссерлер мен фильмдер зор әсер қалдырды?

Өте көп. Мен бұрынғы киноларды көбірек көрдім – Чарли Чаплин фильмдеріне әлі күнге дейін таң қаламын, Джеймс Кэмэрон фильмдері, Үндістан мен Жапония фильмдерін көп қараймын. Өзіміздің Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаевтың туындыларын жиі тамашалаймын. Олардың фильмдерінде біздің ұлттық колоритіміз, тіліміз, сөз саптауымыз, киім киісіміз, жүріс-тұрысымыз бәрі көрініп тұрады. Сол кездегі дәуірге адамды сендіре алады. «Менің атым Қожаны» қарасаңыз, күлдірейін деп ешкім тыраштанбайды, шын ойнап жүреді, мұнда режиссердің де, актердің де шеберлігін байқауға болады.

Қазір де ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген талантты жастар бар, бір әттеген-айы – кино өте көп қаражатқа келіп тіреледі. Сол талантты жастарымыз үлкен қолдау тауып, классикалық фильмдердің ізін жалғайды деп сенемін. Менің де болашақ фильмдерімнің сценарийі, сұлбасы ойымда жүр. Ең бастысы – егер де өз ұлтымның азаматын, өз ұлтымның батырын, салт-дәстүрін мақтаныш етіп көрсете алмайтын кино түсірсем, оның құны – көк тиын.

 Ғ. Қаратүрік
Фото: Ғ. Қаратүріктің жеке архивінен

− Ал, қазақ фильмі қашан «Оскар» алуы мүмкін? 

Бұған дейін Ермек Тұрсынов түсірген кинолар «Оскардың» іріктеуінен өткен болатын. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек, әлемде «Оскар» алған фильмдер жетерлік, бірақ бәрі шедевр емес. Оған саясат та, басқа факторлар да көп ықпалын тигізеді.

Мұндағы айтайын дегенім, режиссер болатын адам өзінің кәсіби деңгейін, басқа мықты режиссерлерден кем емес екенін көрсетсе, өз елінің, ұлтының болмысын көрсететін, ұлтының құндылықтарын көрсететін, халықтың жүрегінен жол табатын туындылар жасай алса, оның межелі нүктесі «Оскар» емес, оның құны «Оскардан» да биік дер едім.

− Қазақстандағы киноиндустрия жөнінде пікіріңіз қандай? Нарық комедияға толып кетті деген сынмен келісуге бола ма? Әлде халықтың сұранысына қарай жұмыс істеу – дұрыс қадам ба?

Әлемде кино мамандарының, режиссерлердің 10 пайызы ғана киноны идеология, тарих, ағартушылық құралы деп қабылдайды екен. Ал қалған 90 пайызы үшін кино – коммерция, бизнестің көзі. Сондықтан қазіргі кинотеатрға шығып жатқан картиналардың ешқайсысын жақсы деп те, жаман деп те баға айта алмаймын. Бұл да бір өтпелі кезең. Мысалы, осыдан 30 жыл бұрын өзге елдер де тура осындай өтпелі кезеңді бастан кешкен. Кәсібилер емес, әуесқойлардың дәурені жүрген кездер болды. Бірақ ол кезең ұзаққа созылмады, он жылдан кейін қайтадан мәнді-мағыналы фильмдер өз тұғырына шықты.

Сондықтан халық көретін киносын өзі таңдайды. «Комедиядан шаршадық, жауыр сценарийлерден шаршадық» деген пікірлер жиі естіле бастады. Нарықта әртүрлі жанр болуы керек және кез келген уақытта таңдау болуы керек деп ойлаймын.

 Ғ. Қаратүрік
Фото: Ғ. Қаратүріктің жеке архивінен

 

Соңғы жаңалықтар
telegram