Қазақтілді робот аутизмді қалай емдеп жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Назарбаев университеттің (NU) инженері Анар Сандығұлова аутизм ерекшелігі бар балаларды жасанды интеллектіге негізделген робот терапиясы арқылы оңалту әдістемесін әзірлеген. Еңбегіне авторлық құқық рәсімдеп те үлгеріпті. Енді АҚШ пен Еуроодақтан патент алмақшы.

Қазақ тілді робот аутизмді қалай емдеп жүр
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Уәделі уақытта ғалымның жұмыс кабинетіне келгенбіз. Көп кешікпей өзі де жетті. Қолында қалың құжат. Осы жобаны жетілдіру үшін Оқу-ағарту министрлігінен грант алыпты. Енді сол ақшаның мақсатқа сай жұмсалып жатқанын дәлелдеу үшін ведомствоға есеп дайындап жүрген беті көрінеді.

- Министрліктен кезек алып кеткем. Сол жеткенше біраз уақытым бар. Сұрақтарыңыз болса, тездетіп қоя беріңіз, - деп бастады әңгімесін.

Әр уақыты санаулы адамды біздің де бөгейік деген ойымыз болмаған. Бірақ әңгіме қыза келе Анар Сандығұлованың сөзге сараң емес екенін аңғардық. Жарты сағатқа жоспарланған кездесуіміз 1 сағатқа созылды. Сол уақыттың ішінде аутизм дейтін ғылым әлі толық түсініп болмаған әлемнің біраз қалтарысын аралап қайтқандай болдық.

Алғашқы тәжірибе: Иығы шыққан, саусағы жұлынған роботтар

«Біз бұл жобаны 2018 жылы қолға алдық. Басында робот баламен қалай сөйлесу керек деген сұраққа жауап іздедік. Әр сөзді баланың құлағы, одан кейін миы қалай қабылдайтынын түсініп алу керек еді. Астанадағы республикалық оңалту орталығы бұл тұрғыдан бізге көп көмектесті. Сондағы балалар алғашқы роботтарымыздың тәлімгері болды десек дұрыс шығар. Тіпті сол орталыққа роботымызды құшақтаған күйі күн құрғатпай барып жүрген күндер болды. Тіпті орталық екінші жұмыс орнымызға айналған еді. Мұнда елдің бүкіл өңірінен балалар келетіндіктен 3 апта сайын жаңа балалар келіп отырады. Бұл бізге роботтарымызды әр түрлі баламен сынауға мүмкіндік берді. Арасында роботқа қол жұмсай кететін агрессивті, шалт мінезділері болды. Осылайша бағдарламамыздың алғашқы нұсқасын әзірлеп шығу үшін 5 роботты зақымдап үлгеріппіз. Бірінің саусақтары жұлынған, бірінің иығы шыққан деген сияқты. Шкафта жатыр әне».

Ғалым алғашқы тәжірибесін осылай еске алды.

Кейде тіпті туған әке-шешесінің өзі тілін табуға қиналатын ерекше балаларды робот несімен баурап жүр? Бәлкім құлтемірдің жалықпайтын, шаршамайтын, эмоцияға берілмейтін қабілеті бала дамуына таптырмайтын тәсіл шығар. Ғалыммен кездесер алдында осындай асығыс долбар ойлап үлгергенбіз. Мәселе біз ойлағаннан әлдеқайда терең болып шықты.

- Мұндай ерекшелігі бар балалар сабақтағы уақытының кемінде 50 пайызын айналасын зерттеумен өткізеді. Басқаша айтсақ, баланы сабақ үстеліне отыруға көндіру үшін ғана кемінде бүкіл уақыттың 50 пайызы кетеді. Сабаққа ден қоюы өте қиын әрі тұрақсыз. Ал бөлмеде робот пайда болған сәттен бастап баланың назары соған ғана ауады. Мұны сиқыршының таяғына ұқсатуға болады. Бір ғана тетікті сырт еткізіп басасың, баланың назары сабаққа ауады.

Маман роботпен жаттығуды сабақтың аяғына қалдыруы да мүмкін. Сабақ жоспарында басқа көрнекі құралдармен жұмыс істеу жазылған болса, солай істей алады. «Бәрі біткен соң роботпен жұмыс істейміз» деген сиқырлы сөзді айтса болғаны, - дейді Анар Сандығұлова.

Аутизмді емдейтін робот
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Көзіме тіке қара»

Айтуынша, кейде роботты бүкіл сабақ бойы пайдалануға болады. Басқаша айтсақ, маман үйретуі керек мазмұнның бәрін роботтың «аузымен» айтқызып, сіңіруге болады. Мұндай кезде бөлмеде роботтан басқа бала назары түсетіндей зат болмау керек. Екеуі еденде қарама-қарсы отырып, сұхбат құрады. Мұндағы басты артықшылық – баланың көз деңгейінде отырып әңгімелесу эффектісі.

«Роботқа сабақ жоспарына сай енгізілген бағдарлама бойынша түрлі ойындар ойнатуға болады. Мысалы, «Оң қолым қайсысы» деп сұрақ қояды немесе «Басымнан сипап көрші» деп өтініш айтады. Баланың әр дұрыс әрекетіне робот та жауап қатып, көңілді қимылмен, мақтау сөзбен ықылас білдіреді.

Бұл роботтардың көз сенсоры өте сезімтал. Баланың көзі көзімен түйіскен сәтте түсі бірден өзгеріп, баламен байланыс орнағанын сезе қояды. Ол өзгерістер балаға да айқын көрінеді. Ал балаға көзбен түсінісудің мәні зор. Роботты тірі дос ретінде қабылдай бастайды. Жалпы аутизм ерекшелігі бар балалардың көзбен түсінісу қабілеті нашар дамыған. Сол тұрғыдан алғанда робот - өте тиімді тәлімгер. Бізде бір қыз болды, жеті жасқа келгенше туған шешесінің көзіне қарап көрмеген. Роботпен 2-3 рет сабақ өткеннен кейін шешесінің де көзіне қарайтын болған. Сондағы шешенің қуанышын көрсеңіз ғой. «Балама не істеп едіңдер? Жеті жылда бірінші рет көзіме тура қарады ғой» деп қуанғанда бойымыздан ток жүріп өткендей күй кештік.

Аутист бала неге адам көзіне тіктеп қарамайды? Өйткені миы адамның көзін оқуды тым көп ақпарат деп қабылдайды. Ал роботтың көзінен өзара байланыстан басқа мазмұн болмағандықтан көз тоқтатып үйренуге жеңіл. Бұл жерде біздің роботтардың бет-әлпетінің жоқ болғаны да маңызды. Күрделі мимика, жест те жоқ. Ауыз қуысы мен көзінен басқа ештеңе жоқ.

Тілі шықпай жүрген балалардың роботпен сабақ өткеннен кейін сөйлей бастаған сәттері көп. Тіпті 6 жасында өмірінде алғаш айтқан сөзі «робот» болған бала болды. «Мама», «папа», «ата» емес, «робот» деп бастаған».

Тәлімгер де өзі, журнал да өзі, күнделік те өзі

Бұл – робот техникасы емес, робот терапиясы. Көбі солай шатастырып жатады.

«Робот техникасы болу үшін бала роботпен жұмыс істеу керек. Ал бұл жерде робот баламен жұмыс істейді. Біздің жағдайда бала роботқа мазмұн бермейді, робот балаға мазмұн береді. Басқаша айтсақ, баланы әлеуметтің бір бөлшегі етуге қолданамыз. Қазіргі балаларды классикалық жаңылтпаш пен санамақпен қызықтыру қиын. Сондықтан орыстың «фиксикиін», қазақтың «Әжешайын» енгізіп қойғанбыз. Робот баланың көңілін сондай әндермен аулайды.

Баланың роботпен өткен сабақта нені игеріп, неге машықтанғанын күнбе-күн біліп отыруға болады. Ол үшін арнайы интернет порталымыз бар. Сол жерден баланың сабақ кезінде неше рет қолмен контакт жасағанын, неше рет көзбен түсініскенін, неше рет көзін басқа жаққа аударып әкеткенін, неше рет жымиғанын, бәрін сараптап, талдап береді. Бір сөзбен айтқанда, баланың әрбір әрекеті компьютерге жазылып жатады. Соның негізінде «сабақтың 70 пайызында баланың жүзінде жымию белгісі болды» немесе «бала сабаққа 80 пайыз ден қойды» деген сияқты нақты статистика шығады. Маман осы статистикалық кесте арқылы баланың даму қарқынын, сабақты меңгеру көрсеткішін нақты түсіне алады. Мұндай мүмкіндік педагогикада өте маңызды. Тіпті тәжірибелі мұғалімнің өзі баланың сабақтағы әрекетін осыншалық дәлдікпен таразылай алмайды. Ал мұнда жасанды зейін оның бәрін нақты есептеп шығарады. Күн сайынғы статистиканы бір айдан кейін немесе 3 айдан кейін, бір жылдан кейін салыстырып, қаншалықты ілгерілеу немесе кері кету бар екенін көре аламыз. Компьютер адам емес қой, көргісі келгенін немесе аңғарғысы келгенін ғана аңғармайды. Оның жинақтайтын статистикасы барынша объективті. Баланың дамуын осыншалық деңгейде бақылаудың мүмкіндігі бұрын-соңды болмаған шығар».

Ғалым баламен робот арқылы жұмыс істейтін мамандардың өзін де оқыту керектігін айтады.

- Өйткені жоғары білім алғанда бұларға ондай машық үйретілген жоқ. Роботты бірінші рет «тірідей» көріп, қолмен ұстап тұрған болуы мүмкін. Жеті қалаға робот әзірлеп бердік дедік қой, соның бәрінде мамандарды нөлден бастап үйреттік. Роботтың ІР мекенжайын анықтаудың өзіне қиналған мамандар болды. Мысалы, Тараз қаласындағы орталық тұрған жерде ұялы байланыстың өзі жоқ болып шықты. Бар мұнараны алғызып тастаған көрінеді. Орталықтың компьютерін интернеті бар жерге апарып, бүкіл бағдарламаны сол жерде орнатуға тура келді. Мұндай жағдайда роботты интернетсіз-ақ жұмыс істей беретіндей етіп бейімдеу керек болады. Оның бәрін меңгермесе, робот сатып алудың пайдасы да болмас еді, - дейді ол.

Әке даусы

«Роботқа бағдарлама жазғанда бүкіл әдістемелік дүниені ағылшын, орыс тіліндегі базалардан алғанбыз. Шымкент, Жамбыл сияқты өңірлерге бұл жарамсыз еді. Сондықтан роботымыз қазақша сөйлеу керек болды. Оның өзінде бала түсінетіндей етіп қазақшалауға тырыстық. Ата-анасы қазақ тілді деп есептейтін кейбір баланың негізгі ақпараттың бәрін орысша тұтынатынын көрдік. Сөйтсек, бала үйде қазақша сөйлескенімен, онымен жұмыс істейтін маман орысша сөйлесетін болып шықты. Бұл баланы өзін дамытумен байланысты ақпараттың бәрін орысша тұтынуға бейімдеп жіберген.

Баланы робот арқылы жетелеу үшін белгілі бір бағдарламаны роботқа орнату жетіп жатыр десеңіз, қателесесіз. Әр балаға жеке әдістеме керек. Мысалы, бір бала роботты ер адамның даусымен сөйлегенде ғана қабылдады. Сөйтсек, оның сабағына, жалпы дамуына әкесі жауапты екен. Отбасында сондай шешім қабылданған болып тұр ғой. Жұмыстан келе салып, баласын дамытумен машықтанған. Бала осыған бой үйреткені соншалық, робот оған бала даусымен, әйел даусымен сөйлескенде дұрыс қабылдамай қойған».

Павлодар, Қостанай, Өскемен, Ақтөбе, Шымкент, Талдықорған, Тараз. «Қамқорлық» корпоративтік қоры осы жеті қаладағы аутизм ерекшелігі бар балаларды оңалтатын жеті орталыққа 14 робот сатып әперген.

- Орталықтар роботты өздері сатып алып, кедендік рәсімдерін де өздері реттейді. Біз тек бағдарлама жазып, баламен жұмысқа бейімдеп береміз, - дейді инженер.

Бұл орталықтарда 300-дей бала оңалтуға жазылған.

Тіпті Астанадағы республикалық орталықтың өзінде мұндай роботтар жоқ. «Қамқорлық» қоры игілікті астанадан бұрын өңірлер көру керек деген қағидатпен жұмыс бастаса керек.

Аутизмді емдейтін робот
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Бүгін роботпен жұмыс істейтін күнің ғой»

«Бір көрмеге роботтарымызды апардық. Бәріне ұнайды, бірақ бағасын естігенде басылып қалады. Банк арқылы бөліп төлесек болмай ма, деп сұрап жатады. Сол үшін енді осылардың негізінде өз роботымызды құрастырып жатырмыз. Бұған дейінгілерінің бірін Франциядан, бірін Люксембургтен, үшіншісін Швециядан алдырғанбыз. Елдегі 20 орталықтың жетеуі бізден осы роботтарды сатып алды. Қалғандарының қалтасы көтермегендіктен қазақстандық нұсқасын құрастыруды жөн көрдік. Сол үшін роботтың материалы мен дизайнын мейлінше тиімді етіп жасау керек. Басқа орталықтар да бағасы 1 млн теңгенің айналасында болса, алатын едік деп отыр.

Мұндай орталықтардың кейбірінде маман тоқтамайды. Өйткені айлық тым аз, ал жұмыс өте көп. Мысалы, Павлодарда солай. Бір ай болмай кетіп қалып жатыр. Сондықтан ол жердегі роботтың жұмыс істегенінен бос тұрған сәті көп. Астанадан адам тауып жіберсек пе деп отырмыз.

Оқу-ағарту министрлігі осы жобаның нақты нәтижесін тексеру үшін бізге грант бөлген. Сол грант аясында робот көмегімен бала оқытудың бүкіл data-сын жинақтап жатырмыз. Тура 1 шілде күні роботқа жазатын бағдарламамызды жаңарттық. Бұл бағдарлама жұмыс барысында бізге қажет бүкіл педагогикалық, психологиялық, эмоционалдық мәліметтің бәрін жазып отырады. Бұған дейін бала мен роботтың өзара әрекет еткен уақытын ғана есепке алсақ, енді тұтас бір кешенді data жинақтаймыз. Қажетті data қоры қалыптасқан кезде статистикалық талдау жасаймыз. Соның негізінде қай балаға қандай робот керектігін нақтылаймыз. Мысалы, Астанадағы республикалық оңалту орталығының зерттеулері гипер белсенді балаларға мейлінше қысқа сөйлейтін робот керек дейтін қорытынды шығарған екен. Сондықтан роботты әр балаға, әр сабаққа жеке дайындау керектігін түсіндік. Баланың даму статистикасын жинақталған data арқылы бағамдап, келесі сессияда робот қандай контентпен бару керектігін айқындауға болады. Қысқартып айтқанда, әр баламен өтетін әр сабаққа осындай тыңғылықты, тынымсыз дайындық керек.

Жинақталған data-ны орталық мамандары біз жасаған арнайы платформаға өз компьютерлерінен кіріп, көріп отырады. Тіпті платформаның алгоритмі маманға баланың кодын енгізген бойда келесі сабақта қандай контент ұсыну керектігін айтып, жөн сілтей алады. «Бүгін бұл балаға ертегі қоспай-ақ, қойғаныңыз дұрыс. Одан да қозғалысқа негізделген ойын ойнатыңыз» деген сияқты сигнал беріп отырады. Мұндай деректер базасы орталықтарға жаңадан келген мамандардың жылдам үйреніп кетуіне де жақсы.

Дегенмен статистиканың жинақталғанын күтіп отырмай, ата-аналармен, мамандармен сұхбат түріндегі сауалнама жүргіздік. Бірақ мұның бәрі адами аңғарымдардың негізінде жасақталған data ғана. Ал робот жазатын data нақты статистика болады. Ол data-ны ғылыми тұжырым жасауға да, әдістемеге де қорықпай пайдалана аламыз.

Сұхбат берген ата-аналардың көбінің айтуынша, орталықта робот бар екенінің өзі балалардың сабаққа келуге деген құлшынысын арттырған. Бұрын баланы таң бозынан оятып, орталыққа баруға көндіру өте қиын болса, робот пайда болғаннан бері бұл процесс жеңілдеген. «Бүгін роботпен жұмыс істейтін күнің ғой» деген жалғыз ауыз сөз баланы төсектен атып тұрғызатын болған».

Анар Сандығұлова
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Ғалымның арманы

Анар Сандығұлованың негізгі лауазымы - робот техникасы факультетінің инженері. Бірақ балаларды робот көмегімен дамыту тақырыбында диссертация қорғаған. ЖИ көмегімен бала дамытуға арналған алгоритм жазу үшін педагогика мен психологияны да өз бетімен меңгеруіне тура келіпті.

- Тіпті өз баласына жеке робот сатып алғысы келген ата-аналар кездесті. Бірақ ондай ұсыныстардың бәрі әзірге сөз жүзінде қалып жатыр, - дейді ғалым.

Орталықтар бір роботты орта есеппен 3 млн теңгеге сатып алатын көрінеді. Ал NU ұсынатын бағдарламалық жетек 300 мың теңге тұрады.

- Осы бағдарламаны өзіміз жасаған роботқа жазатындай күн туса екен деп армандаймын. Өз роботымызды құрастырып жатырмыз дегенім - сол арманның жолындағы әрекет қой. Қазір ірі қалалардағы тұрғын үй кешендерінің астында тіл үйрету орталықтары, когнитивті үйірмелер баршылық. Отандық робот болса, сондай орталықтар да роботпен жұмыс істей алар еді. Өйткені бағасы шетелдік баламасынан әлдеқайда арзан болады. Тек аутизм ерекшелігі бар балаларға ғана емес, қалыпты балаларға арнап та алгоритм жазуға болады. Бұл орталықтардың жұмысын жеңілдетіп, еңбек өнімділігін арттырады, - дейді ол.

Жобаға Үкіметтің де назары ауып отыр. Бірақ...

- Премьер-министр жобамызды көргенде Денсаулық сақтау министрлігіне біздің тәжірибемізді бүкіл республикаға масштабтауды тапсырған. Әзірге меморган оған қаржы таба алмай жатқан сияқты.

Қазақстан бойынша аутизм ерекшелігі бар балаларды оңалтумен айналысатын 57 орталық жұмыс істейді. Бірақ бұл - ресми мәлімет емес, өзіміз 2GIS, Google карта арқылы санап шықтық. Соның жетеуінде ғана роботпен оқыту әдістемесі қолданылады.

Өзбекстаннан, Әзербайжаннан хабарласып жатқандар бар. Нақты ұсыныспен келсе бағдарламасын басқа тілдерге аударып шығу соншалық қиын шаруа емес, - дейді жоба авторы.

Әзірге бұл - зерттеу жобасы ғана болып есептеледі. Дегенмен 300 баланы қамтитын 7 орталықта сәтті жұмыс істеп тұр. Ал жаппай таралу үшін қарапайым қазақстандықтар да сатып алатындай, бағасы қолайлы коммерциялық жобаға айналу керек. Назарбаев университеттің ғылыми жобаларды коммерцияландыру қоры коммерциялық деңгейге шығаратын ақша іздеп жатқан көрінеді.

- Қазақстанда авторлық құқығымызды рәсімдегенбіз. Енді америкалық және еуропалық патент алсақ деп отырмын. Назарбаев университетінің коммерцияландыру қоры патенттеу мәселесінде көмектесіп жатыр. Өйткені шетелде патент тіркеу үшін сондағы заңгерлерді жалдау керек, - дейді Анар Сандығұлова.

Соңғы жаңалықтар