Қазақ тарихына қызығушылық артып келеді – Жақсылық Сәбитов

Қазақ тарихына қызығушылық артып келеді – Жақсылық Сәбитов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы уақытта елімізде ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті. Ал ол тарихи зерттеулерді жандандырып, түрлі аңыздардан арылуға септігін тигізеді. Мұндай пікірді Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов білдірді.

Оның айтуынша, соңғы бірнеше жыл бойы елімізде ғылым мен тарих саласында қайта өрлеу байқалады. Дегенмен қазіргі уақыттағы проблема басқада жатыр. Ғалымдар бір-бірі үшін жазады. Яғни, олардың ғылыми еңбектерімен қарапайым азаматтар таныс емес. Сол себепті түрлі ғылыми зерттеулердің танымалдығын артыратын жобалар өзекті бола түсті.

«Түптеп келгенде бізде аңыз өте көп. Олар – жеке, қандай да бір рулық аңыздар. Қазіргі уақытта мемлекет тарихымызды өзектендіруге тырысып отыр. Қазақстанның академиялық тарихын жаңадан жазу басталды. Ол білімді өзектендіріп, осы уақытқа дейінгі оқулықтармен салыстырғанда жаңа оқулықтарды барынша өзекті әрі сенімді қыла түседі», - деді Жақсылық Сәбитов «Керей мен Жәнібек» комиксінің таныстырылымы аясында агенттік тілшісіне.

Осы орайда тарихшы нақты мысал да келтірді. Мәселен, осыдан он жыл бұрын ғалымдар қытай деректерінен 1447 жылы Керей мен Жәнібектің Қытайға елші жібергенін, онда өздерін Ілебалық қаласының билеушілері ретінде көрсеткенін анықтаған. Мұнан бөлек, 1453 жылы Керейдің Исфиджаб (қазіргі Шымкент аумағындағы Сайрам қаласы) қаласына билік құрғаны туралы мәлімет бар.

«Демек, 1465 жылы Керей мен Жәнібек Әбілхайыр ханнан бөлініп кетті делінген ескі парадигма жаңа деректермен түбегейлі күйреп отыр», - деді ол.

Оның айтуынша, ғалымдар жыл сайын жаңа фактілерді тауып жатыр. Сондықтан бүгінде бұл деректерді өзектендіріп, оларды Қазақстан тарихы оқулығына дер уақытында енгізу барынша өзекті.

Соңғы жаңалықтар