Қазақ тілін үйренуге ниет білдіргендер арасында 78 жастағы апа да бар — Василий Березовский
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Василий Березовский Өскемендегі Оралған Бөкей атындағы кітапхананың «Кел сөйлесейік» қазақ тілді клубында сабақ беріп жүр. Оған оқушылар ғана емес, зейнеткерлер де келіп, мемлекеттік тілді меңгеріп жатыр.

— Өзім Талдықорған қаласының тумасымын. Аулада қазақ балаларымен бірге ойнап жүріп өстік. 7 жасымда Өскеменге көшіп келдім. Бірақ маған мектепке дейін ереже бойынша қазақша қалай дұрыс сөйлеу керектігін ешкім үйретпеді. Септіктердің қалай екенін мұғалімдерден ұқтық қой. 9-сыныптан бастап 3 жыл бойы қатарынан қазақ тілінен қалалық олимпиададан бірінші орын алдым, — дейді Василий Березовский.
Оның Оралған Бөкей атындағы кітапхананың «Кел сөйлесейік» қазақ тілді клубында сабақ беріп жүргеніне 2 жылдан асты.
— Сабақта ауызекі қазақ тілін үйретемін. Дүкенде сатушымен, таксиге отырғанда жүргізушімен сөйлесуден, көшеде адасып қалғанда мекенжайды сұраудан бастаймыз. Өзім шоумен болғандықтан әзіл қосып, қызықты өткізуге тырысамын. Барлығы 20-дан астам адам келеді. Олардың арасында мектеп оқушылары, түрлі салада жұмыс істейтін азаматтар мен зейнеткерлер бар. Ең егде жастағы клуб қатысушысы — 78 жаста, — дейді тіл клубының оқытушысы.
Өз сөзінде ол қазақ тілін білгеннің пайдасы өте мол екендігін, қоғамға, түрлі ортаға еркін сіңісуге, жаңа достар табуға мүмкіндік жасайтынын атап өтті.
— Жалпы, бірнеше тіл білген адам ең әуелі өзін дамытады. Қазір мен орысша сөйлегенде де кей сөздерді байқамай қазақша айтып жіберемін. Қасымдағылар түсінбей қалады. Бірде орыс досыма «жетеді, жетеді» деп жатсам «что говоришь?» дейді. Сол кезде «хватит» дегенді еске түсіре алмай, біршама тұрып қалғаным бар (күлді). Сауда үйлеріндегі, дүкендердегі сатушылармен қазақша сөйлескенімде олар үнемі жылы шырай танытып, күлімдеп, өзім туралы сұрап жатады, — дейді Василий Березовский.
Еске салсақ, осыған дейін Ресейден көшіп келген Алена Свириденко Марқакөлде қазақ тілінен сабақ беріп жүргені жайлы жазғанбыз.