Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің өсімі 6%-ға жетті — ҰЭМ

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің 2025 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік–экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

рост ВВП
Фото: freepik

Ұлттық статистика бюросының болжамды деректеріне сәйкес, биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 6%-ды құрады. Экономиканың негізгі салаларында: көлікте (22,4%), саудада (7%) даму қарқынының артқаны байқалады. Өсім ауыл шаруашылығы (3,9%) және байланыс (2,6%) салаларында да тіркелді.

Көлік саласындағы өсім саланың жалпы көлеміндегі үлестері тиісінше 20,5% және 19,6%-ды құрайтын темір жол және құбыр көлігімен жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтер көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Жоғары динамика Түркістан (21,8%), Жамбыл (11,2%) және Абай (14,9%) облыстарында тіркелді.

Құрылыс саласында нақты жұмыс көлемінің индексі 16,2%-ды құрады. Сонымен қатар құрылыс кезеңін ескере отырып, жұмыстарды орындау қарқынын арттыру және жобалар құнының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті жерлерде қажетті үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.

леуметтік–экономикалық даму
Фото: Үкімет

— Сауда саласы бірінші тоқсандағы 6,3%-ға қарағанда 7% тұрақты өсуді көрсетті. Көтерме сауда көрсеткіші 7,4%-ға, бөлшек сауда көрсеткіші 6,1%-ға дейін өсті. Бірқатар өңір: Түркістан облысы — жемістерді, көкөністерді, фармацевтикалық тауарларды сататын кәсіпорындар есебінен 60,4%; Ақмола облысы — астықты, тұқымдарды және мал азығын сататын кәсіпорындардың арқасында 44%; Шымкент — дизель отынын, фармацевтикалық тауарларды, қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарды сататын кәсіпорындар есебінен 19,8%-ға жоғары өсімді көрсетті, — делінген хабарламада.

Әлеуметтік–экономикалық даму
Фото: Үкімет

Өнеркәсіпте өндіріс индексі 6,4% жетті. Өсім тау-кен секторында — 7,1%, атап айтқанда көмір өндіруді ұлғайту есебінен (11,2%) байқалып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 7,2% құрайды, оның ішінде тамақ өнімдерін өңдеу (12%), темекі өнімдерін (26,3%), химиялық өнімдерді өндіру (11,2%) және машина жасау (11,2%).

Ауыл шаруашылығы оң динамиканы көрсетіп келеді. Жалпы өнім индексі қаңтар-сәуір айларында 3,9%-ды құрады.

Әлеуметтік–экономикалық даму
Фото: Үкімет

Үкімет Президенттің еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының сапалы іске асырылуын бақылауда ұстайды.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов елімізде жалпы ішкі өнімнің мұнайдан тыс салалар есебінен де өсіп жатқанын айтты.

Соңғы жаңалықтар