Kazakh Tourism бюджеті екі есеге қысқарды, туристер ағыны азайып қалмады ма

АСТАНА. KAZINFORM — «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы компанияға бөлінген қаражаттың қаншаға қысқартылғаны және тиімділігі жөнінде тілшілер сұрағына жауап берді.

Kazakh Tourism бюджеті екі есеге қысқарды, туристер ағыны азайып қалма ма
Фото: Алматы әкімдігі

− Биыл бөлінген қаражат тағы 20 пайызға қысқартылды. Дегенмен, біздің ойымызша бұл қаражат жетіспейді, себебі оның негізгі бағыты — Қазақстанды шетелге танытып, сол арқылы көбірек турист тарту. Қазіргі қолда бар бюджетпен жылына 3-4 көрмеге қатысып, Қазақстанның туристік операторларын біріктіріп, жаңа серіктестерін тауып, көптеп турист әкелуге ықпал етеміз. Екіншіден, түрлі әлеуметтік желіде Қазақстан туралы ақпаратты көбейту жұмысы бар. Мұның барлығы жылдан-жылға үзбей істелетін жұмыс. Себебі әлемдік бәсекені қарасақ, көршілес елдердің маркетингтік шығыны 3-4 есе, кей елдерде — 10 есе көп. Бұл әлемнің туристік картасындағы бәсеке болғандықтан, ондағы қабілетімізді арттыру маңызды, − деді Даниел Сержанұлы Үкімет үйінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, бюджет қаражаты нақты мақсаттарға және нақты бағыттарға жұмсалады. Мысалы Қытай, Үндістан, Жапония, Малайзия, Еуропадағы Германия, Италия, араб елдерінде жарнама жүргізілген. Нәтижесінде бұл елдерден келетін туристер саны жылдан-жылға өсіп келеді.

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, биыл «Kazakh Tourism» бюджеті 1,2 млрд теңге болды. Ал 2019 жылы 3,2 млрд теңге болған.

− Басқа елдермен салыстырсақ, Өзбекстанда маркетингтік жарнамаға 9 млн доллар, Қырғызстанда 12 млн доллар, Әзербайжанда 32 млн доллар, Грузияда — 86 млн доллар жұмсалады. Демек біздің бюджетіміз басқа елдерден әлдеқайда төмен, бірақ соған қарамастан нәтижелеріміз шамалас. Былтыр Өзбекстан 10,2 шетелдік туристі қабылдады, олар шекарадан өткен шетелдіктің бәрін турист деп есептейді. Ал біз жұмыс мақсатымен келгендерді қоспағанда, елімізде бір тәуліктен көп уақытқа қалған туристеріміздің өзі — 10,4 миллион. Демек, біздің маркетингке бағыттаған бюджетіміз өте аз, бірақ тиімділігі жоғары, − деді Ержан Еркінбеков.

Айта кетейік, Туризм және спорт вице-министрі Қазақстандағы демалыстың қымбаттығын бәсекенің жоқтығымен байланыстырған еді.

Соңғы жаңалықтар