«Қазақ солдатының» кейіпкері Қайырғали Смағұлов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Қазақ әйгілі жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің таңдаулы шығармаларының қатарында «Қазақ солдаты» романы да бар. Туындының басты кейіпкері — Қайрош Сарталиев болғанымен, прототипі — Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұлов.

Ол қазіргі Атырау қаласының маңындағы Томарлы ауылында 1919 жылы өмірге келген. Он жасынан Орал қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, 7 жылдық білім алған. Кейін Гурьевтегі балық консерві зауытында жұмыс істеді.
Ал әскер қатарына 1939 жылы алынып, қару-жарақты қолданудың қыр-сырын меңгерген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылдың маусымынан Солтүстік Кавказ майданындағы 1339-атқыштар полкінің жауынгерлерімен бірге жауға қарсы шыққан. Сол кезде бұл полк 18-армияның 318-атқыштар дивизиясының құрамында болған.
Қазақ жауынгері Керчь түбегіндегі ұрыста ерлік көрсетті. Осы түбекте 20 десантшы 44 күн бойы бір қадам кейін шегінбепті. Әсіресе, Қайырғали Смағұлов Елтиген елді мекенін азат ету үшін жаудың 20-ға жуық әскерінің көзін жойған. Оған бұл ерлігі КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 13 қыркүйектегі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Майдан даласындағы ерлігі үшін батыр атанған қазаққа қысқа мерзімдік демалыс берілген.
Алдымен Алматыда аялдап, жазушы Ғабит Мүсіреповпен кездесіпті. Танымал қаламгер батырдың балалық шағынан сыр тартып, ерлігін паш еткен «Қазақ солдаты» шығармасын жазды.
Батыр қазақ елге 1946 жылы оралды. Алатау етегіндегі шаһардан партия мектебінің курсын бітірді. Он жыл жергілікті педагогикалық институттың азаматтық қорғаныс кафедрасында жұмыс істеді. Әлеуметтік қамсыздандыру саласына, № 12 кәсііптік-техникалық училищеге басшылық етіп, 1993 жылы өмірден өтті. Қазақтың болмысына тән қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен баршаның есінде қалды.

Атырау жұртшылығы батырдың есімін ұмытқан жоқ. Оған 1989 жылы Атырау қаласының құрметті азаматы атағын берді. Жайық жағалауындағы көшені батыр есімімен атады. Соған таяу маңнан бульвар ашылып, бюстісі орнатылды. Кіндігі кесілген ауылдағы мектепті де батыр атымен атау ұйғарылды.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың Атырау қаласында тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Тақтаны ашу шарасына батырды көрген аға буын өкілдері мен ұрпағы, әскери бөлім сарбаздары қатысты.

— Бұл — майданда ерлік пен төзімділіктің, қайсарлықтың үлгісін көрсеткен батырдың рухына құрмет. Отанның бейбіт өмірі үшін кеудесін оққа тосқан Қайырғали Смағұловтың ерлігі ешқашан ұмыт қалмайды. Ол соғыстан кейін жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге атсалысты. Батырдың өмір жолы — отансүйгіштік пен қайсар рухтың үлгісі, - деді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин.
Қайырғали Смағұловтың көзін көргендердің қатарында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов те бар. Батырмен жасөспірім кезінде кездескен.

— Қайырғали ағамыз өзінің ерлігі жайында сирек айтушы еді. Майдангер жолдастары жайлы әңгіме өрбітіп, Отанды қорғаудың маңызын баса айтатын. Үнемі жастарға жанашырлық көрсетіп, олардың санасына патриотизм, еңбексүйгіштік, борышқа адал болу сынды құндылықтарды сіңіруге ұмтылды, - деді М.Өтешов.
Ал ұлы Ұзақтың айтуынша, әкесі мейірімді әрі қарапайым болған. Балаларын адал болуға тәрбиелеген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Соғыс жылдарында Атырау мұнай өңдеу зауыты қалай салынғанын жазған болатынбыз.