Қазақ жылқы шаруашылығы институтын салатын жер әлі табылмады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Былтыр Ақтөбеде жылқы шаруашылығы институты құрылып, құжаттары биыл ғана рәсімделді. Институт Ақтөбе қаласында орналасып, онда 100-ден астам адам жұмыс істейді. Kazinform тілшісі жобаның қалай іске асырыла бастағанын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айсұлтан Кеңбейіловтен сұрап білді.

Лошадь, Жылқы
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

— Өткен жылы Ақтөбеде жылқы шаруашылығы институтының құрылғаны белгілі. Жаңа институт құрылды, қазір қандай жұмыс атқарылып жатыр?

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды. Сол тапсырмаға сәйкес былтыр қараша айында Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру институты құрылды. Бұл бұрынғы Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының негізінде жұмыс істейді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарайды. Үлестің 51% осы орталыққа, ал қалған 49% Ақтөбе облысы әкімдігіне тиесілі. Оның ішінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жауапты. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы ғылыми жұмыстарға, жергілікті атқарушы орган материалдық-техникалық база мен оны қамтамасыз етуге жауапты. Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының базасында ашылған соң алдымен сол мекеменің бережағы (мекеме бережағы 70 млн теңгеге жеткен-ред.) түгел демеуші есебінен өтеліп, мүлік кепілден шығарылып, алым-берім жасалды. Бұл жұмыс алты айға созылды.

— Ендігі қадам…

— Қазір Жол картасы бекітілді. Жол картасында 50-ге жуық ереже бар. Енді институттың штат кестесі анықталып, жұмысты жетілдіре түсеміз. Әзірге жер телімнің қай жерден бөлінетіні нақтыланып жатыр. Интитут болған соң онда әкімшілік ғимараты, ипподром, ғалымдарға арналған тұрғын үй, зертханалар орналасады. Жылқыға арналған қора болады, сәйкесінше жылқы да сатып алынады. Бәлкім ипподром орналасқан аумақ таңдалады немесе тың жер бөлінеді. Үлкен кешеннің жұмыстарына демеушілер қаржысы да тартылады. Тек институт аумағында емес, шаруашылықтарда ғылыми зерттеу жүреді. Ол үшін алдын ала келісім жасалады.

а
Фото: Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметі

— Институтта қандай жұмыстар атқарылады?

— Мақсат — қазақ жылқысының тұқымын сақтап қалу, жетілдіру, тіркеу. Сонымен бірге генетикасын зерттеу, шаруашылықты оң жолға қою. Күріш Қызылордада, мақта Түркістанда, астық еліміздің солтүстігінде болса, қазақ жылқысының отаны осы Ақтөбе облысы болады.

— Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру институтында 100-ден астам адам жұмыс істейді деп айттыңыз. Ғылыми қызметкер саны қанша болмақ?

— Институтта төрағасы, оның екі орынбасары, 30 ғылыми қызметкер болады. Барлығы 108 адам жұмыс істейді.

— Қазір облыста қанша жылқы бар? Асыл тұқымды жылқы өсіретін шаруашылықтар бар ма?

— Қазіргі уақытта 400 мың басқа жуық жылқы бар. Оның 11 мыңы асыл тұқымды. Мұғалжал жылқысы 7300 бас, қазақы жабы 2600-ден асса, Көшім жылғысы 1400-ден жоғары. Алдағы уақытта институтта 80 бас жылқы болады. Оны жер-жерден әкеліп, зерттейді. Зерттеуге қажетті жылқының бәрі орталықта болмайды. Шаруашылықтардағы жылқыны да зерттейді. Ғалымдар еліміздің әр түкпірін аралап жүріп жұмыс істейді. Ақтөбедегі институт бәрін ұйымдастыратын орталыққа айналады. Шығыс, солтүстік, оңтүстік, батыстағы жылқы тұқымының бәрін зерттеуге алады.

Айта кетейік, былтыр қарашада Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жылқы шаруашылығы институтын ашуды тапсырған еді. 

Оны орындау мақсатында Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының негізінде «Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС құрылды.

Соңғы жаңалықтар