Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қазақ диаспорасы балаларының XIII Халықаралық олимпиадасы басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелде тұратын қазақ диаспорасының ерекше дарынды балаларын анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 20-24 маусымда Алматы қаласындағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы базасында «Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиетінен XIII Халықаралық олимпиадасын өткізеді.
None
None

Бұл туралы «Дарын» РҒПО баспасөз қызметі хабарлайды.

Олимпиаданың негізгі мақсаты - қазақ диаспорасы балаларының ана тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, мәдениеті мен өнері бойынша танымдық қабілетін дамыту, әлемнің әр елдерінде тұратын қазақ жастарының достық байланыстарына ықпал ету, қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгеру, мәдениетінің деңгейін көтеру және еліміздің тарихына, Қазақстанның қазіргі дамуына қызығушылықтарын арттыру болып табылады.

Қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өтетін олимпиадаға қазақ диаспорасының өкілдері тұратын мемлекеттердегі жалпы білім беретін мекемелердің дарынды балалары қатыса алады.

Биылғы олимпиадаға Иран, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Ресей Федерациясының - Самара,  Омбы және  Алтай өлкесі құрама командалары қатысады.

Олимпиада қатысушыларына экскурсиялар ұйымдастырылады.

Олимпиада 2 кезеңде өтеді.

Бірінші кезең - жазбаша; Екінші кезең - ауызша.

Олимпиаданың жеңімпаздары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің  I, II, III дәрежелі дипломдарымен, грамоталармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады. Барлық олимпиада қатысушыларына сертификаттар беріледі.

Олимпиаданың Салтанатты ашылуы бүгін  сағат 16.00-де  «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында өтеді.

 

Соңғы жаңалықтар