Қазақ ұлттық хореография академиясы TÜRKÜNİB құрамына енді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ ұлттық хореография академиясы Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен жұмыс істейтін Түркі мемлекеттері университеттері одағына (TÜRKÜNİB) мүше болды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
— Академияның халықаралық бірлестікке қосылуы академиялық ұтқырлықты дамытуға, білім беру және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ түркі әлемі жоғары оқу орындары арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған, — деп атап өтті министрлік.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері кеңесінің саммитінде ортақ білім беру кеңістігін қалыптастырудың және түркі елдерінің студенттері мен оқытушылары арасындағы академиялық алмасуларды қолдаудың маңызын атап өткен болатын.
Айта кетейік, TÜRKÜNİB құрамына Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Мажарстанның 170-тен астам жоғары оқу орны кіреді. Одаққа Қазақстан тарапынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті және басқа да жоғары оқу орындары мүше.
Осыдан бұрын жапон балет мектебінің оқушылары Қазақ ұлттық хореография академиясында дәріс алғанын жазған едік.